1-лига мен 2-лига. Биыл сенсация көп болады

05.05.2020, 21:28
Бірінші лиганың тартысы көп жағдайда екі команданың ортасында ғана өтіп жүр.
1-лига мен 2-лига. Биыл сенсация көп болады

Өткен жылы «Қызылжар» мен «Каспий» өзгелерді артқа қалдырды. Олар тек ойынымен ғана емес, бюджет пен ойыншылар таңдауы тұрғысында да оқ бойы озық тұрды. Екі команда нәтижесінде премьер-лигаға жолдама алды. Биылғы жарыстың да қызығы «Ақтөбе» мен «Атырау» арасында болатын секілді. Екі клуб та өткен жылы премьер-лигада ойнаған. Бюджеттері де 2-3 миллиард көлемінде. Сондықтан да, олар ресей армения, балқан түбегі елдерінің футболшыларын алдыртты.

Қатты терең қазбаламай-ақ бұларға бәсекелес болатын ұжымдарды анықтап алуға болады. Алдымен «Қыран» командасына тоқталсақ. Олар командасына Андрей Пасеченко, Виталий Ли, Самат Отарбаев, Рахымжан Розыбакиев секілді танымал ойыншыларды алды. Олар батыстың алпауыттарын ығысытыра ала ма, әлі белгісіз. Оңтүстік өңірінің тағы бір клубы «Мақтаарал». Бұл ұжым да жоғарғы топқа шығуды мақсат тұтады. Тіпті бейресми ақпараттарға сенсек «Мақтарал» түбі Түркістан қаласына көшіп, сонда салынып жатқан жаңа стадионға иелік етеді дейді. Демек, бұл команда жарқын болашақта премьер-лигаға шығып қалуы да ғажап емес. Орал қаласының «Ақжайық» клубы бюджетін азайтып алғаннан соң премьер-лига жайлы әзірге ойлап жүрген жоқ. Олар өткен маусымда үшінші орынды соңғы турда «Екібастұзбен» тең түскен соң жіберіп алып еді. Шығыстың «Алтайы» кезінде өтпелі матчқа қатысып, онда «Таразды» жеңіп, Премьер-лигаға жолдама алған. Алайда, ол жылы жоғарғы топқа шыға алмады. Өткен маусымда да оларда өтпелі ойынға қатысатын мүмкіндік болған. Бірақ, шамасы өздері бас тартқан секілді.

Ал қалған клубтардың көбісі «Қайрат-жастар» «Байқоңыр», «Шахтер Болат», «Жетісу Б», «Астана-Жас» секілді қосалқы ұжымдар. Олардан бөлек алғашқы қадамдарын жасап жүрген «Академия Оңтүстік», СДЮСШОР № 8 және «Арыс» сияқты командалар бар. «Екібастұз» клубының жағдайы әзірге белгісіз. Облыс әкімдігі клубты қаржыландырыңдар деп пәрмен бергенімен, клубты жауып тастау туралы ойлар да толастар емес. «Ақсу» командасына байланысты жағдай да осыған ұқсас. Төтенше жағдай аяқталған соң клубтың тағдыры шешіледі дейді білетіндер. Бәріне кедергі болып тұрған «Ертіс» клубының миллиондаған қарыздары.

Негізі бірінші лига ойындары 4-сәуір күні басталуы тиіс болған. Пандемияның салдарынан енді қашан басталары белгісіз. Қазақстан кәсіпқой лигасының басшылығы жарысты өзгеше әдіспен өткізбекші. Яғни, бір команда 1 аптада екі ойыннан ойнаса, келесі аптада бір ғана матч өткізеді. Осылай жасаған кезде жарыс қазан айында аяқталады.

Ал екінші лиганың жарысы туралы айтар болсақ, биыл додаға 22 команда қатысатын болды. Екі конференцияға бөлініп, «Оңтүстік-батыс» және «Солтүстік-Шығыс» бөлімдеріне 11 командадан бөлінеді.

Екінші лиганың өтуі де өзгеше болуы мүмкін. Жарысты олар 22 қыркүйек күні аяқтайды. Бірінші лигаға жолдаманы әр конференцияның жеңімпазы алады. Екінші лигада Премьер-лига клубтарының жастар құрамалары ойнайды. Ал биыл бірнеше кәсіпқой клуб өтініш білдірді. Олардың қатарында Қаратау қаласының «Игілік» командасы, Түркістан облысынан «Темірлан» командасы, және осы жақында құрылған «SD-Family» командасы. Бұл команда Қазақстан жастар құрамасының бұрынғы ойыншысы Дидар Сыдықбектің жеке клубы. Ол өзі де футболшы ретінде тіркелді.

Сондай-ақ «Рузаевка» командасын да жеке клуб деп қарастырсақ болады. Оның директоры Игорь Романенко өзін футболшы ретінде тіркеді. Ал «Темірлан» клубы Шымкенттен 40 шақырым жердегі «Темірлан» ауылында құрылды. Екінші лига қатысушылары жыл сайын күшейіп келеді. Жеке клубтардың пайда болуы футболдың дамуына әкелетінін іштей сезіп отырмыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×