Жарнама
Жарнама

Жемқорлықтың шыңына жеткендар. Ол қай клубтар?

19.05.2020, 05:01
Коронавирус пандемиясы әлем экономикасына ғана емес, спортына да ауыр соққы болды. Індеттің салдары қиын болатын түрі бар. Әсіресе, отандық футболдың жағдайы мәз емес.
Жарнама
Жарнама

Ойыншылар мен агенттерге құтты мекен болған салаға қауіп төнді. Заманында қазынаның қаржысын оңды-солды шашқан аяқдоп шаруашылығы енді қайтып еңсесін тіктеуі қиын. Пандемия басталғанда клубтардың біразы футболшылардың жалақысын қысқарту арқылы үнемшілдікке көшті. Себебі команда бюджетінің басым бөлігі ойыншылардың айлығына кететін. Сәуір айында облыстың ерке баласы секілденген «Оқжетпес» пен «Ордабасы» аяқдопшылардың жалақысын азайтады деген ақпарат тарады. Елдің еркесі атанған қазынадан кемдік көрмеген алпауыт «Астананың» да қысқартуға ұшырауы мүмкін. Елорданың миллиондап табыс табатын футболшыларына тықыр таянды. Әрине, алаң жағалаған жұрттың Қазақстандағы өмір сүру деңгейінен әлдеқайда жоғары жалақы алатыны белгілі. Тек бұрыннан айтылып келе жатқан мәселеге билік те басқасы да аса мән берген емес.

Енді футболды дамыту былай тұрсын, білдей бір аймаққа тиесілі жалғыз команданы сақтап қалудың өзі мұңғы айналды. Премьер-лиганың кей клубтары күрделі жағдайды ақылға салып шешті. Футболшылар мен басшылық өзара келісімге келгендей. Бірақ дау басқа жақтан шықты. Елдегі ең өндірісті қала саналатын Павлодардың футболы жоғалудың алдында тұр. Заманында Азия чемпиондар лигасының жартылай финалында ойнап, Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы атанған «Ертіс» баяғы ағысынан жаңылып, жемқорлықтың арқасында сағасы суала бастады. Сәуірдің басында клубтың шаруашылығына қатысты тексерістің нәтижесі шықты. Аудит көптеген заңсыздықты анықтап, талан таражға түскен қаржының есебін жариялады. Клубың салықтық қарызы миллиард теңгеге жетіпті. Салдарынан «Ертіс» биылғы маусымды орта жолдан аяқтап, премьер-лигадан шығып қалудың алдында тұр.

Әбілқайыр Ысқақов, Павлодар облысының әкімі

- Жерлестерім секілді мен де «Ертіс» футбол клубының жанкүйерімін. Бірақ қазір команданың шығынын жабатын, легионерлердің жалақысын төлейтін қаржы көздері жоқ. Бұл жағдай біздің клубты премьер-лигаға қатысу құқығынан айыруы мүмкін. Сондықтан спорт басқармасы футбол федерациясымен бірлесе әрекет етіп, тығырықтан шығатын жолды қарастырып жатыр.

Футболшыларға жыл соңына дейін жалақыларын қысқарту туралы ұсыныс айтылды. Ақпарат құралдарының жазуынша басшылық легионерлердің табысын 50 процентке, ал қазақстандық ойыншылардың жалақысын 70 процентке азайтуды көздейді. Егер футболшылар мен жаттықтырушылар штабы ұсынысты қабыл алмаса, тараптар арасындағы келісім-шарт күшін жойып, мерзімінен бұрын аяқталуы мүмкін.

Әбілқайыр Ысқақов, Павлодар облысының әкімі

 - Қазір елімізде барлық шағын және орта бизнес тоқтап тұр. Адамдар 42 500 теңге алып келді. Неге футболшылар бірнеше миллиондық жалақыларын 42 500 теңгеге қысқартуға келіспейді. Бұл қай жағынан алып қарасаңыз да әділетті шешім деп ойлаймын. Ешкімнің құқығы бұзылып отырған жоқ. Бәрі де заң аясында істеліп жатыр. Әйтпесе, футболшылар бірде бір матчқа қатыспай, миллиондлаған жалақысын алып отыра берер еді. Тіпті қазір ешқандай толыққанды жаттығулар да өткізіліп жатқан жоқ.

