Санкцияларға байланысты ресейлік клубтар шеттетіліп, тасада қалғанына біраз болып қалды. Былайша айтқанда, ешкімге қызық болмай барады ол чемпионат. Ал бізге РПЛ Нұралы Әліп бастаған бірнеше Отандасымыз өнер көрсеткен соң қызық. Біраз алып-қашпа әңгімелер болып жатқанымен, Нұралы әзірше ешқайды ауыса қойған жоқ. Қазақстан Ұлттық құрамасының қорғаушысы әзірге «Нева» жағасындағы клубтың жейдесін ауыстырмады. Нұралыдан да басқа жігіттер Ресейде жүр. Мәселен, «Роторға» ауысқан Бексұлтан Шәмши қазір жолдастық кездесулерге қатысуда. 23 жастағы қорғаушы кеше ғана «Родина-2» командасына қарсы матчта доп тепті.
Ресейлік клубтар да трансферлік маусымда белсенді. Көштің соңында ілбіп келе жатқан «Сочидің» өзі күшейіп алыпты. Басқасын айтпағанда клуб тізгінін бұрын Испания құрамасын жаттықтырған Роберт Морено ұстады. Білікті бапкердің «Монаконы» бапатағаны да мәлім. Мұның барлығын не үшін айтып отырмыз?! Ресей біріншілігінің дәрежесі өскені сондағы қазақстандықтар үшін тиімді болмақ. Нұралының басқа біріншілікке ауысу-ауыспауы белгісіз. Сондықтан, үміт артқан қорғаушымыздың өз клубында да, жалпы Ресей біріншілігінде де үлкен бәсекелестік көргені маңызды. Қазір Ұлттық құрама командамыздың жүрегіне айналған Рамазан Оразов, енді шақырту алып жүрген Арман Кеңесовтердің мансабына сол ресейде доп теуіп келу оң әсер еткен сияқты. «Аданаға» ауысқан Абаттың да бір кездері Ресей көргенін білеміз. Әрине, ағылшын премьер лигасы емес қой. Дегенмен, тез бейімделу тұрғысынан Ресей біріншілігінің қолайлы екені түсінікті. Біздің өлшеммен топ ойыншыға айналған Зайнутдиновтың өзі «Ростов» пен «ЦСКА» жейдесінде өнер көрсетті.
Жуырда Қазақстан Ұлттық құрама командасының бас бапкері Магомед Мұсаұлы, Ресей мен Қазақстан чемпионатының деңгейіне байланысты пікірін білдірген. Білікті маманның айтуынша, РПЛ деңгейі біздікінен әлдеқайда жоғары екен. Сондай-ақ, Ресейдің соңғы жылдардағы чемпионы «Зениттің» ҚПЛ-де өнер көрсетсе, қарсылас шақ келтірмейтіні де білдік. Біраз жыл сол біріншілікте жұмыс істеген маманның уәжі орынды болар.
Біздің серіктес: FONBET