Жарнама
Жарнама

Виктор Кумыков: Қаржы тапшылығы команданы тұсаулады

Қызылорданың «Қайсар» футбол клубының бас бапкері Виктор Кумыков өткен маусымды қорытындылап, алдағы мақсат-міндеттері жайында интернет басылымдардың біріне сұхбат беріпті. Виктор Болютұлының тұздықты ой-пікірін оқырман назарына ұсынамыз. 

Жарнама
Жарнама

- Қайсардың 2024 жылғы маусымына қандай баға бересіз?

- Біздің клубтағы қаржылық қиындықтарды ескере отырып, командаға толық 4 деген баға берем. Оның өзі жақсы деп ойлаймын.

- Чемпионат басында «Қайсар» командасына қандай мақсат-міндет қойылды?

- Бізге басшылықтан Премьер-лигада орнымызды сақтап қалу міндеті қойылды. Бұл тапсырманы ілініп-салынып жүріп-ақ, орындауға болар еді. Бірақ, бапкерлер құрамы мен футболшылар спорттық тұрғыда жоғары нәтиже көрсетуді көздедік. Алайда, біз ұмтылғанымызбен басшылар тарапынан қолдау болмады.

- Қызылордалық клубта қарыз мәселесі көп айтылды. Бұл қаншалықты рас?

- Қордаланған қарыз әлі күнге дейін бар. Мысалы, футболшылар соңғы үш ай жалақы алмаса, бапкерлер құрамы 4 айдан бері айлығымызды ала алмай алақан жайып келдік. Бұл әр ұтыс үшін берілетін үстеме сыйақыларды айтпағанда.

- «Қайсардың» 2024 жылғы бюджеті қанша болды?

- Клубтың бюджеті бұрынғыша 1.2 млрд теңге. Маусым барысында қосымша 400 миллион теңгенің шамасында қаржы бөлінді. Бірақ, бұл қаражат үшке бөлінді. Премьер-лига, Бірінші лига және Екінші лига. Және стадионды күтіп ұстау, клуб базасын қамтуға да сол ақша жұмсалды. Біраз бөлігі ескі қарыздар мен салыққа кетті. Соның бәрін есептегенде «Қайсардың» өзіне шамамен 400-500  миллион теңге қалды.

- «Қайсардың» ойынында чемпионат барысында тұрақтылық болмады. Ал Петропавлдағы жеңіліс тіпті сорақы болды? Соны түсіндіре аласыз ба?

- Бастапқы үш тур жеңілдік. Одан кейін қыркүйекке дейін ұпайымызды тұрақты алып отырдық. Қалай қаржылық қиындықтар басталды, солай нәтиже де төмендеді. Ал Петропавлдағы ойынға негізгі құрамның біраз футболшысы қатыса алмады. Ал ойнаған жігіттер алаңда өздерін көрсетуге құлшынысы болмады. Мүлдем жүгірмеді де. Бұл олардың басшылыққа жасаған шағымы сияқты.

- Біріншіліктің ең соңғы ойыны «Тобылмен» өтті. Команданы сол кездесуге қалай жігерлендіріп шығардыңыз?

- Матч басталмай тұрып киім ауыстыру бөлмесінде футболшылармен жігітше сөйлестім. Бұл өз алаңымыздағы соңғы ойынды жеңіспен аяқтау маңызды. Оның үстіне қаншама мыңдаған жанкүйер күннің суығына қарамастан бізді қолдап, ойынды тамашалауға келді. Қарашада тамыз айының жалақысы беріліп, ұтсақ бізбен толық есептесетін шығар деген де үміт болды. Өкінішке орай, олай болған жоқ.

- Командадағы футболшылардың барлығына көңіліңіз толды ма? Әлде сенімді ақтамағандар көп болды ма?

- Біріншіліктің басынан аяғына дейін үзбей ойнаған 11-12 футболшы аянбай, жетістікке жетуге барын салды. Оларға өкпе жоқ. Сол сияқты команданы кері тартқандар да аз болған жоқ. Олар келер жылы командада қалмайды.

- Виктор Балютұлы келер жылы да Қызылордада қаласыз ба, әлде басқа клубтардан жақсы ұсыныс түсіп жатыр ма?

- Әзірге, клуб басшылығымен ауызша келісім бар. Желтоқсан айында өтетін оқу-жаттығу жиынында келісім-шартқа отырамыз деген жоспар бар. Иә, басқа командалардан да ұсыныс түсіп жатыр. Маған Өзбекстаннан, Ресейден шығуда. Бірақ, олар да алдына биік мақсат қойып отырған клубтар емес. Кеткеннен не ұтамын. Ал «Қайсарда» жақсы команда жасақталып қалды. Негізгі құрамды күшейтетін үш-төрт жақсы футболшы алсақ, чемпионатта біраз атой салуға болады.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров

Материалда: