Жарнама
Жарнама

«Жетісай» клубының директоры Нұрлан Қонарбаев: біздің мақсат - Премьер-лигаға шығу

12.09.2025, 14:27

2024 жылдан бері ғана Бірінші лигада ойнап келе жатса да, Ерлан Шойтымов баптайтын «Жетісай» клубы 21 турдан кейін 38 ұпаймен 5-орында тұр. Осы орайда команданың директоры Нұрлан Қонарбаев клубтың қазіргі жағдайы мен алдағы мақсаттарына тоқталды.
 

Жарнама
Жарнама

Көптеген сарапшылар Бірінші лигадағы фавориттердің қатарына «Ertis», «Шахтер», «Каспий», «Алтайды» санап еді. Алайда кейінгі турда «Жетісай» да бұл командаларды қуып жетіп қалды. Биылғы маусымдағы мақсаттарыңыз қандай?

    ⁃    Биылғы маусымда да жеңіске «аш» едік. Алайда бірінші айналымда қажет емес жерлерде ұпай жоғалттық. Жазғы трансфер кезеңінде өзіміздің көшбасшыларымыз - Рамазан Абылайхан, Мирас Мұхамбетжанұлын қатарымызға қайта қостық. Одан бөлек те шабуылшы Байжан Мәделхан (5 гол соқты) және бірқатар ойыншыларды алдық. Осы күшейтулердің арқасында кейінгі 7 матчтың 6-ында жеңіске жеттік. Біздің мақсат - барынша жоғарғы орында көріну және Премьер-лигаға шығу. 

2024 жылы көпшілікті таңғалдырып, бірінші айналымда  «Каспий» мен  «Жетісай» алға ұзап кетіп еді. Алайда екінші айналымда сіздердің қарқындарыңыз төмендеп қалды. Бірақ биыл жағдай керісінше. Сіздер фавориттерді қуып келесіздер. Бұның сыры неде?

    ⁃    Әрине 2024-жылы бірінші айналымда жақсы көрсеткіш көрсетіп, екінші айналымда бірқатар ойыншыларымыз жарақат алды. Оның үстіне шешуші ойындарда жеңіс голын соғып жүрген шабуылшы Бекнұр Рысқұл Черногория чемпинатының «Единство» клубына ауысып кетті. Өкінішке қарай, екінші айналымда күшіміз жетпей қалды. Әйтсе де, 2024 жылы алғаш рет Бірінші лигада доп тепкен «Жетісай» біраз мықтыларды сан соқтырды.

Премьер-лигадағы клубтардың саны 16-ға өседі деген ақпар тарады. Егер алда-жалда жүлдегерлердің қатарына еніп қалсаңыздар,  «Жетісай» клубы Жоғарғы лигада ойнауға дайын ба?

    ⁃    Жоғарғы лигада ойнау кез-келген клубтың арманы ғой. Біз осыған толықтай жұмыс жасап келеміз. 2024 жылы шиеленісті чемпионатты 7-орында аяқтап едік. Ал биыл әлі де ТОП-3-тен үмітімізді жоғалтпадық.

«Жетісай» клубының бірқатар ойыншылары Премьер-лиганың бірқатар клубтарында өнер көрсетті. Осы орайда футболшыларыңыз қаншалықты жоғары деңгейде өнер көрсетуге дайын?

    ⁃    Иә. былтырғы сәтті маусымнан кейін Премьер-лигадағы клубтар бірқатар ойыншыларымызға қызығушылық танытты. Қақпашы Мирас Мұхамбетжанұлы «Тұранға», қорғаушы Даниель Мауленов «Ұлытауға», Сағи Мәлікайдар «Тұранға», жартылай қорғаушы Ринат Серікқұл «Жетісуге», шабуылшы Рамазан Абылайхан «Ұлытауға» ауысты. Клуб 2023 жылы ғана құрылып, қомақты бюджеті болмаса да, соңына дейін ойнау арқылы өздерін жақсы қырынан таныта білді. Қазір командадағы ойыншылардың орташа жасы - 22,6-ны құрайды. Бұйырса, «Жетісай» клубынан ұлттық құраманың намысын абыроймен қорғайтын футболшы шығады деген сенімдеміз. 

2024 жылы легионерсіз ойнау көптеген клубтардың деңгейін теңестіргендей көрініп еді. Нәтижесінде сіздерден Ернар Қоспаев, Рамазан Абылайхан және т.б футболшылар ерекше көзге түсті. Биылғы маусымда да жаңа есімдер бар ма екен?

    ⁃    Ернар Қоспаев, Рамазан Абылайхан сынды жігіттердің қасында 2024 жылы QJ League-да үздік жартылай қорғаушы атағын жеңіп алған Мирас Рахметов «Жетісайдың» намысын абыроймен қорғап жүр. Сонымен қатар, 17 жастағы Ернұр Базарбайдың да құлшынысын ерекше атап өткен жөн. Ал капитан Даурен Мажитов пен Елжас Сарыбайдың мол тәжірибесі жасыл алаң мен жаттығу бөлмесінде үлкен рөл ойнайды.

Маусымның аяқталуына 5 тур ғана қалды. Қай клубтарды фаворит ретінде есептейсіз?

    ⁃    Ақтаудың «Каспий» клубы өткен маусымдағы сәтсіздігінен кейін сабақ шығарып, тұрақты түрде көшбасында келе жатыр. Біздің ойымызша, дәл осы ұжым чемпион атанады деп ойлаймыз. Ал Премьер-лигаға фавориттердің қатарына өзіміздің «Жетісайды» қалыс қалдырмаймыз.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров

Материалда: