Әлемді өзіне қаратқан футбол бүгінде әр жігіттің, тіпті, арулардың да сүйікті спортына айналған. Аладоп.кз ұжымының тілшілері, жас ақындар қарағандылық Абылай Қарин мен ақтөбелік Есет Төлеш осы спорт түрін сөз ете отырып, өзара айтысып көрген еді. Алдарыңызға осы жас ақындардың айтысын ұсынып отырмыз.
А. Қарин: Есет бауыр, шақырамын айтысқа,
Айтысамыз барып алып қай тұсқа.
Ал енді сөз кезегі өзіңізде,
Салайын назарымды сөзіңізге.
Е. Төлеш: Өмір мынау бөлінетін шақтарға,
Айтысайық, мұнан асқан бақ бар ма?
«Барса» - «Реал», «эль-Классико» болсыншы
Тек жанкүйер болмай тұр-ау жақтарға.
А. Қарин: «Барселона» бар әлемнің серкесі,
Елігіндей еркелеген еркесі.
Мадридтің жеңе алмаған себебі:
Моуриньоның шапанының келтесі.
Е. Төлеш: Сөз айттың-ау өңі дұрыс, салмақты,
«Барса» қазір бар ғаламды жалмапты.
Испанияда азулы «Барселона»
Отыз бір рет чемпион бола алмапты.
А. Қарин: Бір жылда отыз бірді алсын қалай?
Кубоктан салады Пеп алтын сарай.
«Барселона» қол жеткізер қырыққа да,
Ойнай берсе мүдірмей дәл осылай.
Е. Төлеш: Қанша мықты болса-дағы «Барсаңыз»
Қырық кубок, тіпті, елу алсаңыз.
Екі есе көп «Реал» сонда алады,
Бұл бір үміт, ойлайтұғын, нансаңыз.
А. Қарин: Мадридтік клуб ойламайды ертеңін,
Сатып алат ойыншысын өзгенің.
Ақша бітіп, дағдарысқа тап болса,
Қайғырумен азаптанып, шертеді үн.
Жас ұрпақты тәрбилейді «Барсамыз»,
Дұрыс болар бұдан үлгі алсаңыз.
«Жастар елдің болашағы» демей ме
Абай мен Мағжандардай атамыз?!
Е. Төлеш: Жастарды енді алда көріп, байқайық,
Европаны тастап, елге қайтайық.
Алысқа ұзап, артық кетпей тұрғанда,
Елге оралып, ҚПЛ-ды айтайық.
А. Қарин: Мойындадың, бауырым, сен «Барсаны»,
Сөз қып кеттің, айтып одан басқаны.
Мадридтің жанкүйері болған соң,
Ұнамайды оның топтан асқаны.
Біздің елде аяқдоп дамып келед,
Тарихта жаңа ізін салып келед,
Жаңа өсіп келе жатқан құнандай ол,
Құлагердей болмаса да шауып келед.
Е. Төлеш: Мойындадым дей алмаймын бірақ та,
Біз жүрміз ғой басқа жақта, жырақта.
Жанкүйерлік етсек те біз оларға,
Жазым болмас Құлагерің құлап та.
Ұттым деуге тілім бармас ағамды,
Әр бір сөзің жүрекке кеп қадалды.
Бүгінгінің жеңімпазы сен болшы,
Беріп кеткін бұл ініңе бағаңды.
А. Қарин: Бауырым, жеңілдім деп басылма сен,
Келесіде сойлерсің асыра сен.
Жеңдім деп бауырымды мақтанбайын,
Көрмеші шабытыңды қашыра сен.
Айтыса серік болдың қасыма сен,
«Айтыста сен әрқашан басыңа сен!»
Е. Төлеш: Сөз айттың азық болар өміріме,
Буып байлап ұстаймын көңіліме.
Зор денсаулық бар қазаққа тілейік,
Ақтөбеге, Қарағанды өңіріне.
Алда әлі айтысармыз талай біз,
Дәл мықтыны сол кездерде қараймыз.
Бүгін болса әңгімеміз «Барса»-«Реал»,
ҚПЛ-ды ертең айтып тараймыз.
Алдағы уақыттарда осындай футбол мен ұлттық өнеріміздің байланысқан порталын көретін боласыздар. Бүгінгі қос ақынның алдағы бәсекелеріне куә болып, қазақ футболының мұң-шерін оқисыздар. Аладоп.кз сайтымен бірге болыңыздар.