Биыл жылдағыдай шағын футболдан 8-9 мамыр күндері Алматыда өтетін Сейдахмет Бердіқұл атындағы республикалық дода өтпеді. Себебі бұл турнир биыл ауқымды деңгейде ұйымдастырылғалы отырған спартакиада бағдарламасына енгізілген.
Бұл спартакиада да қазақ спорт журналистикасының атасы Сейдахмет Бердіқұл ағамызды еске түсіруге арналады. Спартакиада БАҚ арасында бес спорт түрінен өткізілмек. Нақтырақ айтқанда, БАҚ өкілдері шағын футбол, шахмат, дойбы, волейбол және үстел теннисі секілді спорт түрлерінен сынға түседі.
Спартакиаданың регламенті бойынша бұл кешенді дода екі кезеңнен тұрады. Әуелі әрбір ұжым арасында спартакиада бағдарламасындағы спорт түрлерінен жарыстар өтіп, одан соң қалалық және облыстық деңгейде жалғасуы керек. Ең соңында республикалық көлемде финалдық дода өткізіліп, онда республикалық басылымдар мен облыс құрамалары, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларының құрамалары сынға түседі. Ақтық сын 14-19 маусым аралығында Шымкентте өтеді. Журналистер спартакиадасының ашылу салтанаты 15 маусым күні ұйымдастырылмақ.
Спартакиадаға меншік иесіне қарамай, еліміздегі барлық БАҚ командалары қатыса алады. Бірақ команданың әрбір мүшесі өз ұжымында 2011 жылдың 1 қаңтарына дейін кем дегенде бір жыл жұмыс істеуі керек. Команда сапына кәсіби спортшыларды, Қазақстан чемпионаттары мен біріншілігіне қатысқан спортшыларды және Қазақстан ұлттық құрамаларының мүшелерін қосуға болмайды. Спартакиадаға қатысу үшін команданың барлық мүшелері дәрігерлік тексерістен өтіп, команда тізімі мандаттық комиссиямен бекітілуі керек.
Спартакиада жеңімпазын анықтау үшін жалпыкомандалық есеп жүргізіледі. Ол үшін әрбір спорт түріндегі жарыстар мен додалардың қорытындысы шығарылып отырады. Әр спорт түріндегі додада бірінші орын алған командаға 16 ұпай берілсе, екінші орын алған ұжымға 15 ұпай тиеді. Осылай кете береді де, 16-орын алған команда бір ұпайды қанағат тұтады.
Спартакиаданың финалдық додасына қатысу үшін ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитетімен хабарласып, тіркелу қажет.
Автор: Әлихан ЖАППАР