Жалпы «Ертістегі» күрмеулі мәселе өткен жылдан бері созылып келеді. 2019-шы жылдың маусымында клуб басшылығы облыстың құрметті азаматы атанған жаттықтырушы Димитар Димитровқа оғаш қылық танытып, ұят іс-әрекетке барды. Бас бапкерді командасының жаттығуына жібермей қойды. Болгар маманы мен клуб арасындағы кикілжің дау-дамайға ұласып, Димитров Қазақстаннан, нақты айтқанда, «Ертістен» түңіліп қайтты. Кейін Димитар ФИФА-ға арыз жазып, істі өз пайдасына шешті. Команда басшыларының өзімбілемдік ақылға сыймайтын іс-әрекетінің салдарынан «Ертіске» қомақты айыппұл салынды. Енді Керекулік клуб Димитров пен оның екі көмекшісіне 1,2 миллион еуро төлеуі тиіс. Биыл көктемде команданың бас демеушісі «ERG» компаниясы да сырт айналып, жығылғанға жұдырық болды. Яғни, «Ертіс» 2 миллиард теңгеден қағылды.

Павлодар командасының мәселесі жақын арада шешілетін түрі жоқ. Қарыздан құтылу үшін клубты тарату жайы да айтылды. Әзірге басшылықтағы ауыс-түйістермен шектеліп жатыр. Клуб директоры болып Александр Гончаренко тағайындалды. Ол жергілікті жанкүйерлерге жақсы таныс. Оның жасыл алаңдағы мансабының басым бөлігі Павлодарда өтті. Гончаренко 2005 - 2012-ші жылдар аралығында клубта басшылық қызметте болды. Осы жылдары «Ертіс» екі мәрте ел чемпионатының қола жүлдегері атанды. Гончаренко соңғы бес жылдан бері «Қызыл-Жар» командасының спорт директоры қызметін атқарды. Былтыр Петропавл клубы араға тоғыз жыл салып, премьер-лигаға жолдама алғаны белгілі. Сондықтан Гончаренконы дағдарыстан алып шығар менеджерге теңеп жатқандар да бар. Ал, бұрынғы қақпашы Давид Лория «Ертістің» спорт директоры қызметіне жайғасады. Екі маман «Ертісті» баяғы ағысына қайта бұруға бел шешіп кірісуі тиіс. Команда жақында жаттығу жұмыстарын қайта бастады. 

Милан МИЛАНОВИЧ – «ЕРТІС» ФК бас бапкері

Үзіліс екі айға дейін созылды. Мұндай жағдайға алғаш рет тап болдық. Қазір ең бастысы чемпионаттың қашан басталатыны. Біздің команданың дайындығы тәуір. Енді алдағы күндері байқап көреміз. Ойыншылардың көбі осында жүр. Көптеген футболшылар кетті. Олардың орнына басқасы келді. Бәрі де кәсіби ойыншылар және жақсы адамдар деп айтар едім.  

Карантинге дейінгі екі турдан соң «Ертіс» бір ұпай жинады. Команданың өзіндік ойын өрнегі байқалады. Енді қаржылық жағдайын шешіп, команданың айналасындағы дау-дамайға нүкте қойылуы тиіс.

Милан МИЛАНОВИЧ – «ЕРТІС» ФК БАС БАПКЕРІ

Бұл ойыншылар Павлодарға да «Ертіске» де еш жамандық қылған жоқ. Тек, жақсы ниетпен келді. Мұнда жақсы команда жасақталды. Бірақ ойыншылардың және басшылықтың не ойлағаны бар екенін білмеймін. Алдымен басшылықтың пікірін естиміз. Содан кейін олардың ыңғайына көнеміз бе сол жағын шешеміз. Әзір тек әңгімелесіп жатырмыз. Нақты ұсыныстар жоқ. Біздің осында қалғымыз келеді. Оңтайландыруға қарсы емеспіз. Мен де легионер ойыншылар да ақшаны ала салып қашып кететін тонаушылар емес. Мені мұнда шақырғанда сенімді түрде уәде берді. Мен келістім. Екінші мәрте де келісіп отырмын.

