Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде "Қайрат" Шотландияның "Селтик" клубымен кездеседі. Алғашқы матч 20 тамызда Глазгода, қарымта ойын 26 тамызда Алматыда өтеді.
“Селтик” Алматылықтар үшін биылғы Еурокубок маусымындағы ең қиын қарсылас. Олай деуіміздің себебі:
Каспер Шмейхель, 38 жаста, қақпашы
Аты аңызға айналған Петер Шмейхельдің ұлы Каспер "Лестермен” бірге АПЛ чемпионы атанды, төрт рет Данияның жыл футболшысы болды және әлі күнге дейін ұлттық құраманың бірінші нөмірлі қақпашысы саналады.
"Селтикте” Шмейхель екінші маусымын өткізіп жатыр және команданың негізгі қақпашысы. Дегенмен, Каспер жақында ғана Қазақстан құрамасынан гол жіберіп алғанын ескеру керек.
Кэмерон Картер-Викерс, 27 жаста, орталық қорғаушы
"Тоттенхэм” түлегі және АҚШ құрамасының ойыншысы. Бұл орталық қорғаушы 2021 жылы Шотландияға келгелі бері негізгі құрамнан мықтап орын алды. Төрт маусымда 160-тан аса матч өткізген.
Айта кетейік, Картер-Викерстің әкесі кезінде танымал баскетболшы болған Говард Картер.
Киран Тирни, 28 жаста, қорғаушы
Биыл жазда Шотландия құрамасының қорғаушысы бес маусым "Арсеналда” және бір жыл "Реал Сосьедадта” ойнағаннан кейін туған клубына оралды.
Тирни "Арсеналда” басты ойыншылардың біріне айналмағанымен, 150-ге жуық матч өткізіп, бірнеше маусым бойы негізгі құрамда ойнады. "Селтикке" қайта оралған Киран Шотландия чемпионатының алғашқы матчтарында-ақ нәтижелі пас беріп үлгерді.
Рэо Хататэ, 27 жаста, жартылай қорғаушы
Соңғы жылдары "Селтикте" Жапон футболшылары өте көп ойнап жүр. Бұл үрдісті клубты басқарған Энж Постекоглу бастаған еді, ол бұған дейін Японияда "Йокогама” командасын жаттықтырған.
Қазір Глазголық клубта төрт Жапон ойыншысы бар. Солардың ішінде Хататэ орталықтағы негізгі тұлға. Ол алаңда орасан жұмыс атқарады және әмбебап ойыншы саналады. Өткен маусымда 33 матчта 9 гол соғып, клубтың чемпионаттағы үздік бомбардирлерінің қатарына енді. Сондай-ақ, Чемпиондар лигасының барлық 10 тобтық кезең матчтарына толық қатысты.
Дайдзэн Маэда, 27 жаста, шабуылшы
Постекоглуның тағы бір табысты трансфері. Маэда Шотландияға “J” лиганың үздік сұрмергені ретінде келген. 2024/25 маусымында бұл Жапон шабуылшысы "Селтиктің" үздік бомбардирі атанып, 16 гол соғып, 7 нәтижелі пас берді. Маусым қорытындысы бойынша Маэда Шотландия чемпионатының үздік ойыншысы деп танылды.
Одан бөлек, ол Чемпиондар лигасында да жарқырап, 4 гол соқты, оның екеуін Бундеслиганың алыптары "Боруссия” мен "Баварияның" қақпасына енгізген еді.
Егер “Қайрат” "Селтиктен” өте алса тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде ойнайды. Ал жеңіліс тапса Еуропа лигасында күш сынайды.
Біздің серіктес: FONBET