Арман Мәсімжанов. 20 жастағы бұл футболшыны бүгінде білмейтін футболсүйер қауым кемде-кем шығар. Ойланбай істеген бір ғана оспадар әрекеті үшін футболдан мәңгілікке аластатылған бұл ойыншының төңірегіндегі мәселе әлі күнге ушығып тұр.
АЛАҢДАҒЫ ТӨБЕЛЕС
Атышулы оқиға Қазақстан премьер-лигасы қосалқы құрамдарының аясындағы «Қайрат» – «Локомотив» кездесуі кезінде орын алған. Есеп – 2:1. Ойынның аяқталуына санаулы минут қалғанда футболшылардың жүйкелері сыр бере бастап, алаңда қақтығыстар жиі орын алып кетеді. Ақыры «Қайрат» ойыншысы қонақтардың футболшысын рұқсат етілмеген, дөрекі әдіспен тоқтатқан. Содан төбелес басталып, араға тәртіп сақшылары да араласады. Қонақ футболшылардың бірі тіпті тәртіп сақшысының иығындағы погонын да жұлып алыпты. Әкесінің мансабын айтып, қоқан-лоқы да көрсеткен көрінеді. Кенет қосалқы құрамда отырған Арман алаңға жүгіріп шығып, кунг-фу әдісімен «локомотивтік» әріптесі Радмир Муксиновтің арқасынан секіре тепкен. Жағдай одан әрмен ушығып, әрең басылған. Сонымен, не керек, төрт футболшыны тәртіп сақшылары алып кетіп, түсініктеме жаздырған. Олар «бір-бірімізге қарсы еш шағымымыз жоқ» деп түсініктеме берген. Ал сәуірдің 20-сы күні Қазақстан футбол федерациясының тәртіптік-бақылау комитетінің кезекті отырысы өтіп, осы матчқа байланысты бірқатар шешім шығарылған. Атап айтсақ, екі командаға да 0:3 есебі жазылып, «Локомотивке» – 300 мың, «төбелестің себепкері болды» деп айыпталған «Қайратқа» 400 мың теңге айыппұл салынған. Сондай-ақ матч кезінде ойын ережесін дөрекі бұзған «қайраттық» Алмас Бейсенов – төрт матчқа, қарсыласына жұдырық жұмсаған «локомотивтік» Радмир Муксинов бес матчқа аластатылған.
РЕГЛАМЕНТ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?
Дегенмен ең ауыр жаза «қайраттық» Арман Мәсімжановқа қолданылды. Әлбетте, Мәсімжановты ақтағымыз келіп тұрған жоқ. Алайда оның әрекеті қарсыласына жұдырық жұмсаған «сотқар» мен полиция погонын жұлып алған «бұзақының» әрекетінен де өрескел емес қой. «Неге біреуі – мәңгілікке, екіншісі тек бес матчқа футболдан аластатылуы керек? Әділдік қайда?» Бұл сұрақтар біздің ғана емес, барша футболсүйер қауымның көкейінде тұрғаны анық. «Қайраттық» жанкүйерлер тіпті Қазақстан футбол федерациясына да Мәсімжановтың жазасын жұмсартуды сұрап, хат жазды.
Бір қызығы, полиция погонын жұлып алған ойыншыға байланысты Тәртіптік-бақылау комитеті ешқандай шешім шығармаған да. Ал ең сорақысы, Қазақстан футболының регламентінде ойыншыны мәңгілікке футболдан аластатуға болатыны туралы бірде-бір жерінде жазылмаған. Тәртіптік-бақылау комитетінің мүшелері Арман Мәсімжановты қай қағидаға сүйеніп, футболдан мәңгіге аластатқаны біз үшін жұмбақ болып отыр. Егер ережеге бағынбайтын болса, регламент не үшін қажет?
Айтпақшы, әлгі ойын кезіндегі қақтығысты, соның ішінде Арманның тепкісінің бейнеқайталанымын біз де көрдік. Футбол федерациясы ерлік жасағандай бейнебаянды ресми сайтының бас бетіне бадырайтып шығарып қойыпты. Дегенмен бейнебаянның әбден өңделгені көзге ұрып тұр. Мәселен, сюжетте тек «қайраттық» Бейсеновтің қарсыласына қарсы ереже бұзғаны мен Мәсімжановтың секіре тепкен жері ғана анық көрсетілген. Ал қалған сәттер қиылып кеткен сияқты. Бейнебаянның былайша өрескел монтажға ұшырағанын матчты тек «Локомотив» клубының операторы түсіргенімен түсіндіруге болатын шығар. Ресми ақпараттарға сенсек, «Қайраттың» операторы бұл күні негізгі құрамның жұмыстарымен болыпты. Алайда бейресми ақпарат көздері алматылық оператордың шұғыл шаруасы болып, басшылықтан сұранып кеткенін айтады.
МӘСІМЖАНОВ КЕШІРІМ СҰРАЙДЫ
Қалай десек те, 20 жастағы Мәсімжановқа өте ауыр жаза қолданылған сияқты. Бұл пікірді Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихаты кезінде «Қайрат» футбол клубының ұйымдастыру мәселелері жөніндегі директорының орынбасары Евгений Шкарин де айтты.
– Сол ойыннан кейін Тәртіптік-бақылау комитетінің шешімін күттік. Ірі көлемде айыппұл салынып, футболшыны ары кетсе бір жылға футболдан аластататын шығар деп ойлағанбыз. Әлгі шешім төбемізден жай түсіргендей болды. Біз Арманның қылығын ақтамаймыз. Бірақ жас ойыншыны футболдан айыру тым артық кеткендік секілді. Сондықтан құжаттарымызды жинап, апелляцияға бердік. Енді ҚФФ-дан сұрарымыз, Мәсімжановтың жазасын жеңілдетсеңіздер екен, – деді баспасөз мәслихаты кезінде Евгений Шкарин. Айта кетейік, егер федерация «Қайраттың» шағымын қанағаттандырмаса, Шкарин істі азаматтық сотқа дейін жеткізетінін жасырмады. Арманның өзі бұл туралы былай деп ақтарыла сөйледі.
– Мен кінәлімін. Кәсіби футболшыға лайық әрекет жасамадым. Федерациядан, жанкүйерлерден, қарсыластарымнан кешірім сұраймын. Сол төбелестің ертеңінде-ақ Радмирге телефон шалып, кешірім сұрағанмын. Ендігәрі мұндай әрекеттер жасамауға уәде беремін. Тәртіптік-бақылау комитетінің шешімі дұрыс па, жоқ па, мен шешпеймін. Бірақ жазамды сәл де болса жұмсартады деп үміттенемін.
Шынын айтсақ, қаракөз қазақ баласының ақтарыла сөйлеп, кешірім сұрағаны бізді де тебірентіп жіберді. Дегенмен әлі де кеш емес, Тәртіптік-бақылау комитеті әділ шешім шығарады деп біз де үміттенеміз. Ал жас футболшыларды көтеруді басты мақсаты ретінде алға тартатын Қазақстан футбол федерациясының мұнысы қалай?
Автор: Әзиз Жұмаділ