«Ертіске» ұқсас жағдай «Қайсарда» да туындады. Бірақ Қызылордадағы мәселе мүлде бөлек. Клуб басшылығы футболшылардың жалақысын қысқартуға кірісті. Келіспейтіндерге есік ашық. Ризашылығын бермеген ойыншылармен келісім-шарт бұзылып, оларды еркіне жібереді. Басында 40 процентке қысқарту туралы айтылған. Қазір 20 процентке азайған секілді. Бірақ оны да көп көретіндер бар екен. Қыста Қызылорда командасын жағалаған Иван Пешич сыр өңірінде көп аялдаған жоқ. Жаңа команда іздеп кетті. Хорват футболшысы бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

(https://www.instagram.com/p/CANw4bYHayD/)

Ақтауда да футболшылардың жанайқайы шыққан еді. «Каспий» легионерлеріне жалақы төленбей, команданың жаттығуына тыйым салынды. Осы жағдайға байланысты ойыншылардың ашық хаты да жария болды. Кейін күрделі мәселенің күрмеуі шешілгендей: Республикалық және жергілікті деңгейдегі құжатта техникалық ақаулар болған мыс. Клуб әкімшілігі пандемиядағы үзіліске қатысты ойыншылар мен жаттықтырушылар штабына өтемақы төлеу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Мәселе бұқаралық ақпарат құралдарында жария болғаннан кейін ғана жағдайды реттеудің шешімі қарастырыла бастады.

Қазақстан премьер-лигасындағы командалардың дағдарысқа қаншалықты төтеп беретінін уақыт көрсетеді. Бәрінің де тағдыры облыс әкімдігінің қолында тұр. Тікелей бюджетке қараған командалар, ешқайсысы да қосымша қаржы табудың жолын білмейді. Тіпті ниеттеніп отырғандары да байқалмайды. Жұрттың аузынан жырып беретін майлы жіліктің басын ұстап, ұрты майланған жандардың қазынаға көз тігуі әдеттегі жағдай. Сондықтан қазақ футболындағы қазіргі қалыптасқан жағдайдың жақын жылдары өзгере қоюуы екіталай. Қазір жасыл алаң айналасын қоқыстан тазартып, өз ісіне адал берілген мамандардың басын қосып, тығырықтан шығатын жол іздейтін уақыт. Егер елдегі футболды дамытамыз десек, бір-екі жыл алыс жақын шетелдің ортаңқол ойыншыларынан бас тартып, агент ісіне қатысты заңнамалық құжат қабылдап, командалар мен ойыншылар арасында «жеңгетайлық» қызметті атқаратын жандардың жұмысын қатаң бақылауға алған жөн-ау. Әзірге қарапайым жанкүйерлерді Қазақстандағы футбол маусымы қашан жалғасатыны алаңдатады.

Еуропа елдеріндегі лигалардың барлығы дерлік бір шешімге келіп, нақты уақыттарын жариялады. Ал бізде тыныштық. Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының бір ойлағаны бар шығар. Бағдарламамыздың өткен шығарылымында осы тақырыпты қаузадық. Бірақ жеті күннің ішінде еш ақпарат шықпады. Отандық футболға жауапты мамандар оқшаулану дегеніміз – үндемеу деп түсінетін секілді. Рас, Мемлекет басшысы карантин режимін ұзартты. Алайда көптеген салада қайта жаңғыру басталып, ісін жалғастырған мекемелер өз жоспарларымен бөлісіп, алдын алу шараларын жария етіп жатыр. Ал, біздің лиганың бар-жоғы белгісіз. Тіпті, карантиндегі шектеу шаралары азайып, командалардың жаттығуына рұқсат берілді. Соған қарамастан біріншіліктің қай күні басталуы мүмкін деген мәселе күн тәртібінен түспей тұр. Футбол лигасы әлемде ең соңғы болып, өз шешімін жариялайтын шығар. Қазір тек жорамалдап қана отырамыз. Біреулер маусым айының басында алаңға ораламыз дейді. Әрине, стадиондарға жанкүйерлер жіберілмейді. Бірақ бұл шектеудің қазақ футболына бәлендей әсері жоқ. Ойыншылар онсыз да бос стадионда доп теуіп үйренген. 

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров