19 жасар Олжас Байбек «Қайратты» чемпиондық таласта қалдырды

Бүгін футболдан Қазақстан Премьер-лигасында 25-турдың екі ойыны өтті. Қызылорданың «Қайсары» Петропавлда «Қызылжарға» оңбай ұтылса, Алматыда «Қайрат» драмаға толы матчта былтырғы чемпион «Ордабасыны» тізе бүктірді. Олай болса, екі ойынға толығырақ тоқталсақ.

19 жасар Олжас Байбек «Қайратты» чемпиондық таласта қалдырды
фото ашық дерек көзден алынды

Қайсар Қызылжарда күйреді

Сенбінің алғашқы ойыны Петропавлда өтті. Қаржылық қиындықтарға қарамастан соңғы екі кездесуде жеңіске жеткен «дала қасқырлары» «Қызылжардан» да ұпай еншілеуге дәмелі көрінді. Өйткені, қонақтар матч басталысымен шабуылға ұмтылып, жылдам гол соқты. Белорустық жартылай қорғаушы Василий Совпель сол қапталда екі-үш ойыншының арасынан сытылып өтіп, Петров қақпасының алыс бұрышынан саңылау тапты. Есеп 0-1. Бірақ, қызылордалықтардың қуанышы ұзаққа созылмады. Әли Әлиев шәкірттері бірінші таймда-ақ жағдайды түзеп алды. Команда капитаны Евгений Березкин таразы басын теңестірсе, үзіліске санаулы минуттар қалғанда Сенин Себай баспен тамаша гол ұрып, алаң иелерін есепте алға шығарды. Осыдан кейін, «қасқырлар» «аюдың апанына» түскендей абдырап қалды. Екінші таймға тек «Қызылжар» аяқдопшылары шықты десек болатын шығар. Теріскейлік команда сойқан өнер көрсетіп, жасыл алаңда білгенін істеді. Кот-Дивуарлық шабуылшы Себай хет-рик жасаса, Березкин дубльден қайырды. Ал кездесу соңына қарай Совпель бір голмен жауап қайырып, кездесуді түйіндеді. Теннис тілімен айтқанда «гейм сет матч». Қорытынды есеп 6-2!

«Қайрат» «Ордабасыны» чемпиондық жолдан тайдырды

Ел тағатсыздана күткен матч Алматының Орталық стадионында болды. Қайрат шырайлы шаһардан келген «Ордабасыны» қабылдады. Қай жеңгені чемпиондық жорықты жалғастырады. Сондықтан, тең есеп екі жақты да қанағаттандырмайтын еді. Сары-қара жейделілер ойынды ширақ бастап, допқа көбірек иелік етті. Бірақ, соңғы соққыға келгенде бразилиялық Жоау Паулудың жолы болмады. Экс Ордабасының сұрмергені шынымен жаңылды ма, әлде Шымкентке жаны ашыды ма білмедік, бірақ осы ойында сүреңсіз өнер көрсетті. Есесіне, басқа бразилиялық Элдер Сантана оңтайлы мүмкіндігін мүлт жібермей, матчың 42-минутында есеп ашты. Бұл шабуылда қақпашы Игнатович Георгий Зарияның соққысын қайтарғанымен, доп дәл Сантаның аяғына топ етіп, Элдер бос тұрған қақпаға жәй ғана бағыттай салды. Үзілістен кейін де, «Қайрат» жеңісті уысынан шығармайтындай көрінген. Алматылықтар сенімді ойнап, екінші гол ұруға жақын болған. Алайда, алаңға тыңнан шыққан Еркебұлан Тұңғышбаев 75-минутта мергендігімен көзге түсіп, таблодағы есепті теңестірді. 1-1. Уақыт зырғып өткен сайын көпшілік «Астананы» чемпиондығымен құттықтап жатқан еді. Сөйтсек, ерте тон пішкендерді «Қайрат» академиясының талантты түлегі 19 жасар Олжас Байбектің алыстан жасаған жойқын соққысы Игнатовичты селт еткізіп, ала доп қақпа торында тулады. Ғажап гол! Бұл кездесудің 84-минуты еді!!! Қалған уақытта алаң иелері сауатты қорғанып, маңызды үш ұпайға қол жеткізді. Иә, «Қайрат» «Ордабасыны» чемпиондық жолдан тайдырып, өздері «Астананың» басты бәсекелесіне айналды. Әзірге, 43 ұпай жинаған алматылықтар турнир кестесінде көш бастады. Бірақ, елордалықтардың бір ойыны кем. Григорий Бабаян шәкірттері күні ертең Қостанайда «Тобылмен» тіреседі. Чемпиондықтың тағдыры осы матчта шешілетін секілді...  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×