Жарнама
Жарнама

Жұлдыз сөне ме деп едік, күнге айналды…. Алтын бутсадан — алтын акцияға

18.04.2025, 08:00

Аңыз ойыншы Криштиану Роналду 40 жасында мансабын жалғастырып қана қоймай, футбол тарихына тағы бір елеулі бет қосты. Сауд Арабиясының "Әл-Наср" клубымен жаңа келісімшарт жасасуға жақын тұрған Португалиялық жұлдыз бұл жолы бұрын-соңды болмаған келіссөздер жүргізуде: жылына 200 миллион еуро көлеміндегі жалақысы сақтала отырып, клуб табысынан үлес алу шарты да келісімге енгізілмек. Бұл — футболдағы жаңа қаржылық дәуірдің айқын көрінісі.

Жарнама
Жарнама

Жаңа келісімшарт — жай ғана футболшы мен клуб арасындағы мәміле емес. Бұл — споро әлеміндегі - глобализация. Сауд Арабиясы спортты экономикалық және идеологиялық құралға айналдырса, Роналду осы стратегияның басты бетке ұстар тұлғасына айналып отыр.

Еуропаға оралу туралы уәде қайда қалды?

2022 жылдың қысында Роналду Сауд лигасына ауысқанда, Еуропаға қайта оралуын мақсат тұтатынын мәлімдеген болатын. Алайда бүгінгі таңда ол осы ойынан айнып, Таяу Шығыста мансабын жалғастыруды жөн көріп отыр. Бұл шешім — тек қаржылық пайда емес, сонымен қатар жаһандық ықпал, кәсіби абырой және тарихи мұра үшін жасалған стратегиялық қадам десек болады.

1000 гол — шындыққа айналатын арман

Қазіргі таңда Роналдудың ресми голдар саны — 934. Сауд Арабиясында 99 матчта 90 гол соққан ол, жаңа келісім аясында өз карьерасындағы 1000-шы голын соғатын мүмкіндікке ие. Егер ол қазіргі қарқынын сақтаса, алдағы екі жылда бұл межеге жетуі — уақыт еншісіндегі дүние.

Әлем чемпионы болуға бір қадам

206 рет ұлттық құрама жейдесін киген Роналду үшін 2026 жылғы әлем чемпионаты — ең соңғы мүмкіндігі. АҚШ, Канада және Мексикада өтетін доп додасында ел намысын қорғап орындалмай келе жатқан арманына жетуге бар күшін салары анық

Шығыс пен Батыс

Футболдағы салмақ орталығы Еуропадан сырғып бара жатқандай. АҚШ Мессиді "Интер Майамиге" шақырып, өз нарығын кеңейткісі келсе, Сауд Арабиясы Роналдуды бетке ұстап, жаңа футбол орталығын қалыптастыруда. Бұл — Шығыс пен Батыстың спорттағы жаңа теке-тіресі.

Криштиану Роналду – тек футболшы ғана емес, тұтас бір дәуірдің символы. Оның әр шешімі футбол әлемін өзгертіп, жаңа бағыттарға жол ашуда. Ал бұл жолы ол жай ғана келісімшартқа қол қойып отырған жоқ — ол футбол болашағының жаңа орталығын белгілеуде.

Айболат Өнер

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров