Жарнама
Жарнама

«ЖЕТІСУ» НЕГЕ «ЖЕТЫСУ», «ТОБЫЛ» НЕГЕ «ТОБОЛ»?

04.05.2011, 23:50
Жарнама
Жарнама

«Бұл қай елдің командасы?» деген айдармен, тура осындай тақырыппен осыдан үш-төрт жыл бұрын еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанға» (кейіннен «Ана тіліне», 19.03.09.) мақала жазған едік. Ешкім елеңдеген де, ешкімді елеңдеткен де жоқ. Түсінікті болу үшін сол үш-төрт жыл бұрын жазылған мақаладан үзінді келтіре кетейік: «Осыдан жарты жыл бұрын «Егемен Қазақстанда» (09.04.04) жарияланған «Шаңыраққа қарасақ қайтеді?!» атты мақалада біз айтқалы отырған ойдың бір шеті көрініс тауыпты. Ойды ой тудырады деген, ілгеріректе «Екібастұз қаласы», «Екібастұз» командасы деп жазып жүруші едік.

]Қазір «Экибастузец» немесе «Екибастузец» деп атайтын да, («Егемен Қазақстан», «Күтпеген нәтижелер, жерге қараған жанкүйерлер», 09.04.04) жазатын да болдық. Жалпы, атау қай тілде жазылса да, сыртқы өзгеріске түспеуші еді ғой. Мысалға алсақ, ағылшынша атауларды тек сол тілде ғана емес, латын қарпімен, ешқандай қатесіз қазақ, орыс басылымдарында жазып жүрміз ғой. Бұл біздің кемшілігіміз бе? Жоқ, керісінше, жетістігіміз, сауаттылығымыз, өзгелерден біліміміздің жоғары тұрғандығы. Ал біз «Жеңісті» – «Женис», «Есілді» – «Есиль» («Ишим» демегеніне шүкір), «Ертісті» – «Иртиш» деп негізгі мағынасынан ғана емес, сыртқы пішіні бойынша да бірнеше өзгеріске түсіріп, (әрине, орыс басылымдарында) шімірікпейтін халге түстік. Бұларды қойшы, ең сорақысы, «Алма-Ата» командасының атауы. Мұны қалай түсінуге болады? Жалпы, осы атау қайдан шықты? «Алматы» десе, түсінеміз. Ол – Қазақстандағы ең ірі, ең әсем қала. «Алма-Ата» – оның Кеңес өкіметі кезіндегі орысша атауы. Білмейтіндер болса айтайық, Президенттің арнайы Жарлығымен («Қазақстан Республикасының астанасы туралы», 1995 жылғы 15 қыркүйек) орысша атауының өзі Алматы деп өзгертілді. Бірақ бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, шетелдік (негізінен, Ресей) басылымдарындағы «Алма-Ата» атауы енді Алматы қаласының футбол командасына қойылыпты. Бұл – елдің заңын мойындамау, оның талаптарына бағынбау деген сөз емес пе. Яғни оның суын ішіп, дағарасына отыру ғой. Бұған жол бергеніміз заңға қайшы болмай ма?!.» Байқасаңыздар, бұл төрт жыл ішінде ешқандай өзгеріс бола қоймаған. «Баяғы жартас – бір жартас…» Жалпы, біз өзіміздің төл атауларымыз бен төл сөздерімізді өз тілімізде неге жаза алмай жүрміз? «Жетісу» неге «Жетысу», «Қайрат» неге «Кайрат», «Тобыл» неге «Тобол», «Ертіс» неге «Иртыш», «Ақтөбе» неге «Актобе», «Қайсар» неге «Кайсар» болуы тиіс? Өскеменнің командасы неге «Восток» аталады? Ресейдің де оңтүстігі, солтүстігі, батысы, шығысы бар. Онда неге «Шығыс» деген команда жоқ? Осы командаға басқа қазақша атау (ә, ғ, қ, ң, ө, ұ, ү, һ, і деген әріптерсіз) табылмаса, оны неге осы қалпында «Шығыс» деп атамаймыз? Ол орыс басылымдарында еш өзгеріссіз осылай жазылуы керек емес пе еді? Бұлай істеуге бізге кім кедергі? Ешкім. Бәрі өзіміздің қолымызда. Барлық іске немқұрайды қараймыз. «Бұрын солай аталып келген, мұнда тұрған не бар?» деп қоя саламыз. Астана қаласының футбол командасы Елорда болғалы түрлі атауға ие болды. Соның бірі – «Жеңіс», біріншілікте бағы ұдайы жана бермеген соң бұл атаудан бас тартуға тура келді. Қазақ темір жолының қамқорлығына берілген командаға жаңа атау іздедік. Қаншама әдемі ұсыныстар болды. Соның бірі – «Тұлпар». Жоқ! «Локомотив» дедік. Бұл атау темір жолға бір табан жақын болғандықтан. Сол темір жолдың бір компаниясы қазір «Локомотив» емес, «Тұлпар» деп аталады. Парадокс па, парадокс! Жөнсіздіктің де жөні бар ғой. Бұған түбінде біреу жауап беруі керек! Кім? Бір қуанарлығы, осы күндері «Алма-Ата» клубы тарап кетті. Енді бұл атау газет-журналдарға шықпайтын, біздің көңіл-күйімізді бұзбайтын болды. Оған да шүкір. Бақсақ, атаулар, көбінесе, екі түрлі жазылатын тек Қазақстан екен. Қазақша, орысша жазылу ерекшеліктерін (Ақтау – Актау, Қызылорда – Кызылорда, Талдықорған – Талдыкорган) былай қойғанда: жоғарыда аталып өткендерден басқа Қарағанды – Караганда, Орал – Уральск, Өскемен – Устькаменогорск, т.т. Мұндайды қай елден көрдіңіз? Көрші Қырғыз елі, Өзбекстанда бар шығар, бірақ дәл осындай сорақы емес. Енді атаулы сөздерді – қала, ауыл, мекеме, спорт командаларының атауларын қазақ транскрипциясымен жазуды қолға алу керек. Жанкүйерлеріміздің басым бөлігі балалар мен жастар. Олар сүйікті командаларының атауларын жаттап өседі. Қазақ тілінде жаттаса, сол күйі есте қалады. Бұл – тілді үйретудің де бір оңтайлы тетігі. Өз елімізде отырып, өзге елдің атау сөздерін сол тілде жазамыз да, өз атауларымызға келгенде сырғақтай жөнелеміз. Ондай жағдайда мемлекеттік тілді кім сыйлайды, қазақ тілін қалай өркендетеміз? Осы төңіректе ойланатын, ойласатын мәселе көп. Оларды шешетін, шешкенде де ұлттық тұрғыдан шешетін кез келді. Келер ұрпақты екіұдай ойда қалдырмас үшін. Оларды шатастырмас үшін. Дүрәлі ДҮЙСЕБАЙ
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров