Жарнама
Жарнама

Вагнер Лав: «Қайраттың» екі футболшысы басқа чемпионатта ойнай алады»

26.11.2021, 17:45
Вагнер Лав өзінің болашағына қатысты да пікір білдірді.
Жарнама
Жарнама

«Қайраттың» бразилиялық шабуылшысы Вагнер Лав Конференция лигасының топтық кезеңіндегі «Базельмен» болған ойын (2:3) туралы пікір білдірді, сондай-ақ Алматыдағы қоштасу ойынындағы эмоцияларымен бөлісті, басқа чемпионатта ойнауы мүмкін қазақстандық футболшылардың есімдерін атады және өзінің болашағына қатысты айтылып жүрген қауесеттерге жауап берді. 

- Қайырлы кеш! Менің ойымша, біз бүгін өте жақсы ойын өткіздік. Біздің гол соғатын мүмкіндіктеріміз жеткілікті болды. Өкінішке орай, оң нәтижеге қол жеткізе алмадық. Бірақ, бапкер айтқандай, бізді алда маңызды матч – Қазақстан кубогінің финалы күтіп тұр. Біздің қазіргі міндетіміз – осы ойынға жақсылап дайындалып, трофейді жеңіп алу үшін бар күшімізді салу.

- Жанкүйерлер баннер көтеріп, қошемет көрсеткенде қандай сезімде болдыңыз?

- Мен өте риза болдым. Әрине, Орталық стадионда барлығымен жеңісті ойыннан кейін қоштасқым келді. Бүгін стадионға келіп, бізді қолдағандардың барлығына алғысым шексіз. Тек бүгін ғана емес, осы маусымда келгендердің барлығына рахмет! Ойыннан кейін айтқанымдай, «Қайрат» менің жүрегімде мәңгі сақталады! Мен бұл жерден қаншалықты алыс болсам да, әрқашан осы клубты қолдаймын.

- Біздің чемпионатта бір жарым жыл ойнадыңыз. Ел біріншілігіндегі қазақстандық ойыншылардың қайсысын ерекше айтар едіңіз? Сіздің даңқты жолыңызды кім қайталай алады?

- Мен өз клубым туралы ғана айта аламын, өйткені мен олармен күн сайын жаттығуда кездесемін. Ян Вороговскийді үлкен потенциалға ие деп білемін. Гафуржан Сүйімбаев өте сапалы және ақылды ойыншы. Мен осы екі ойыншыны басқа чемпионатта ойнай алады деп есептеймін. Сапасы бар басқа да жас футболшылар бар. Ең бастысы, олар футболшы болып өсулері үшін лайықты түрде еңбек етуі қажет.

- «Қайраттың» алдағы уақыттағы әлеуетін қалай бағалайсыз? Команда Чемпиондар лигасының немесе Еуропа лигасының топтық кезеңіне өте ала ма?

- Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығу үшін өте ұзақ жол жүру қажет. Клубта барлығы бір бағытта жұмыс істеуі үшін өте жақсы үйлесімділік, мықты адамдар болуы керек. «Қайрат» осы бағытта жүрсе, Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнау мүмкіндігіне ие болатынына сенімдімін.

- Андрей Аршавин мансабын аяқтап жатқанда «Қайраттың» футзал командасымен бірге жаттығу жасағысы келетінін айтты. Сіз Игитамен, Дугласпен сөйлесесіз бе? Футзалда бағыңызды сынап көргіңіз келе ме?

- Тек жолдастық ойын болса ғана, өйткені олар үздік ойыншылар. Әрине, мен олармен араласамын. Игита бүгін стадионда болды, ол біздің матчымызды көруге, бізді қолдауға арнайы келді. Бірақ футзалға барып, олармен ойнау маған өте қиын болады. Ол үшін жаттығу керек, адаптациядан өту қажет. Игита менің «Қайрат» футзал клубында ойнауға мүмкіндігім бар екенін айтады. Бірақ әзірге футболды тоқтатып, футзалға ауысу ойымда жоқ. Әзірге мен оларға тек қана жанкүйер боламын.

- Мәскеулік ЦСКА-ға қайта оралуыңыз мүмкін деген қауесетке қатысты қандай пікір айтасыз?

- Мен үшін бұл да жаңалық. Бұл туралы бірінші рет сізден естіп тұрмын. Мен ештеңе білмеймін, бұл туралы естіген жоқпын.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров