Жарнама
Жарнама

Жұмыссыз жүрген ТОП-10 бапкер

Мұндай керемет бапкерлердің жұмыссыз жүргені өкінішті-ақ.
Жарнама
Жарнама

Біздің бұл тізімге тек осы маусымда немесе маусым басталғанға дейінгі аралықта жұмыстан шығарылған бапкерлер кірді. Олардың әрқайсысы алдағы маусымды жаңа клубпен бастайтын шығар.

Маурисио Почеттино, 47 жаста

Соңғы клуб: "Тоттенхэм"

«Тоттенхэмдегі» қызметінен кетуіне және 2019/20 маусымының сәтсіз басталуына қарамастан, аргентиналық жаттықтырушыға тек Премьер-Лиганың ғана емес, сонымен қатар Еуропаның алпауыт командаларынан да үлкен сұраныстар бар. Лондондық клубтан кеткен соң, Почеттино Англияда немесе Испанияда жұмыс істегісі келетінін мойындады. "Барселона" мансабын жалғастыруға болатын орындардың бірі деп аталған еді, бірақ көп ұзамай каталондық клубқа Энрике Сетьеннің тағайындалуына байланысты бұл таңдау өздігінен жоғалып кетті. Ал қазіргі кезде оны "Ювентустың" бапкері болады деген ақпараттар таралып жатыр. Ия, мұндай керемет бапкердің жұмыссыз жүргені жарамайды.

Массимилиано Аллегри, 52 жаста

Соңғы клуб: "Ювентус"

«Ювентустан» кетіп қалғаннан кейін, Аллегри ұзақ үзіліс жасап, қазіргі кезде болашағы туралы ойлануда.

"Ювентуста" бес жыл жұмыс істеген соң, қайтып оралып, жаман істер жасағым келмейді. Клубпен жұмысты тоқтата салысымен, бір маусым үзіліс жасау туралы шешім қабылдадым. Маған қиын таңдау жасауға тура келіп тұр. Миланда ағылшын тілінен сабақ алып жатырмын. Барлығы ойымдағыдай болып жатыр. Мен ағылшынша фильмдерді көріп жүрмін, егер мен ағылшынша бірдеңе көріп қалсам, онда мен оны жақсы түсінемін", - деді бапкер желтоқсан айында берген сұхбатында.

Демек, Аллегри ағылшындық клубтардың бірін жаттықтыруы мүмкін.

Марселино Тораль, 54 жаста

Соңғы клуб: "Валенсия"

2019 жылдың қыркүйегінде Торальдің "Валенсиядан" кетуі Ла Лигадағы ең маңызды оқиғалардың бірі болды. Өткен маусымда ол "жарқанаттармен" жақсы нәтижелерге қол жеткізді (Испания Кубогын жеңіп алды, Ла Лигада 4-орынды иемденіп, Чемпиондар лигасына жолдама алды). Бірақ бұл Марселиноға жұмыста қалуына көмектеспеді - "Валенсияның" ақылсыз президенті Питер Лим де команданың бас жаттықтырушысымен болған ұрыс-керіске төтеп бере алмай, одан арылғысы келді. Марселино клубтан кеткеннен кейін оған "Эвертон", "Арсенал" және "Монако" қызығушылық танытты, бірақ бұл клубтардың әрқайсысы басқа бапкерді таңдады. Дегенмен, мұндай білікті маман ұзақ уақыт жұмыссыз қалуы екіталай.

Эрнесто Вальверде, 55 жаста

Соңғы клуб: "Барселона"

Эрнесто Вальверде «Барселонада» ұзақ уақыт азап шегіп, ақыры демалысқа шықты. Екі жақ үшін де бұл өткен 2,5 жыл ішінде жеңістер қуанышына қарағанда әлдеқайда көп көңілсіздік әкелді. Енді Эрнестода мансабын қайта бастайтын клубты таңдауға жеткілікті бос уақыт болады. Ол жаман маман емес, бірақ келесі жолы ол қарапайым, ортаңқол команданы таңдауы керек секілді. Сонымен қатар, Топ-5 чемпионаттардың кез-келгенінде бұл бапкерге мұқтаж ортаңқол командалар көп.

Унай Эмери, 48 жаста

Соңғы клуб: "Арсенал"

Эмери ұзақ уақыт жұмыссыз қалмайды деген тұжырымға дәлел үшін үш фактіні айтуға болады. Біріншіден, ол әлі жас. Екіншіден, «Арсеналда» сәтсіздікке қарамастан, бұл бапкер топ-клубта жұмыс істей алатын білікті маман мәртебесін жоғалта қойған жоқ. Үшіншіден, бапкерлік мансабын бастағаннан бері Унай ешқашан ұзақ уақыт жұмыссыз отырмаған.

