«Ақтөбе» командасының бас бапкері Владимир Муханов Премьер-лиганың бірінші турында «Қайратқа» (0:2) қарсы өткен ойын туралы пікір білдірді.
– Сіздерді жаңа маусымның басталуымен құттықтағым келеді. Біз бүгінгіден де қызықты ойындар болады деп ойлаймыз. Матчқа келетін болсақ, әрқашан бірінші кездесуде ойыншылардың әрекеттерінен қобалжу байқалады. Бүгін командалар сақтық танытып, тәуекелге аз барды. Әрине, бәрін сараптау керек. Бірақ, менің алған әсерім бойынша, бізде гол соғатын мүмкіндіктер көп болды. Біз тек өзіміз жіберген қателіктің салдарынан жеңіліп қалдық.
- Екінші таймда «Қайрат» Швырев пен Кантені алаңға шығару арқылы ойынды күшейтті. Сіз екі ауысым жасау арқылы (Ескендір Қыбырай мен Жерар Гоу) кері қимыл жасауға дайындалдыңыз. Бірақ Гоу алаңға шықпады. Мұның себебі неде?
- Біздің қақпаға белгіленген пенвльти ойын барысын өзгертті деп есептеймін. Бұл абайсыздық немесе шаршаудың әсерінен болды. Логвиненко жағдайды ушықтырмауға тырысты, оған қарсы шағымым жоқ. Иә, «Қайрат» екінші таймда бізді қатты қыспаққа алды. Өздеріңіз байқағандай, біз кері қимылға дайындалып жатқан едік. Қос алмастыру жасап, Қыбырай арқылы оң қапталдағы жылдамдықты арттырғымыз келді. Гоуға не болды? Біреу өрескел қателік жіберді. Хаттамалардағы кейбір жағдайды өзгертуге болады, бірақ мұнда қоңырау шалыңыз, қоңырау шалмаңыз, ештеңе істеу мүмкін болмады. Өкінішке орай, Гоу алаңға шықпады. Осының кесірінен төрешілер Қыбырайды бөгеп қалды. Құрамға өзгеріс енгізе алмадық.
Біздің серіктес: FONBET