«Тараздың» бас бапкері Вардан Минасян клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында Қазақстан Премьер-лигасының екінші турында «Қызыл-Жарға» (0:0) қарсы өткен матч жайлы пікір білдірді:
– Вардан Размикович, бүгінгі ойында көңіліңізден шықпаған сәттер болды ма?
– Алғашқы таймда ойыншыларда біраз қобалжу болды, керек емес жерде көп қателесіп жатты. Қарсыласқа өз қақпамыздың алдында қауіпті шабуылдар жасауға мүмкіндік беріп қойдық. Екінші бөлігінде ойынымыз жақсарды, дегенмен қысымды одан да жоғары жасау керек еді. Өйткені біздің жасағанымыз тек тең нәтиже алып келді. Ал бұл ойында бізге керегі жеңіс еді. Өйткені біз алаңға шыққанда тек жеңісті ойлауымыз керек. Жалпы гол салатын 3-4 мүмкіндігіміз болды.
Екінші жағынан қарасақ, біз ойнаған алаңда өз ойымызды жүзеге асыру да оңай болмады, алаң өте жұмсақ және оның бетімен допты тезірек жүргізу мүмкін емес.
– Бұрыштамалар көп болғанымен нәтиже болмады...
– Біз жаңадан құрылып келе жатқан командамыз – бірге жұмыс жасап жатқанымызға бір жарым ай ғана болды. Негізінде, жаттығу кезіндегі дайындығымыз босқа кетіп жатқан жоқ. Бірақ бізге ойынды дамытып, алға қарай жылжу керек. Егер біз қалағанымыздай ойнасақ, ұпайлар да міндетті түрде келе бастайды.
– Алаңға негізгі құрамда шыққан жас ойыншыларға қандай баға бересіз?
– Менің ойымша, оларды жас ойыншы деп атаудың қажеті жоқ. Қазақстанда 20-21 жас – бұл алаңға негізгі құрамда шығуға жеткілікті. Олар 17 жасар бозбалалар емес қой. Бұл жаста кез-келген қарсыласпен тең дәрежеде ойнауға болады. Бүгінгі ойында олар жақсы ойнады деп ойлаймын. Мұхамеджан Сейсен ұлттық құрамаға, Абылайхан Жұмабек – жастар құрамасына шақырту алды, бұл олардың ойын дәрежелерін көрсетеді. Алайда оларға әлі де өсу керек. Себебі бір матч екіншісіне ұқсамайды – олардың әртүрлі нәтиже көрсетуі де ғажап емес. Дегенмен біздің ойыншылардың дамуға деген құлшыныстары мол.
Біздің серіктес: FONBET