«Жаңа Қазақстанды» құрудың алғышартын футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасы бастап кеткендей. Жерлестеріміз УЕФА Ұлттар лигасының өтпелі кезеңінде Молдова футболшыларымен өткен 2 ойында да басым түсіп, С лигасында өз орнын сақтап қалды.
2022 жыл қазақ футболы үшін сәтті басталды. Қазақстан Футбол федерациясында өзгерістер орын алды. Федерацияның жаңа президенті болып Әділет Бәрменқұлов тағайындалды. Жаттықтырушы қызметінде де жаңашылдықдар болды. Ұлттық құраманы тізгіндеген Талғат Байсуфинов өз орнын Семей футболының түлегі, уақытында ресейлік «Ростов», мәскеулік «Динамо» сынды клубтарда өнер көрсеткен, еліміздің «Қайрат», «Ертіс» командаларымен ұлттық құрама намысын қорғаған, бапкерлік қызметте «Қайрат», «Оқжетпес», «Қызыл-Жар» командаларының тізгінін ұстаған - Андрей Карповичке босатып берді. Оның бапкерлік қызметтегі айтарлықтай жетістігі 2021 жылы петропавлдық «Қызыл-Жар» командасын Премьер-лигада 4 орынға алып шығуы болған. Бұл Қызылжар футболының соңғы 20 жылда жеткен ең үздік жетістігі болып саналады. Андрей мырзаның осындай еңбегі үшін ұлттық құрамадағы бас бапкер қызметін сеніп тапсырғандығы федерация басшыларының оң шешімі десек артық айтпаймыз.
Жаңа жылдың алғашқы ойынын біздің жігіттер ойдағыдай бастады. 24 наурыз күні ұлттық құрамамыз Кишиневта өткен ойында жеңісті жұлып алды. Аталған ойынның бірінші таймында біздің жігіттердің шабуылында еш нәтиже шықпады. Мәселен, Васильевтің тепкен добы қақпа маңдайшасынан сәл ғана биік кетіп, қарсылас қақпашысын бір алаңдатты. Одан кейін доп ұстауда басымдылық танытқан молдовалық жігіттер біздің қақпашыны біраз әуреге салды. Шацкийдің шеберлігінің арқасында қақпамыз голдан аман болды. Ион Николаескудің ашық қақпаға гол соғатын тамаша мүмкіндігіне бөгет бола білген қорғаушымыз Марочкин қақпамызды голдан аман алып қалды. Алғашқы таймның соңына қарай Нұрәлі Әліптің қорғаныстағы сәтсіз қимылынан соң алаң иелері есепті ашты. Қақпашыға жойқын соққы бағыттап көзге түскен шабуылшы - Ион Николаеску. Нұрәлінің «Зенит» ойыншысы атанғаннан кейінгі ұлттық құрамадағы жауапкершілігі тіпті жоғары еді. Оның үстіне жанкүйер сенімі де мойнына жүк болғандай, қатты қысыммен ойнаған негізгі қорғаушымыз өз ойынын жоғалтып алды.
Екінші таймда ойынды өз қолына алған Андрей Карпович шәкірттері стандарттық жағдайды голға айналдыра білді. Владиславтың айып алаңына көтерген добына Сергей Малый бірінші болып жетіп баспен қақпаға гол соқты. Есеп 1:1
Ойынның 79-минутында жерлестеріміз шабуылда сауатты қимылдап, молдовалықтардың өз қақпасына гол енгізіп алуына себеп болды. Бұл жеңіс голы болатын. Матч өз мәресіне жетіп, біздің ұлттық құрама жігіттері елімізге жеңіспен оралды.
Қарымта ойын өзіміздің алаңымызда өтті. Кімнің С лигасында қалатынын осы ойын нәтижесі шешетін болды. Ойын алды баспасөз маслихатында бас бапкеріміз Андрей Карпович аталған жауапты ойында агрессивті түрде ойнап, сапалы футбол көрсеткісі келетінін айтты. Жанкүйер қолдауы да өте маңызды екенін тілге тиек етті.
Жанкүйерлермен өткен ойын қашан да өз нәтижесін беретіні белгілі. Күннің қатты боран болғанына қарамастан, «Астана Арена» стадионына құрамамызды қолдауға 12582 жанкүйер жиналған. Бұл әрине ойыншыларға рух беріп, сенімді ойнауларына көмектеседі.
Матчтың басында қонақтар суырылып алға шықты. 13-минутта алғашқы ойынды жіберіп алған қонақ ойыншылардың қорғаушысы Игорь Армаш қайшылай теуіп гол соғып кетті. Одан кейін біздің аяқдопшылар гол соғатын қаншама мүмкіндік жасады. Бірақ шабуылда нәтиже шықпай жатты. Матчтың екінші бөлігінде ойын аса тартысты болмады. Негізгі уақыт өз мәресіне жетіп, есеп молдовалықтардың пайдасына болғаннан кейін, екі ойын бойынша есеп теңесті. Осылайша матч экстра-таймға ұласты. Ақыры жеңімпаз бұл ойын жүйесінен де анықталмағаннан соң пенальти сериясына кезек берілді. Пенальти сериясында қақпашымыз қарсыластың екі соққысын қайтарып, команданы жеңіске жетеледі. Соңғы шешуші пенальтиді Георги Жуков сәтті орындап, елімізге жеңіс сыйлады. Сөзсіз матчтың үздік ойыншысы Игорь Шацкий атанды. Әрине, оған ешкімнің де қарсы пікірі болмайтыны анық.
Стадиондағы атмосфераны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жанкүйерлер керемет ойынға куә болғандарына дән риза. Алатаудың баурайында жастар арасындағы Еуропа чемпионтына іріктеу турнирінде Шотландия жастарымен тең ойнаған ұлттық құрама жастары да бір қуантты.
Қазақстан ұлттық құрамасы 2 ойында да басым түсіп, Ұлттар лигасындағы өз орнын сақтай алды. Ендігі қарсыластарымыз Словакия, Азербайжан, Беларусь құрамасы болады.
Қорыта келе, біздің футболға тағылар мін де, айтылар сын да көп. Иә, сын түзелмей мін түзелмейді деген де бар. Қазақ футболын биіктерден көргіміз келсе, соңына дейін қолдайық, дәрежесі өсетініне сенейік деп қайталап айтудан жалықпаймын. Қазақ футболы әлі талай белестерді бағындыратындығына менің сенімім мол. Ел футболын қолдайық. Ел футболына жанкүйер болайық!
Жасай бер жаңа Қазақстан!
Ернұр Дүйсенғазы
Біздің серіктес: FONBET