«Мен ешқандай нұсқаны жоққа шығармаймын. Мен болып жатқан жағдайға шынайы қараймын. Қазір менің бірнеше жұмысым бар, өйткені Испанияның бірнеше қалаларына және Лондонға баруым керек. Испания клубтарынан қызығушылықтар болды, бірақ әлі ұсыныстар болған жоқ. Мен Испания чемпионатына оралғым келеді», - деді испан жаттықтырушысы.

Хорхе Сампаоли, 59 жаста

Соңғы клуб: "Сантос"

Соңғы бір жыл ішінде Аргентина құрамасының бұрынғы жаттықтырушысы болған маман "Сантоста" жұмыс істеп еді. Өз клубымен ол жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, Бразилия чемпионатында екінші орынды иемденді. Дегенмен, маусым аяқталғаннан кейін аргентиналық күтпеген жерден жұмысынан кетті.

Globoesporte хабарлағандай, оның «Сантос» президенті Карлос Переспен қарым-қатынасы нашарлаған. Сонымен қатар, Сампаоли команда құрамы келесі маусымда күшейе алмайтындығына наразы болды. Бапкер Бразилия клубынан кеткенге дейін оған "Лион", "Бетис" және "Сельта" қызығушылық танытқан.

Леонарду Жардим, 45 жаста

Соңғы клуб: "Монако"

«Монакода» екінші рет жұмыстан шығарылғаннан кейін, португалдық жаттықтырушы клуб басшылығына қатысты сынға ұшырады.

«Біз команданы тек тамыз айының соңында жасақтадық. Осылайша, маусымға дайындалатын уақыт болмады. Бұл үшін жауапкершілікті клубтың вице-президенті Олег Петров өз мойнына алды. Ол келген ойыншылардың тәжірибесі жоқ екенін айтты. Бес ойыншы командаға тамыздың соңғы аптасында қосылды. Сондықтан алғашқы төрт турда біз тек екі ғана ұпай жинадық», - деді Жардим.

Әзірге басқа клубтардың Жардимге қызығушылығы туралы ештеңе айтылмауда, бірақ қазір Леонарду клубтар тек маусым алдындағы дайындықтың басында шақырғанда ғана жұмысқа кірісемін деген екен.

Мануэль Пеллегрини, 66 жаста

Соңғы клуб: "Вест Хэм"

«Вест Хэмдегі» алғашқы маусымында Чилилік жаттықтырушы өз міндеттерін әлдеқайда сәтті атқарды. Оның басшылығымен "балғашылар" АПЛ-ді 10-орынмен аяқтады, Англия Кубогының 1/16 финалына шықты, сонымен қатар Лига кубогының төртінші кезеңіне дейін жетті. Алайда, осы маусымда Пеллегрини сәтсіздікке ұшырады. 20-турға қарай «Вест Хэм» Премьер-лигада 17-ші орынға ие болды, сондықтан клуб басшылығы жаңа жылдан кейін бірден Пеллегринимен қоштасу туралы шешім қабылдады. Әзірге Мануэльге жаңа жұмыс ұсынылған жоқ, бірақ Пеллегринимен келісімшарт жасасуға дайын клубтар көп болатыны сөзсіз. Чилилік бапкер өзі баптаған командаларға әдемі шабуыл ойынын үйрете алатындығымен әйгілі, ол әрқашан да жақсы нәтиже береді.

Винченцо Монтелла, 45 жаста

Соңғы клуб: "Фиорентина"

Винченцо «Фиорентинада» бір жыл да тұрақтай алмады. А сериясында команда турнирлік кестенің ортасында қалып, соңғы алты матчтағы бес жеңілістен кейін Монтеллаға кететін есік көрсетілді.

"Фиорентинадан" кетуін Монтелла өте ауыр қабылдады. Оған клуб басшылығы алдағы маусымда қажетті трансферлерді жасауға мүмкіндік беретінін мәлімдеген екен.

Хави Грасия, 49 жаста

Соңғы клуб: "Уотфорд"

Хави Грасияның орнынан кетуі Премьер-лига жанкүйерлері үшін ғана емес, бапкердің өзі үшін де күтпеген жағдай болды. Испаниялықтың басшылығымен "Уотфорд" өткен маусымда Премьер-лиганы 11-ші орынмен аяқтап, Англия Кубогының финалына дейін жеткен еді. Бірақ осы маусымның басындағы төрт ойында үш жеңіліс Грасияның клубтағы керемет жетістіктерінен асып түсті.

«Менің келісім-шартым төрт матчтан кейін тоқтатылатыны туралы күтпеген жерден хабарлағанда мен қатты таңқалдым, өйткені өткен маусым "Уотфорд" тарихындағы ең жақсы маусым болды», - деді испандық қыркүйек айында.

Қазан айында Грасияға "Сельта" қызығушылық танытты. Бірақ көп ұзамай "Сельта" клубы Хави Оскар Гарсияны таңдады. Алайда «Рубин» мен «Уотфордтың» бұрынғы жаттықтырушысы ренжімеуі керек. Себебі, ол бапкерлік мансабын бастағаннан бері ұзақ уақыт жұмыссыз отырмаған екен.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров