“13-ші сектор” рухы – “Ақтөбе” тарихы мен жетістіктері

11.03.2026, 20:34

“Ақтөбе” — Қазақстан футболындағы жанкүйері ең көп клубтардың бірі. 1967 жылы құрылған клуб бүгінде ел футболының ең табысты ұжымдарының қатарында саналады.

“13-ші сектор” рухы – “Ақтөбе” тарихы мен жетістіктері

“Ақтөбе” 5 дүркін Қазақстан чемпионы, 2 дүркін Қазақстан Кубогының иегері және 3 дүркін Қазақстан Суперкубогының жеңімпазы. Клубтың үй аренасы — 1975 жылы ашылған Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион, сыйымдылығы 12 800 орын. Клубтың жанкүйерлік қозғалысы “13-ші сектор” деп аталады.  

Клубтың бастапқы атауы “Ақтөбелік” (Актюбинец) болды. Кейін ол бірнеше рет өзгертілді. 1996–1997 жылдары “Ақтөбемұнай”, 1997–2000 жылдары “Ақтөбе”, 2000–2005 жылдары “Ақтөбе-Ленто”, ал 2005 жылдан бері қайтадан қазіргі тарихи атаумен — “Ақтөбе” деп аталады. Бұл атау өзгерістері клубтың тек спорттық емес, экономикалық және ұйымдастырушылық кезеңдерден де өткенін көрсетеді.  

Кеңес дәуірінде клуб төменгі және орта деңгейлі одақтық жарыстарда өнер көрсетті. Деректерге қарағанда, команда 1967 жылы КСРО-ның “Б” класында алғашқы маусымдарын өткізген, кейін бірнеше жыл ресми турнирлерден тыс қалып, 1976 жылы қайтадан КСРО Екінші лигасына қосылған. Осы кезең клубтың іргетасы қаланған, жергілікті футбол мектебі қалыптасқан уақыт болды. 1975 жылы Ақтөбедегі Орталық стадион ашылып, алғашқы матч “ЦСКА”-ға қарсы өтті. Ал 1991 жылы клуб Қазақ КСР Кубогын жеңіп алды — бұл тәуелсіздік алдындағы ең маңызды жетістіктерінің бірі болды.  

Тәуелсіз Қазақстан кезеңінде “Ақтөбе” ұлттық чемпионаттың алғашқы қатысушыларының бірі болды. 1994 жылы команда Қазақстан Кубогының финалына дейін жетті. 1990-жылдардың ортасы мен соңы клуб үшін ізденіс кезеңі болды. Атау өзгерді, құрам мен құрылым жаңарды, ал 2000 жылы “Ақтөбе-Ленто” Қазақстан Бірінші лигасын жеңіп, қайтадан жоғары деңгейге көтерілді. Сол жеңіс кейінгі үлкен өрлеудің негізін қалады. 2005 жылы клуб қазіргі атауымен алғашқы Қазақстан чемпиондығын жеңіп алып, жаңа тарихының ең жарқын кезеңін бастады.  

2005 жылдан кейін “Ақтөбе” Қазақстан футболындағы жетекші күшке айналды. Клуб 2005, 2007, 2008, 2009 және 2013 жылдары ел чемпионы атанды. 2008 жылы Қазақстан Кубогын жеңіп алып, сол кезеңдегі ең табысты маусымдарының бірін өткізді, ал 2008, 2010 және 2014 жылдары Суперкубокты иеленді. 2000-жылдардың соңы мен 2010-жылдардың басында “Ақтөбе” ішкі біріншілікте тұрақтылықтың, нәтижеліліктің және мықты клубтық менеджменттің үлгісі болды.  

Еурокубоктарда да “Ақтөбе” Қазақстан клубтары арасындағы ең тәжірибелі командалардың бірі болды. Клубтың ресми тарихында оның Еурокубоктарға 11 жыл қатарынан қатысқаны, бірнеше рет топтық кезеңнің табалдырығында тоқтағаны айтылады. Алғашқы Еуроматчы Латвиялық “Лиепаяс Металургсқа” қарсы өтті, алғашқы жеңіс Австриялық “Маттерсбургпен” ойында тіркелді. Ең ірі жеңістерінің бірі — 2009/10 жылғы Чемпиондар лигасы іріктеуінде Исландиялық “Хафнарфьордурды” 4:0 есебімен ұтуы. 

2010 жылы клуб УЕФА Кубогы плей-оффына дейін жетіп, сол сатыда “Вердерге” есе жіберген болатын. Чемпиондар лигасында 2008/09, 2009/10, 2010/11 және 2014/15 маусымдарында, ал Еуропа лигасында бірнеше маусым бойы іріктеулер мен плей-офф кезеңдеріне дейін барған.  

Бірақ “Ақтөбенің” тарихы тек жеңістерден ғана тұрмайды. 2019 жылғы маусым клуб үшін ауыр өтті. Команда 12-орынмен аяқтап, Премьер лигадан түсіп қалды. Дегенмен бұл құлдырау ұзаққа созылған жоқ. 2020 жылы Бірінші лиганы жеңіп, элитаға қайта оралды. Яғни клуб дағдарыстан өте тез шығып, бұрынғы беделін қайтаруға ұмтылды.  

Соңғы жылдары “Ақтөбе” қайтадан Қазақстан футболының жоғарғы қатарына жақындады. Клуб 2022 жылы күміс жүлдегер, 2023 және 2024 жылдары қола жүлдегер атанды, ал 2024 жылы Қазақстан Кубогын жеңіп алды. 2025 жылғы маусымды 5-орынмен аяқтағады. 

2026 жылғы маусымды клуб өте сәтті бастады. 07 наурызда “Тобылды” 4:1 есебімен жеңіп, бірінші турдан кейін турнир кестесінде 1-орында тұр.

Жалпы алғанда, “Ақтөбе” — қазақ футболындағы мінезді, қайсар және жанкүйерлерімен атақы клуб. Ол кеңестік кезеңде қалыптасып, тәуелсіздік жылдарында бірнеше атаумен жаңарып, 2000-жылдары ел футболының флагманына айналды, кейін қиындықты да көрді, бірақ қайта оралды. Қызыл-ақ түсті жейде, Қобыланды батыр атындағы стадион және “13-ші сектор”— осының бәрі “Ақтөбені” жай команда емес, тұтас футболдық мәдениетке айналдырды.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×