"Манчестер Сити" шабуылшысы ұлттық құрама сапында тарихи ойын өткізді. Норвегия Молдованы 11:1 есебімен ойсырата жеңді.
Бұл кездесуде Холанд бес гол соғып, 2 голдық пас беріп өзінің құрамадағы ең нәтижелі матчын өткізді. Бұл көрсеткіш Еуропадағы әлем чемпионатының іріктеуіндегі соңғы жарты ғасырдағы ең жоғары жеке нәтиже. Соңғы рет мұндайды 1977 жылы Австрия ойыншысы Ханс Кранкл Мальта қақпасына алты гол соққанда көрген еді.
Қызығы, Холанд бұл ойынды бетінде тігісі бар күйде өткізді. Ол матчтан бір күн бұрын командалық автобустан түсерде есікке соғылып жарақат алған болатын. Соған қарамастан, ойынның алғашқы таймында-ақ 11-43 минуттар аралығында хет-трик жасап, екінші таймда тағы екі гол қосты. Қазір оның ұлттық құрамадағы көрсеткіші 45 ойында 48 гол.
Бұл жеңіс Еуропадағы биылғы іріктеу цикліндегі ең ірі есеп болды. Бұған дейін рекорд Нидерландтың Мальтаны 8:0 жеңуі еді. Норвегияның 11:1 есебі ел тарихындағы ресми ойындардағы ең ірі жеңіске теңесті.
Норвегия 5 ойында 5 жеңіске жетіп, 15 ұпаймен көш бастап тұр. Екінші орында келе жатқан Италиядан алты ұпайға алда. Дегенмен Дженнаро Гаттузо жаттықтыратын "Скуадра Адзурраның” бір ойыны артық.
Италия болса, соңғы ойында Израильді әрең жеңді (5:4). Тек соңғы минутта Сандро Тонали соққан голдың арқасында ғана үш ұпайға ие болды. Гаттузо матчтан кейін:
"Бұл бапкер ретінде мен қатысқан ең "ақылға сыймас" ойын болды. Жүйесіз шабуылға жүгіндік, ал Израиль тек қарсы шабуылдарды күтіп отырды. Бұған мен жауаптымын.” — деп мойындады.
Норвегия үшін ең үлкен сынақ қараша айында күтіп тұр, олар Италиямен шешуші матч өткізеді. Бұл ойын топтың тағдырын анықтап, 2026 жылғы әлем чемпионатына тікелей жолдаманы шешуі мүмкін.