
"Манчестер Юнайтед" пен "Лион" арасындағы Еуропа лигасының қарымта кездесуінде футбол атты драма сахнасы шымылдығын айқара ашты. “Олд Траффордта” өткен ойында қос команданың айқасы нағыз жүрек соқтырар спектакльге айналып, ағылшындар 5:4 есебімен жеңіске жетіп, жалпы есепте 7:6 нәтижесімен жартылай финалға жолдама алды.
Ойын бастала сала, "Манчестер Юнайтед" шабуыл шебін алапат отқа орады. Мануэль Угарте мен Диогу Далоттың соққылары стадионды желпіндіріп, есепті 2:0-ге жеткізді.
Француздар қарап қалмады – Корентен Толиссо мен Николас Тальяфиконың голдары арқылы таразы басын теңестіріп, ойынды 2:2-ге жеткізді. Екі жақ та жан алысып, жан берісті. Алайда "Лионның" үмітіне қара бұлт үйірілді – Толиссо екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Он ойыншымен қалса да, "Лион” қайтпады.
Қосымша уақытта Райан Шерки мен Александр Ляказетт бірінен кейін бірі гол соғып, "Лионды" 4:2 есебімен алға шығарды. Жанкүйерлердің жүрегі ауызға келіп, “Юнайтедтің” үміті сөне жаздады.
Алайда, футбол — тағдырға көнбейтін өнер. Қанаты қайырылып бара жатқан “Юнайтед” қайта түлеп, Бруну Фернандеш пен Кобби Майнудың голдары арқылы есепті 4:4-ке теңестірді. Уақыттың тамшысы қалмаған шақта, 121-минутта… Гарри Магуайрдың баспен соққан добы “Олд Траффордты” дүр сілкіндіріп, жеңіс жалауын желбіретті – 5:4.
"Манчестер Юнайтед” осы жеңістің арқасында Еуропа лигасының жартылай финалына жолдама алды. Ендігі қарсылас – "Атлетик Бильбао". Бұл жеңіс – тек келесі кезең емес, клубтың Чемпиондар лигасына жолдама алу арманын тірілткен үміт шырағы.
Айболат Өнер
Біздің серіктес: FONBET