Жарнама
Жарнама

«Жетісу» өткелде ат ауыстырды

27.04.2023, 21:38
Талдықорғандық команда бапкер ауыстырып, елді елең еткізді.
Жарнама
Жарнама

Қазақстан премьер-лигасында жақсы нәтиже көрсетіп, ойынымен көпшілікті тәнті етіп жүрген «Жетісу» командасы неге екені түсініксіз, бапкер ауыстырды. Маусым басынан бері Алмас Құлшынбаев баптап келген бұл ұжымның басшылығы неге ондай шешім қабылдағаны белгісіз. 7 ойында 7 ұпай жинаған «Жетісу» қазір 10 орында келе жатыр. Иә, былай қарасаңыз орташа нәтиже. Алайда, команданың Бірінші лигадан кездейсоқ шығып кеткенін ескерсек, онда алып-қосар ештеңе жоқ. «Тараздың» орнына аяқ асты ҚПЛға жолдама алған талдықорғандық команда алғашқы турларда кілең фавориттермен кездесті.

Мысалы, алғашқы турда «Жетісу» «Ақтөбемен» кездесті. Ойынның 85-минутына дейін олар есепті теңдей ұстап келді. Одан кейін «Астанамен» ойында, жалғыз пенальти матч тағдырына түбегейлі әсер етті. Үшінші матчта «Жетісу» «Ордабасыға» сырт алаңда жол берді. Шымкенттік команда биыл қатты күшейді. Ал төртінші ойында «Жетісу» соңғы секундта «Тобылдан» гол жіберіп алды. Енді қараңыздар, осы аталған үш команда өткен маусымда үздік үштікте болған командалар ғой. Олардан 1 ұпай алып, тең түскен «Жетісуға» бұл төмен көрсеткіш емес. Одан кейін «Қайрат» пен «Мақтааралды» сырт алаңда жеңіп кеткен «Жетісу» өзіне деңгейлес қарсыластарды жеңе бастаған еді. Міне, осыдан кейін бапкер ауыстыру қаншалықты қисынды екені белгісіз?

Мақұл, команда бас бапкері болып Асқар Қожабергенов келді. Асқар Сейдахметұлы қазақ футболына еңбегі сіңген адам. «Хан Тәңірі» деген команданың бапкері болған. Енді, міне, өзінің байырғы командасына қайта оралып отыр. Бұл шешімді расын айтқанда Нагельсманды жұмыстан кетіріп, Тухельді алып келген «Баварияға» ұқсатып отырмыз. Бапкер ауыстырып, маңызды матчта жеңілген «Бавария» елге күлкі болмап па еді? 

Нұрасыл Мұратбек

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров