Жарнама
Жарнама

Владимир Путин: Абрамович шығындалсын, кедейленіп қалмайды

06.12.2010, 19:19
Жарнама
Жарнама
Енді жеті жарым жылдан соң, яғни 2018 жылы өтетін футболдан әлем чемпионатын Ресей елі ұйымдастыратын болды. Мәртебелі доданы өткізу құқығын жеңіп алу солтүстік көршімізге оңай соқпады. Осы ел үкіметінің төрағасы Владимир Путин бастаған делегацияның бұл спорт саласындағы екінші тарихи жеңісі екені рас. Бұған дейін орыстардың 2014 жылы өтуі тиіс Ақ Олимпиаданы Сочи қаласына жеңіп әпергенін білеміз. Сонымен, күллі әлемге қанат жайған футболдың әлемдік додасы тарихта алғаш рет Шығыс Еуропада, оның ішінде Ресей жеріне аяқ баспақ.
Айтулы жарысты өткізуге аса құлықты болған мемлекеттердің ішінде Англия, Испания, Португалия, Бельгия, Нидерланды да болды. Әрине, бастапқыда бұлардың арасында қазіргі заманғы футболдың Отаны саналып жүрген ағылшындардың шоқтығы биігірек көрінген еді. Бірақ кейбір дерек көздеріне сенсек, олардың әлемдік бәсекені өткізу құқығынан айырылып қалуларына өздері кінәлі екен. Өйткені ағылшындық БАҚ талас басталғаннан бері-ақ футболдың шаруасын жүргізетін құзырлы мекеме - ФИФА-ға күйе жағумен айналысты. Сондықтан да болар, аяқ доп тізгінін ұстаған шенеуніктер Англияның өтінішін бірінші кезеңде-ақ аяқсыз қалдырды. Олардың делегациясын ел үкіметінің басшысы Дэвид Кэмерон мен әйгілі футболшы Дэвид Бэкхем бастап келген еді. Осы оқиғаға орай, Англия құрамасының бұрынғы капитаны былай деп мәлімдеген екен: «Менің ойымша, біз қолдан келгеннің бәрін істедік. Қазір көңіліміз құлазулы, бірақ Ресейге сәттілік тілейміз. ФИФА Ресейді мақтан тұта алады дегенге сенімдімін. Жеңіліс өзекті өртейді, алайда біз осы істің басы-қасында өзімізбен бір болған адамдардың бәріне алғыс айтуға тиіспіз. Әрине, әлем чемпионаты Англияда өтсе керемет болар еді, өйткені біз бұл жарысты көптен бері өткізген жоқпыз ғой». Ал қуаныштары қойындарына сыймаған ресейліктердің қазір бір-бірінен сүйінші сұрасып жатқаны анық. Владимир Путин 2008 және 2012 жылдары өтетін әлемдік додалардың тағдыры айқындалған ФИФА-ның Цюрихтегі штаб-пәтерінде көңіл толқынысын жасыра алмады: «Футбол - әлемді жақсы қырына қарай өзгертуде. Ол өзгерістердің әрқайсысы да маңызды. Біз өте қиын бәсекеде жеңіп шыққанымызды абырой санаймыз. Біз 2018 жылғы әлем чемпионатын жоғары деңгейде ұйымдастырамыз - қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, қолайлы жағдайлар тудырамыз деп уәде беремін. Әлемдік дода кезінде сіздер терең тарихы бар, бірегей ел - Ресеймен танысатын боласыздар». Көтеріңкі көңіл күйін көпшілікпен бөліскен Путин ФИФА басшысы Зеп Блаттердің Ресей кандидатурасына бүйрегі бұрыңқы болғанын жасырмады. Ол сондай-ақ сайлау қарсаңында ВВС агенттігі ұйымдастырған кикілжің жайын да тілге тиек етті: - ВВС-дің баспасөздегі жарияланымдары - әділетсіз бәсеке, олай болуға тиіс емес. Біз өзіміздің қорғаныс шеңберімізді дұрыс құра білдік, ол әлемдік футболдың шекарасын кеңейту жөніндегі ФИФА философиясына толық жауап берді. Біз әлемдік дағдарыс әкелген ауыртпалықтарды артта қалдырдық. Еуропалық елдер қаржылық қиындықтарға тап болды, ол Ресейдің алдынан да шықты, бірақ біздің алтын-валюта қорымыз әлемде үшінші орында екені мәлім. Ал биылғы жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі экономикалық өсім 4 пайызды құрағалы отыр. Путиннің сөзіне сүйенсек, Ресей әлем чемпионатының қарсаңында 500 футбол алаңын салуды жоспарлап отыр. Әлемдік жарысты өткізуге шамамен 10 миллиард АҚШ доллары жұмсалады деген болжам айтылды. Әлем назарын өзіне аударар дода осы елдің 13 қаласында өтетіні де белгілі болды. - ӘЧ Ресейдің өзге өңірлерінде неге өтпейді? Біз бәрін бір демде дамыта алмаймыз. Екатеринбург туралы айтсақ, ол - елдің орталығы. Дегенмен біз ФИФА-ның талаптарын ескереміз, 10-13 қала, бірақ олар жинақы болуға тиіс. Мәскеуден Чукоткаға дейін - 9 сағат. Нью-Йоркке дейін - 8 сағат! Әрине, біз футболды барлық өңірде дамытамыз, алайда әлем чемпионатын 13 қалада өткіземіз. Мәскеуде «Спартак» стадионын «Лукойлдың», «Динамоны» - ВТБ-ның есебінен тұрғызамыз. Қазан қаласында стадионды Универсиадаға орайластырып саламыз. Сочиде Олимпиада ойындары, ал Санкт-Петербордағы алаңды «Газпром» қолға алады - деді В. Путин. Чукотка демекші, Ресей үкіметінің басшысы футбол десе ішкен асын жерге қоятын Роман Абрамовичке әзіл-қалжыңы аралас біраз өтініш айтты: «Абрамович мырза біраз жыл Чукоткада табысты жұмыс істеді. Мұны көпшілік біле бермеуі мүмкін. Ел оны олигарх санайды... Бірақ ол Ресейдегі футболдың дамуына атсалысып жүр. Бір клубтың аяқтан тұруына септігін тигізіп жүр. Қай клуб екенін айтпайды, оған тыйым салынған. Абрамович мырзаның әлем чемпионатын өткізуге көмектесетінін жоққа шығара алмаймыз. Біраз шығындалсын, кедей боп қалмас. Оның ақшасы көп». Ал 2012 жылғы әлем чемпионатын өткізу мәртебесіне Катар елі қол жеткізді. Бұл мемлекеттің намысын атақты Зинедин Зидан қорғаған болатын: «Мен бүкіл әлемге тиесілі футболдың Ресей мен Катар елдеріне бет бұрғанына қуаныштымын. ФИФА-ның шешімінде көңілге қонымды қисын бар деп санаймын. Бұл - қос ел үшін де қуанышты жаңалық». Шалқар ЕСТЕН
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров