Бразилиялық шабуылшы Жоао Пауло Jovem Pan News Natal радиосына берген сұхбатында Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетуге қаншалықты жақын болғанын және бұл бастаманың не себепті жүзеге аспай қалғанын айтып берді, деп хабарлайды Aladop.kz.
Футболшы маусым қорытындысы бойынша үш жеке марапатты жеңіп алып, оларды алу үшін Қазақстан футбол федерациясына барған. Oл жерде Ұлттық құраманың бас бапкері өз штабымен бірге одан: «Жоао, Қазақстан құрамасы үшін ойнауға қалай қарайсың?» деп сұраған. Жоао Пауло бұған: «Бұл мен үшін үлкен мәртебе болар еді» деп жауап беріп, барлық қажетті құжаттар ресімделген.
Шабуылшының айтуынша, халықаралық мансабынан бас тартуға Бразилия азаматтығынан және туған төлқұжатынан бас тарту қажеттілігі мен соған байланысты заңды шектеулер себеп болған.
Бразилия төлқұжаты көптеген елдерге қиындықсыз кіруге мүмкіндік береді, ал Қазақстан төлқұжатының халықаралық сапарлар үшін мүмкіндіктері шектеулірек. Егер ол Бразилиялық паспортынан бас тартып, кейін құрамаға өте алмай қалса, демалыс кезінде өз үйіне қайту үшін де виза алуға мәжбүр болатын еді.
Кейіннен Жоао Пауло жарақат алып, оны құрамада көргісі келген бапкер кеткен соң, бұл мәселе өздігінен жабылды.
Қазіргі уақытта 38 жастағы Жоао Пауло Қазақстан Премьер лигасында Шымкенттің «Ордабасы» және Алматының «Қайрат» клубтарында өнер көрсеткен. Ол 2020, 2023 және 2024 жылдары Қазақстан чемпионатының үздік сұрмергені атанған болатын.
Біздің серіктес: FONBET