Қызылорданың “Қайсары” биылғы маусымды сәтсіз бастап, жанкүйерлерін жерге қаратып отыр. Сегіз тур өтсе де, “Қасқырлардың” қанжығасына әлі бірде-бір жеңіс байланбаған. Клубтың бұрынғы бас бапкері Виктор Кумыков команданың қазіргі мүшкіл халіне қатысты өткір пікір білдіріп, елді елең еткізді, деп хабарлайды Aladop.kz.
Кумыковтың айтуынша, команданың негізгі тірегі болып жүргендер — кезінде клубтан шеттетілмей қалған футболшылар. Ол Сыр елінің футбол басшылығына қарата ащы болса да шындықты жеткізді.
“Қызылордаға не жетпейтінін өздерінен сұраңыздар. Кезінде клубтан қуып үлгермеген ойыншылар қазір команданың ең үздігі болып жүр. Олар — Нұрымжан Салайдин, Айбол Әбікен, Ерсұлтан Қалдыбеков және Әділет Кеңесбек.” деді бапкер Sports24.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Қазіргі таңда “Қайсар” турнирлік кестеде небәрі 6 ұпаймен 13-орында тұр. Маусым басталғалы бері бірде-бір рет жеңіске жете алмауы клубтың ішкі мәселелері мен кадрлық саясатындағы қателіктерді айқын көрсетіп бергендей.
Біздің серіктес: FONBET