Қазақстан Премьер-лигасының 17-тур ойындарының екінші күні жалғасады.
«Қайрат» - «Қайсар»
Уақыты: 18:00
Командалардың құрамына назар аударсаңыз, «Қайраттың» деңгейі мүлдем бөлек екенін аңғаруға болады. Бір қарағанда алаң иелері еш қиындықсыз жеңіске жететіндей көрінеді. Бірақ шын мәнінде олай болуы екіталай. Виктор Кумыков баптайтын қызылордалықтар «Қайраттың» шабуыл шебін тұсап ұстауды жақсы меңгерген. Мысалы, кейінгі 4 ойында командалар 2 ғана гол соға алған. Сондықтан алаң иелері жеке шеберліктің арқасында ғана 1-2 доп айырмашылығымен жеңуі мүмкін. Ондай футболшылар табыла ма екен? «Қайсар» осы маусымда сырт алаңда тек «Атырауды» жеңіп, өзге ұжымдардың барлығына жеңіс сыйлап келеді. Осы факт алматылықтарды айқын фаворит қылмақ.
«Елімай» - «Жеңіс»
Уақыты: 18:00
Жазғы трансферлік терезеде құрамын ең мықты күшейткен клубтардың бірі – «Елімай». Жұрт күтпеген ойыншыларды ала алды. Алайда жасыл алаңдағы көрсеткіштері әлі төмен. Кейінгі 2 матчта 1 ғана ұпайға ие болды. Еурокубокты көздеген ұжым 3-орындағы «Тобылдан» 9 ұпайға қайтып келеді. Сондықтан семейліктерге жеңіс ауадай маңызды. Алайда қонақтар да ұпай бере салатын командалардың қатарынан емес. Астаналықтар кейінгі 6 матчтың төртеуінде жеңіске жетті. «Жеңістің» сенімділігі басым түсе ме екен? Әлде «Спартак» стадионы лық тола жанкүйерлердің қолдауымен алаң иелері 3 ұпайды қанжығаларына байлай ма екен?
«Оқжетпес» - «Ұлытау»
Уақыты: 20:00
Бірінші лигадан шыққан клубтардың қазіргі жағдайы екі түрлі. Қос команда да маусым барысында бапкерлерін ауыстырып үлгергенімен, жаттықтырушылардың алдындағы мақсаттары өзгеше. Қайрат Нұрдәулетовке «Оқжетпестің» қазіргі қарқынын жоғалтпай, ТОП-5-ке кіру міндеті қойылса, Нұркен Мәзбаевқа «Ұлытаудың» шабуыл шебін күшейтіп, ұшу қаупін барынша сейілту қажет. Өткен турда жезқазғандықтар сенсация жасап, «Елімайды» жеңіп кете жаздап еді. Осы жолы да олар таңғалдыра ала ма екен? Оның үстіне матч Шымкент қаласында өтетіндіктен, қос команда да бейтарап алаңда жолықпақ.