14 командаға көбейгені дұрыс па?

13.01.2021 19:18 ҚПЛ

Қазақстан премьер-лигасы 2021 жылы 14 команданың тартысына ұласатын болды. ҚФФ және ҚКФЛ осындай шешім шығарды.

14 командаға көбейгені дұрыс па?

Премьер-лиганың 2020 жылғы маусымының қорытындысы бойынша «Оқжетпес» командасы бірінші лигаға түсіп қалды. Көкшетаудың командасы ең соңғы орынды алды. Сонымен қатар, чемпиоантты одан да ерте аяқтап кеткен бір команда болды. Ол аты шулы «Ертіс». Павлодар облысының беткеұстар командасы еліміздің 5 дүркін чемпионы бола тұра бонкрот бола жаздап барып, біріншіліктен шығып кетті. Жалпы бұл команданың алдағы тағдыры қалай болары әлі де белгісіз. Уақыт көрсете жатар. Бірақ, бір анығы 2021 жылғы чемпионатқа Павлодар облысынан ешқандай команда қатыспайды. Ол анық.

Сонымен, «Оқжетпес» пен «Ертістің» орнына кімдер келеді? Осы сауалға бірден жауап бере кетейік. Биыл пандемияның салдарынан бірінші лиганың да жарысы әлкі-тәлкі өтті. Бір тоқтап барып, қайта жалғасқан премьер-лига секілді, бір локацияда өтіп, екі конференцияға бөлінді. Шымкент, Алматы және Павлодар қалаларында ойындар өтіп, түбінде екі конференцияның чемпиондары анықталды. Ол батыстың ұжымдары – «Ақтөбе» мен «Атырау». Олардың бюджеті де, футболшылар құрамы да анағұрлым мықты болғандықтан екі команданың премьер-лигаға бірден оралатанына ешкім күмәнданған жоқ. Ал олардан кейінгі үшінші және төртінші орындар «Ақжайық» (Орал) пен «Арыс» (Түркістан облысы) командаларына бұйырды.

«Ақжайық» жайлы бірден түсіндіре кетейік. Бұл команда онсыз да жоғарғы топта ойнап, бір жыл анда, бір жыл мында жүрген команда. Биыл «Атыраумен» бірге бір конференцияға түсіп қалып, ойыны да жүрмей қиындықтарға тап болды. Дегенімен құрамында жергілікті қазақ футболшылары бар, премьер-лигада ойнаған тәжірибиесі де бар тегеурінді ұжым. Клуб жоғарғы топта биыл 14 команда болатынын естіп, мәз-мәйрам күй кешіп жатыр. Ендігі бар шаруа облыстың бюджеттен бөлінетін қаржыға келіп тіреледі.

Ал «Арыс» командасы ше? Негізі «Ақжайықтың» премьер-лигаға жолдама алуы осы «Арыстың» арқасы деп жүргендер де жеткілікті. «Күріштің арқасында күрмек те су ішеді» дегендей ғой. Себебі, «жоғарыдан» Түркістан облысын футболдың ірі додасына қосу жайлы тапсырма келген деседі. Оның үстіне су жаңадан салынған «Түркістан Арена» стадионы да құр қалмауы керек қой. 7 мың адамға арнап салынған стадионға қанша дегенімен 31 миллион еуро қаржы жұмсалды емес пе? Бұл бір жағынан ҚФФ басшылығына жағымды болып тұр. Біріншіден, ішкі біріншіліктің географиясы кеңейеді. Екіншіден, саудасы бітіп, саутамдығы қалмаған қазақ стадиондарының ішінде «Түркістан Арена» арпа ішіндегі бір бидай секілді жарқырап көзге түспей ме? Міне, осындай жағдайларды алға тартқан ҚФФ осындай шешім қабылдады. Демек, «Арыс» командасы Түркістан қаласына барып қайта жасақталып, ірі бюджет алып, премьер-лиганың ортаңқол ұжымының бірі болып кетпек. Айтпақшы, осы ақпарат шығысымен «Арыс» командасы Шымкенттің «Қыран» командасымен қосылып, бір ұжым болады деген де қауесет тарады. Әлбетте, «Арыстың» Түркістан облысының атын шығарып, жарыстарға қатысып, сондағы көптеген талантты жастарды құрамына тартып, үлкен футбол клубына айналатынына сенімдіміз. Шекара жабылып, жылы жаққа барып жаттығу жасай алмай жүрген клубтарға қарағанда қыста дайындықты Түркістанда жүргізіп, жаңа стадионның игілігін көріп, қазақ футболшыларының белесті бағындырар ордасына айналатындай бүкіл қарымы бар.

Ермұхамед Мәулен

6 пікір

  1. Ерсұлтан Сембек

    Түркістан Арыс жасасын

  2. Амангелді

    Амангелді

    14.01.2021 10:17

    Осындай футбол жайында мақалалар көп болса екен, мына мақала мықты жазылған

  3. Бекарыс

    Бекарыс

    13.01.2021 23:04

    Мақала өте жақсы жазылған осныдай мақалалар көп болса қазақ футболы жаилы

  4. Бекарыс

    Бекарыс

    13.01.2021 23:03

    Мақала өте жақсы жазылған осныдай мақалалар көп болса қазақ футболы жаилы

  5. Ержан

    Ержан

    13.01.2021 20:27

    Меніңде ойымда осы жүр еді жаңа стадионы бар клуб ойнаса екен деп

  6. Манарбеков Данияр

    Легионерлерге лимит қою керек бізге.