"Ақтөбенің" бас бапкері Владимир Мұханов клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында "Таразбен" өткен матч (0:0) туралы өз ойымен бөлісті.
- Владимир Василийұлы, бүгінгі нәтижеге көңіліңіз тола ма?
- Жеңгіміз келіп еді. Тек жеңіс туралы ойладық. Команда көптен бері жеңіске жете алмай келеді. Бүгін біз гол соғуымыз мүмкін еді, "Таразда" да мүмкіндіктер болды. Сондықтан, бір жағынан, ойын өте қиын болғанын ескерсек, бәлкім, тең ойын заңды нәтиже шығар.
- Ұлттық құрама сапында ойнаған Логвиненко мен Оразовқа матч соңында физикалық күш аздап жетіспейтін сияқты болып көрінді ме?
- Физикалық тұрғыдан алғанда, бәріміздің жағдайымыз бірдей. Өйткені мен команданы қабылдаған кезде оның физикалық жағдайы маңызды емес еді. Біз ОЖЖ өткіздік. Біз мұнда бір апта, Шымкентте бір апта болдық. Бұл компонент бойынша жұмыс жасадық. Бірақ мен Логвиненко, Оразов және Ерлановтар физикалық түрде нашар көрінді деп айта алмас едім. Тек Юраға көбірек жұмыс істеу керек болды, біз оны тіреуіш жартылай қорғаушы ретінде пайдаландық. Бізде допты бақылау кезінде және шабуылдың ырғағын реттеуге байланысты мәселелер әлі де бар болғандықтан, ол осы компонент бойынша күшті ойыншы болып саналады, сондықтан біз оны осы позицияға көшірдік. Ол көп жұмыс жасады. Бірақ, әрине, оның позициясында 90 минут ойнау оңай емес. Егер басқалар оны қолдаса, оған әлдеқайда жеңіл болар еді. Бірақ бүгін біз "Тараздың" допты жақсы иеленетін мықты команда екенін білдік. Бұл матчта олар қапталдағы қорғаушылар арқылы жылдам шабуылдар жасады. Мен "Тараз" қақпасының маңында көбірек мүмкіндіктер болады деп күткен едім. Бірақ бәрі басқаша болды. Біз ойынды талдап, әрі қарай жалғастырамыз. "Астанамен" болатын кездесуге дайындаламыз.
- Бірінші таймда гол соғатын жақсы мүмкіндіктер болды, доп бірде маңдайшаға, кейін бағанға тиді. Мүмкіндіктерді жүзеге асыру әлі де ақсап тұрғанына келісесіз бе?
- Сонымен қатар Балашов қақпашымен жеке-дара шықты. Иә, мәселелер көп. Шабуыл шебі трансферлік терезе жабылған кезде жасақталды. Біз сол жігіттермен жұмыс істедік. Шынымды айтсам, бәрі тырысады. Бірақ бар мәселе - олардың бұл қателікті түзету үшін қаншалықты жұмыс істейтінінде.
- Трансфер туралы айтатын болсақ, жаңадан келген ойыншылар - Адукор, Балашов, Коркишконың дебютіне қандай баға бересіз?
- Жақсы, бірінші ойында олар өздерін жақсы көрсетті. Бірақ кейбір эпизодтарда бірдеңе жетіспей тұрды. Олар бұл ойынға толықтай дайын болды. Біз жеңгіміз келді. Олар үшін бірінші матч болғандықтан қиын болды. Сондықтан оларға белгілі бір жеңілдік берілуі керек.
- Үзіліс кезінде командаға не айттыңыз? Өйткені екінші таймның басында, шамамен 10-15 минут бойы, "Тараз" ойын тізгінін өз қолдарына алып, бірнеше мүмкіндіктер жасады.
- Үзіліс кезінде біз сызықтар арасында кеңістік болмайтындай етіп түзетулер енгіздік. Тапсырма қарсыластың вертикальды пастарына тосқауыл қою болды. Бірақ, өкінішке орай, біз мұны бірінші рет қайталап отырған жоқпыз, себебі үзілістен кейін ойынға қосылу қиынға соғады. Біз команданың екінші таймды бірінші кезеңдегідей күшті бастауы үшін бірнеше жаттығулар жасауымыз керек.
- Соңғы сұрақ. Шымкенттегі ОЖЖ қалай өтті?
- Маусымдағы үзіліске байланысты оқу-жаттығу жиыны бізге көп көмектесті деп ойлаймын. Біз Шымкентте жеткілікті түрде жұмыс жасадық, онда үш бақылау матчын өткіздік. Тапсырма ойыншылардың функционалдық жағдайын жақсарту және мүмкіндігінше бірге ойнау, бір-бірімен жақынырақ танысу болды. Әрине, бұл уақыт аз, бірақ бұл бізге көмектесті.
Біздің серіктес: FONBET