Жарнама
Жарнама

Жеңілмеген үштік - “Ордабасы”, “Елімай” және “Қайрат” қалай сүрінбей келеді?

Бүгін, 14:47

Қазақстан Премьер лигасының 2026 жылғы маусымы алғашқы жеті турдың қорытындысы бойынша нағыз фавориттердің бет-бейнесін айқындағандай. Турнир кестесінде әлі де жеңіліс дәмін татпаған небәрі үш ұжым — "Ордабасы", "Елімай" және "Қайрат" көш бастап тұр. Бұл клубтардың ортақ қасиеті тек жинаған ұпайларында емес, кез келген қиын жағдайда мінез көрсетіп, нәтиже шығара алуында болып отыр. Мәселен, бірі соңғы минуттардағы голдардың арқасында маңызды ұпайларды жұлып алса, екіншісі сырт алаңдағы қысымға қарамастан тұрақты ойын өрнегін сақтауда, ал үшіншісі басты фаворит мәртебесін лайықты қорғап келеді. Осы жеті турдың көрсеткіштеріне сүйенсек, аталған үштік дәл қазіргі сәтте ел чемпионатының ең мығым әрі тактикалық тұрғыдан сауатты ұжымдары екенін толық дәлелдеді.

Жарнама
Жарнама

“Ордабасы"

Шымкенттік ұжымның жеті тур бойы жеңіліссіз келе жатқан сериясы кездейсоқтық емес, бұл — жүйелі дайындық пен мызғымас мінездің көрінісі. Маусымның шымылдығын "Ертіспен" болған тартысты 2:2 есебіндегі тең ойынмен ашқан "Ордабасы” сол сәтте-ақ өзінің қайсарлығын танытты. Роман Федин, Эвертон Мораес, Павел Седько және Елхан Астанов сынды ойыншылар гол соққан сол кездесудегі нәтиже команданың биылғы табиғатын айқындап бергендей болды. Өз алаңында ұпай бөлісу алғашқыда мін болып көрінгенімен, бұл матч клубтың соңғы секундқа дейін аянып қалмайтынын және матч тағдырын соңына дейін өзгертуге қауқарлы екенін дәлелдеді. Дәл осы күрескерлік рух "Ордабасыны" биылғы ҚПЛ-дің басты күштерінің біріне айналдырып отыр.

Екінші турда “Жеңісті” сырт алаңда 2:0 есебімен жеңді. Бұл ойында Елхан Астанов пен Жасұлан Әмір мергендік танытты. Үшінші турда “Қайсарды” 2:0 тізе бүктірді — гол авторлары Димитар Митков пен Никола Антич. Төртінші турда “Атыраумен” 1:1 ойнағанда да, Шымкенттіктер жеңілістен соңғы сәтте аман қалды, есепті алдымен Игорь Дорофеев ашса, “Ордабасы” сапынан тағы да Елхан Астанов құтқарушы рөлін атқарды.

Бесінші турда “Астанамен” болған сырт алаңдағы 1:1 есеп те осы мінездің жалғасы еді, "Ордабасы” сапынан Жасұлан Әмір гол соқты, ал қарсы жақта Ян Вороговский есепті теңестірді. Алтыншы турда “Оқжетпесті” 2:1 есебімен тізе бүктіргенде, матчтың драмасы тіпті күшейді, алдымен Сергей Малый есеп ашты, кейін Гильерме Ассунсау есепті теңестіргенмен, Аян Тоқтыбай шешуші сәтте жеңіс голын соқты. Жетінші турда “Қызылжарды” сырт алаңда 2:1 есебімен жеңуі де маңызды матч болды. Бұл ойында алаң иелерінен Этьен Бугре есеп ашты, кейін Демият Сламбеков мен Елхан Астанов “Ордабасының” пайдасына таразыны аударды.

“Ордабасының” басты ерекшелігі қиын кездерде де гол соға білуі. Бұл ұжымда жүйе де бар, мінез де бар. Клуб осы бетінен таймау керек.

“Елімай"

Семейлік клубтың бұл маусымдағы ең үлкен күші — тұрақтылығы. “Елімай” бірінші турда “Оқжетпеспен” 1:1 ойнады. Екінші турда “Алтаймен” тағы да 1:1 тіркелді, Семейліктер сапынан Рамазан Оразов, қарсы жақтан Попов мерген атанды. Яғни “Елімай” маусым басында керемет қарқын алмаса да, ұпай жоғалтпай жүрді.

Ал үшінші турда команда барлығын таңғалдырды, сырт алаңда “Ақтөбені” 4:1 есебімен талқандады. “Ақтөбе” сапынан Артур Шушеначев, ал “Елімай” үшін Фессу Плакка, Роман Мұртазаев, Айбар Жақсылықов және тағы да Роман Мұртазаев гол соқты. Төртінші турда “Тобылды” 1:0, бесінші турда “Жетісуды” 1:0 есебімен ұтқан кездерде де Роман Мұртазаев мергендігімен көзге түсті. 

Алтыншы турда “Астанамен” 2:2 ойнаған матчта “Елімайдың” шабуыл шебінің қуаты анық көрінді. Жетінші турда “Қайратпен” 2:2 есебіне қол жеткізуі Семейліктер үшін маусымдағы ең жақсы нәтижелерінің бірі екені сөзсіз Бұл ойында “Елімай” сапынан Фессу Плакка мен Арсен Әшірбек, ал Алматылықтардан Ойва Юккола мен Эдмилсон мерген атанды.

"Елімайдың” биылғы феноменінің сыры қарапайым: команда артық жарнама мен асыра сілтеуден (хайптан) гөрі, нақты нәтиже мен тиімділікке басымдық береді.

“Қайрат"

Чемпиондар бірінші турда “Алтайды” 1:0 есебімен ұтып, жалғыз голды Жоржиньо соқты. Екінші турда “Ақтөбені” 1:0 есебімен жеңіп, бұл жолы Дастан Сәтпаев көзге түсті. Үшінші турда “Жетісумен” 0:0 ойнап, алғаш рет ұпай бөлісті. Бірақ төртінші турда-ақ “Қайрат” маусымның ең маңызды матчтарының бірін өткізді. “Астананы” 4:0 есебімен қиратып өтті. Гол авторлары — Жоржиньо, Дастан Сәтпаев және Александр Мартынович. 

Бесінші турда “Тобылмен” 1:1 ойнағанда есепті алдымен Никола Милованович ашып, кейін Дастан Сәтпаев жауап қатты. Алтыншы турда “Каспийді” 2:0 есебімен ұтып, Эдмилсон мен Жоржиньо гол соқты. Жетінші турда “Елімаймен” 2:2 ойнаса да, тағы да жеңілмеді. 

"Қайраттың" басты басымдығы — ойын стилінің әмбебаптығында. Команда бір қалыпқа байланбай, кез келген қарсыласқа қарсы тиімді тактика таңдай алатынын дәлелдеп келеді.

"Ордабасы” соңғы минуттарда мінез көрсетіп, ойын тағдырын өзгерте алатын қауіпті ұжымға айналды. "Елімай" болса, артық шу шығармай-ақ, турнир кестесінде айтарлықтай ұпай қорын жинап, салмақты бәсекелеске айналып үлгерді. Ал "Қайрат" маусымның алғашқы турында-ақ басты фавориттердің бірі екенін іспен дәлелдеп, өз беделін нығайтып келеді. Осы орайда жеті турдан кейінгі басты сұрақ туындайды: осы үштіктің қайсысы алғашқы болып сүрінеді, әлде бұл жеңіліссіз серия тағы бірнеше турға жалғаса ма? Барлығын уақыт көрсетпек.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров