Жарнама
Жарнама

Жанкүйерге күлкі болмау да абырой

10.08.2011, 19:34
Жарнама
Жарнама
Қызықтың көкесін спорттан табасыз. Спорт - тек бәсеке емес, не қилы адам нанғысыз оқиғаларға толы шытырман әлем. Тарих беттерін парақтап көрсең, бірінен-бірі өтетін қызықты мәліметтерден бас ала алмай, шежіренің тереңіне одан сайын бойлай бересің. Қызығы мен шыжығы егіз спорт әлемін бірге аралап көрелік. Неміс бундеслигасында «Штутгарттың» сапында доп тепкен бразилиялық футболшы Джоване Элбер жанкүйер қауымды әркез қыран-топан күлкіге көмуге құмар-тын. Бірде ол ішкі чемпионаттағы тартысты кездесулердің бірінде «сары қағаз» алып қалды. Ойын аса маңызды саналатын еді. Сондықтан өзінің қызуқанды екенін, төрешімен салғыласа кетуден тайынбайтынын жақсы бі­летін Элбер екінші кезеңде алаңға аузын скотчпен буған күйі шықты және ойынның соңына дейін онысын шешкен жоқ. Бұл фут­болшы, сондай-ақ өзге де қызық қылықтарымен жұрт есінде қалды. Мәселен, ол бірде соғылған голдың құрметі үшін командалық әріптесі Лизаразюдің құлағын сілекейі аққанша жалады. Тағы бірде нәтижелі соққысын телекамераны сүйіп мерекелесе, «Баварияның» сапында Германия чемпионы атанған кезінде бағалы кубокты басына қойып алып жүрді. Ал ағылшын Стенли Мэтьюз деген футболшы Элберге мүлдем кереғар тұлға. Ол керісінше, алаңда өзін өте салмақты ұстай білген. Міне, қызық, ұстамды мінезімен баршаны таңғалдырған бұл ойыншы өз өмірінде алаңнан қуылғаны былай тұрсын, бірде-бір рет төрешіден ескерту алып көрмеген екен. Адам айтса сенгісіз дерек емес пе? Кейіннен кәсіби футболды қойып, елу жасына дейін түрлі лигаларда доп қуғанында да ол осы жүрісінен жаңылмапты. Бұл жайт елдің патшайымы II Елизаветаны да бей-жай қалдырмады. Айрықша тәртібімен дараланған Мэтьюз өзінің үлкен спортпен қош айтысу құрметіне арналған футбол кездесуінде патшайымның жарлығымен рыцарлық атаққа ие болды. Футболда гол соғу жөнінен кейбір шабуылшылардың алдын орап кеткен қақпашылар бар. Мәселен, 2002 жылы Бразилия құрамасының сапында әлем чемпионы атанған қақпашы Рожерио Сенидің еншісінде әртүрлі жарыстарда соққан 91 гол бар екен. Қақпа күзетіп қана қоймай, пенальти мен айып соққыларын тебуге де үйір қақпашылардың тағы бірі - атақты Хосе Луис Чилаверт. Парагвай құрамасының мақтаулы қақпашысы 62 голды еншісіне жаздырған екен. Бірақ оның өзгелерден тағы бір артықшылығы - хет-трик жасағаны. Чилаверттен басқа қақпашылардың бірде-бірі мұндай көрсеткішке қол жеткізіп көрген жоқ. Шабуылға көмектесем деп өз қақпасына гол жіберіп алған қақпашылар да кездеседі. Колумбиялық Рене Игита бірде осындай келеңсіз жағдайға тап болды. Ол 1990 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалында гол соғу ниетімен қарсыластарының айып алаңына өтіп кеткен еді. Осы сәтті пайдаланған камерундықтар қараусыз қалған қақпаға алыстан гол енгізіп, шешуші сәтте жеңісті жұлып кетті. Игита өзімен қоймай, бүкіл Колумбия құрамасын жерге қаратты. Бұл оқиға, әсіресе, колумбиялық жанкүйерлердің ашу-ызасын тудырды, олар алаңғасар қақпашыға «Эль Локо» деген айдар тақты. Оның аудармасы «ақымақ» екен. Ала доптың ауылындағы тағы бір қызық оқиға 1976 жылы тіркелді. Англияда «Астон Вилла» мен «Лестер Сити» командалары бәсекеге түсіп, ойын 2:2 есебімен аяқталды. Осы кездесудегі төрт допты да «Астон Вилланың» ойыншысы Крис Николл соқты. Қарсыластар қақпасымен қоса өз қақпасын да екі рет дәл көздеген оның өзіндік «рекордын» жаңартуды ешкім де қаламайтын болар. Осыған ұқсас оқиға Бельгия чемпионатында орын алды. 1995-1996 жылдарғы футбол маусымында Стэн ван ден Байс деген ойыншы өз қақпасына үш бірдей гол соғып алды. Автогол хет-тригінің авторы атанған ол «Жерминал Экереннің» құрамында ойнаған еді. Ел-жұртты күлкіге қарық еткен кездесуде әлбетте, Байстың командасы 2:3 есебімен жеңіліс тапты. Үш ұпай олжалаған «Андерлехтің» футболшылары бірде-бір гол соқпай да жеңіске жетуге болатынын алғаш рет ұқты. Ал мына бір футболшының тосын қылығына не дерсіз: Аргентиналық қақпашы Карлос Роа жел сөзге шектен тыс сенгіш жан екен. Ол «үшінші мыңжылдықпен бірге ақырзаман да келеді» деген қауесетке қатты сеніп қалыпты. Соның кесірінен, Роа қақпашы Еуропаның беделді екі клубы - «Челси» мен «Манчестер Юнайтедтің» басшылығы ұсынған өте ұтымды келісімшарттарға қол қоюдан бас тартты. Кейінірек, ақырзаманның жуық арада орнай қоймасына көзі жеткен соң, ол футболға қайтып оралды. Бірақ одан кейін-ақ оның футболдағы ғұмыры баянсыздау болды. 2010- жылдың мамыр айында Испанияда қайырымдылыққа негізделген футбол кездесуі өтті. Жасыл алаңда «Атлетик Бильбао» клубына 200 бала қарсы тұрды. Балалар 66-80-51 тактикасын ұстанып, тәжірибелі футболшыларды тұсаулап ұстауға тырысты. Бірақ кездесудің жолдастық екеніне қарамастан, «Атлетик Бильбаоның» сақа ойыншылары 5:3 есебімен жеңіске жетті. Дәл осы клуб жайлы тағы бір қызық мәліметті айта кетсек болады. «Атлетик Бильбао» - Испанияның солтүстігін мекендейтін бакс ұлтының сүйікті командасы. Ең қызығы, бұл клубтың құрамы тек қана бакс ұлтының өкілдерінен жасақталады. Шетелден легионер тартуға болады, бірақ сол ойыншының бойында бакс ұлтының қаны болуы міндетті. Бүгінде Гус Хиддинкті білмейтін футбол жанкүйері жоқ шығар. Өзінің атақ-даңқын жолы болғыш бапкер ретінде шығарған голлан­диялық маман о бастан-ақ жанкүйердің сүйіктісі саналады екен. Ең алғаш кәсіби футболға қадам басқанында ол «Де Графсхап» деген клубтың жейдесін киіпті. Арада үш жылдай уақыт өткенде, оны «Эйндховен» командасы сатып алыпты. Бірақ бір жылдан кейін «Де Графсхап» жанкүйерлері жас футболшыны өздері ақша жинап, 40 мың голланд гүлдерін төлеп жүріп, «Эйндховеннен» қайта сатып алыпты. Адамдарды сиқырымен арбаған спорт әлемінің қызығы таусылмасы анық. Дегенмен, қызықтың да қызығы бар. Өздеріңіз байқағандай, кейбір оқиғаның қызығынан шыжығы басым түсіп жатады екен. Ендеше, әр күні тартысқа толы спортшылар үшін жанкүйерге күлкі болмау да абырой. Шалқар ЕСТЕН
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров

Алдыңғы жаңалық
Қожанасыр қазылар
Келесі жаңалық
Фанат қыздар