Жарнама
Жарнама

Жеңіске пара-пар нәтиже

04.11.2015, 05:10
Жарнама
Жарнама
"Астана" ішкі чемпионатта да, Чемпиондар Лигасында да өз жанкүйерлерін қуантуда. Елордалықтар Премьер-Лигада "Қайратты" басып озып көш бастаса, Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінде тағы бір ұпайды қанжығаға байлады. Өз алаңында Станимир Стойлов шәкірттері "Атлетиконың" өз қаруын өзіңе қарсы қолданып, тең нәтижені еншіледі.  "Симоне бірнеше негізгі футболшыларына демалыс береді"- деп испан басылымдары сенімді жазғанымен, аргентиналық маман матч басынан алаңға негізгі құрамды шығарды. Тек, Джексон Мартинес пен Фернандо Торрес рөлдермен алмасты. Испан чемпионатында, тіпті сол "Астанаға" қарсы өткен бірінші матчта да ойын барысында Торрес колумбиялық шабуылшыны алмастыратын. Бұл жолы керісінше болды. Белгісіз себептермен матчқа қатысатын футболшылар тізімінен Таңат Нөсербаевты таппадық. Жарақат алып қалды, немесе басқа да жағдайлар орын алды деген хабарды клуб тарапынан естіген жоқпыз. Алайда, соңғы ойындарда негізгі құрамда үздіксіз шығып жүрген Таңатқа, Стойловтың демалыс бергені шығар болжадық. Қорғаныс шебі өзгеріссіз болса, жартылай қорғаныста Жуковтың орнына Серікжан Мұжықовты шығарды. Ал, "Атлетико" қорғаушыларының жиі-жиі мазасын алу Кабанангаға тапсырылды. Ойынның алғашқы минуттарын қос команда барлаумен өткізді. Қонақтар "Астана" футболшыларын өз айып алаңдарына жақындата қоймады. Тек айып соққысынан кейін, Шомко Ян Облак иелігіне допты асырғанымен, футбол снарядын қақпаға бағыттайтын әріптесі табылмады. "Атлетико" футболшылары алаң иелерінің кішігірім шабуылынан кейін де, допты бақылауда ұстап, жасанды жасыл алаңға бой үйрете бастады. Алғашқы ең қауіпті сәтті ұйымдастыру да "Атлетико" футболшыларына бұйырды. Бұрыштамадан кейін "Астана" айып алаңында орын алған қарбалас сәтті Тьягу Мендеш ұтымды пайдаланып, соққы бағыттағанымен, Постников ерлік танытты. Орталық қорғаушы португал футболшысының соққысына төселе кетіп, қақпаны голдан аман алып қалды. Шыны керек, Стойлов сенім артқан Кабананга өзіңе асырылған әрбір доп үшін таласып жатты. Екі қорғаушының қыспағында тұрып допты өз иелегіне бағындырды, немесе допты ұзағырақ ұстап, әріптестерінің шабуылға араласуын күтті. Сондай бір сәтте, африкалық шабуылшы Хименесті айналып өтіп, айып алаңға еніп кетті. Алайда, Бауыржан Жолшиевке бағыттаған пасына қорғаушылардың бірі тосқауыл қоя білді. Матч басында қақпаға доптың енуіне тосқауыл болып, жанкүйерлердің ықыласына бөленген Постников, өрескел қателік жіберді. Ұшқан доптың бағытын бағамдай алмай, артынан сытылып шыққан Торреске қарай допты жіберіп қойды. Абырой болғанда, даңқты сұрмерген қақпаны дәл көздей алған жоқ. Бірінші таймның ортасынан аяғына дейін, ойын тең нәтиже өтті десек қате айтпаспыз. Тек, допқа иелік ету көрсеткішінен есе жіберді демесек, елордалықтар қалған ойын компаненттерінде тең түсті. Тіпті, "Астана" футболшылары қақпаға екі мәрте дәл соққы бағыттаса, қонақтар Эрич қорғаған қақпаға бірінші таймда допты дәл дарыта алмай-ақ кетті. Дегенмен, шыны керек бірінші таймдағы ең қауіпті сәт "Атлетико" футболшыларының еншісінде еді. Матчтың алпысыншы минуттарынан бастап қана "матрасниктер" шындап іске кірісе бастады. Допты өз иеліктеріне алып, "Астана" қорғанысынан саңылау табуға білек сыбана кірісті. Симоне команда ойынына өзгерістер енгізуге тырысты. Алаңда көрінбей кеткен Торрестің орнына Мартинесті шығарды. Екі апта бұрын Стойлов шәкірттерінің басын айналдырған Каррасконы ойынға қосты. Әйтсе де, қорғанысымыз сыр берген жоқ. Гризманн айып алаңға еніп, допты алыс бұрышқа бағыттағанымен соққысы әлдейқайда қиыс кетті. Оның үстіне, Эрич те бәрін өз бақылауында ұстап тұрған еді. Стойлов алаңда "адасып" қалған Мұжықовтың орнына Жуковты шығарып, орталық алаңды тірілтуге тырысты. Өкіншке орай екінші таймда белсенділік таныта алмаған Кабананганы Щеткин  алмастырды. Қорғаныста да, шабуылда да көрініп, әбден шаршаған Жолшиев алаңдағы орнын Бейсебковқа босатты. Соңғы минуттар синдромы.. Кейде тіпті, соңғы секундартар да қазақ футболының аяғынан шалып жатты. Сол үшін де, "Атлетико" соңғы минуттарда шабуылдаған кезде, жанымыз мұрнымыздың ұшына келді. Алайда, "Астана" төтеп беріп, ешкім күтпеген нәтижені тіркеді. "Астана" топтық кезең аясындағы өз үйіңде өткізген алғашқы ойында "Галатасараймен" тең түсіп, жанкүйерлерді қуантқан еді. Ал, бүгінгі жеңіске пара-пар тең нәтижені қазақ футболының алтын қорына сақтап қоюға болады. Симоне көреген бапкер екенін, "Астанаға" қарсы өткізген екі ойын кезінде тағы дәлелдеп берді. Испаниядағы ойын алдында қазақстандық команданы өз командама ұқсатамын деген еді. Ал, кеше "Астана" жүйелі ойын өрнегін көрсетеді деп мәлімдеді. Содан сескенсе керек, бүгін алаңға негізгі құрамды шығарды. "Атлетико", құрамы өзінен әлдеқайда мықты қарсылпен кездескенде, дәл бүгінгі "Астанадай" ойын көрсетеді. Осындай ойын жүйесінің арқасында екі жыл бұрын Чемпиондар Лигасының финалына шықты, Испан Премьерасында "Реал" мен "Барсаның" гегемониясына шектеу қойды. Шыны керек, "Астана" "Атлетиконың" өз қаруын өзіңе қарсы қолданды. Жүйелі ойын көрсетті, әрбір футболшы өзіңе жүктелген міндетті артығымен орындады. Алыптың атағынан қорықпады, иық тірестіре ойнауға ұмтылды. Чемпиондар Лигасы. 4-ші тур. B тобы.  Астана-Атлетико 0:0 Астана: Эрич; Илич, Постников, Аничич, Шомко; Каньяс, Максимович, Кетевоама, Жолшиев(Бейсебеков,90), Мұжықов(Жуков, 78); Кабананга(Щеткин,80) Атлетико: Облак; Сикейра, Хименес, Годин, Хуанфран; Тиагу Мендеш, Габи, Коке(Оливер Торрес, 82), Сауль(Карраско), Гризманн; Торрес(Мартинес,64)   Фараби Әбдіхалық    
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров