Бельгияның атақты “Генк” клубының академиясында өзін мойындатқан Шахмұрат Дәулетов команданың (U-18) ресми сапына толыққанды мүше ретінде қабылданды, деп хабарлайды Aladop.kz.
16 жастағы отандасымыз өзінің Instagram парақшасында жанкүйерлерін қуантарлық жаңалықпен бөлісті. Ол суреттерінде өзінің есімі жазылған 62-ші нөмірлі жейдесін көрсетті. Еуропаның топ академияларында мұндай қадам футболшының келесі маусымға арналған ресми өтінімге енгенін және клубтың оған үлкен сенім артатынын білдіреді.
Шахмұрат “Генк” U-18 командасының жетістігіне сүбелі үлес қосып отыр. Дәулетов өнер көрсететін жастар құрамы 2025/2026 жылғы маусымның аяқталуына бірнеше тур қалғанда Бельгия чемпионы атағын мерзімінен бұрын жеңіп алды.
Қазақстандық вингер маусым барысында 17 кездесуге қатысып, қарсыластар қақпасына 4 гол соқты.
“Генк” академиясы – әлемдік футболға Кевин Де Брюйне, Тибо Куртуа, Леандро Троссард, Кристиан Бентеке, Калиду Кулибали, Янник Карраско, Дивок Ориги сынды жұлдыздарды сыйлаған ұстахана. Шахмұраттың бұл ұжымда тұрақтап, нәтиже көрсетуі – оның болашақта Еуропаның үздік лигаларында ойнауға мүмкіндігі зор екенін дәлелдейді.