Ресей Премьер лигасының клубтары легионерлерге қатысты жаңа шектеулерге түбегейлі қарсылық білдірді. Дауыс беру барысында лигадағы 16 клубтың барлығы бірауыздан қолданыстағы лимитті сақтап қалуды қолдап, өз позицияларын нақтылады, деп хабарлайды Aladop.kz.
Қазіргі ереже бойынша клубтар “13 шетелдік + 8 жергілікті ойыншы” форматымен жұмыс істеп жатыр. Алайда Спорт министрлігі жаңа маусымнан бастап бұл көрсеткішті 12+7 деңгейіне дейін қысқартып, кейін тіпті 11+6-ға дейін қатаңдатпақшы.
РПЛ басшылығы мен клуб қожайындары бұл шешімнің асығыс екенін айтып, дабыл қағуда. Иван Карповтың мәліметінше оған бірнеше салмақты себеп бар:
– Ұзақ мерзімді келісімшарттар: Көптеген клубтар шетелдік ойыншылармен бірнеше жылға шарт жасасқан. Лимиттің күрт өзгеруі бұл келісімдерді бұзуға және үлкен айыппұлдар төлеуге мәжбүрлейді.
– Бәсекеге қабілеттілік: Ресей футболы ерте ме, кеш пе Еурокубоктарға қайта оралады. Сол кезде “Реал” мен “Баварияны” былай қойғанда, Еуропаның ортаңғы деңгейдегі клубтарына қарсы тұрудың өзі мұңға айналуы мүмкін.
– Сапаның төмендеуі: Сапалы легионерлердің азаюы ішкі чемпионаттың деңгейін түсіріп, көрермен қызығушылығын азайтады.
РПЛ президенті Александр Алаев Спорт министрі Михаил Дегтяревтің шешіміне тікелей қарсы шықпаса да, келіссөздер арқылы мәселені шешуді көздеп отыр. Лиганың басты талабы — жаңа лимитті (12+7) алдағы 2-3 жылға қолдана тұру. Бұл клубтарға жаңа ережелерге бейімделуге уақыт береді.
Біздің серіктес: FONBET