«Тараздың» бас бапкері Вардан Минасян клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында «Қызыл-Жармен» өткен ойын (2:2) туралы пікір білдірді:
- Вардан Размикұлы, «Тараз» есепте алда тұрып, жеңісті сақтай алмауда. Мұны психологиялық мәселе деп айта аламыз ба?
- Мұнда психологиялық және физикалық мәселе бар. Мен бұған дейін команданы қайтадан қалыпқа келтіру керек екенін айтқан болатынмын. Бұл үшін алдағы үзіліс өте пайдалы болмақ, бұл қалыпқа келуге және көңіл-күйді жақсартуға мүмкіндік береді.
- Командаға әлі де болса физикалық дайындық жетіспейді деп айтуға бола ма?
- Жоқ, команда физикалық тұрғыдан жақсы дайындалған. Егер бұл туралы айтатын болсақ, онда біз соңғы бірнеше ойынға талдау жасауымыз керек. Мысалы, «Астана» және «Тобылмен» өткен ойындарды алайық, екі матчтың да екінші таймында команда қозғалысын арттырып, мінез көрсетті. Содан кейін біз Атырауға өте қиын сапар жасадық, қиын ойын болды және төрт күннен кейін «Жетісуды» қабылдадық. Біз бұл екі ойында шынымен сәтсіздікке ұшырадық, және сенімділікті жоғалттық, бұл біздің ойынымызға әсер етті.
«Қызыл-Жармен» өткен ойында біз сапалы ойын өрнегін көрсеттік. Екінші таймда есеп 2:0 болған кезде жақсы мүмкіндігіміз болды, есеп 2:1 болған кезде және есеп теңескен сәтте біз жүз пайыздық мүмкіндікті пайдалана алмадық, ал он адаммен қалған кезде, қақпашымен жеке-дара шығып гол соға алмадық.
Бірақ қорғаныс соңына дейін шыдай алмады... Концентрацияны жоғалтып алды және жеке қателіктер болды. Ойын соңында команда шынымен де шаршады, өйткені Петропавлға жету үшін бізге көп уақыт қажет болды. Шымкент, Астана, автобуспен жеті сағат жүрдік. Біз таңғы сағат төртте келдік. Себебі, Петропавлдағы әуежай жабылып қалды. Ал футболда ұсақ-түйек нәрсе болмайды. Нәтижеге әсер ететін көптеген факторлар бар. Бірақ, ең бастысы, біз әрқашан командадан бар күшін салып, әр ойында күресуін талап етуіміз керек.
- Сіз команда шаршады дейсіз бе? 12 күндік үзіліс команда үшін пайдалы болар ма еді?
- Енді біз біраз демаламыз, физикалық жағдайымызды түзетеміз, қателіктерімізді талдаймыз. Келесі ойынға дейін командада жаңа шабуылшы болады деп үміттенемін және біз алғашқы 8-9 турдағыдай ерекше рухпен ойнаймыз.
Біздің серіктес: FONBET