Нұралы Әліп - “Зенит” тарихында команданы капитандық таңбамен алаңға алып шыққан 25 көшбасшы футболшы болып есептелді.
Жалпы Ресейдің бөлек мемлекет болып, чемпионат ұйымдастырып келген уақыттан бері "Зенит" сапында 25 капитан өнер көрсеткен екен.
Алғашқылардың бірі болып Петербор ұжымын 1992 жылы 23 жастағы ең жас ойыншы саналған Михаил Левин бастап шыққан екен. Одан кейін, 10 маусым қатарынан командада тек ТМД елдерінің өкілдері ғана капитан болды. Тек 2007 жылы клуб норвегиялық Эрик Хагенге сенім артып, көшбасшылық рөлді табыстады. Алайда қорғаушы “Крылья” Советовке қарсы бет қаратпас матчтан кейін клубтан кетуді жөн көреді. Соған қарамастан, Эрик Хаген “Зенит” тарихындағы алғашқы легионер капитан болып тарихта қалды. 2014 жылдан 2017 жылға дейін ресейлік ұжымның көшбасшысы ретінде португалиялық Мигель Данни есептелді. Оның артынан бұл міндетті Доменико Кришито атқарды. Бір маусымнан кейін “Зенит” капитандық таңбаны жергілікті футболшыға табыстап, келесі маусымда Чемпиондар Лигасының жеңімпазы серб Бранислав Ивановичке бір мүмкіндік берді. Соңғы 5 жылда Петербор ұжымын легионерлер алаңға бастап шығуда. Мәселен, пандемия кезінде 2 жыл қатарынан “Зенитте” Деян Ловрен көш бастады. Ал 2023 жылдан күні бүгінге дейін капитан таңбасын бразилиялық Дуглас Сантос ешкімге бермей келеді. Бірақ Ресей Кубогының “Ахматқа” қарсы кездесуінде отандасымыз Нұралы Әліп өз командасын алаңға жетелеп, жеңіске жетуіне ықпалын тигізді.
"Зенитте" өткізген ойындар саны 100-ге жуықтап қалған Нұралы Әліп ертелі-кеш болсын Ресей ұжымында капитан болуы шарт еді. Ақтау тумасы алаңда қайтпас мінезімен ерекшеленеді. Ал бұл қасиет клубтың басқа футболшыларын матч барысында қайрап отыруға үлкен септігін тигізеді.
Біздің серіктес: FONBET