Жапония мен Корея бірлесіп өткізген 2002 жылғы әлем чемпионаты тосын сыйлардың бірімен басталғаны футбол жанкүйерлерінің есінде жақсы сақталған. Турнирдің ашылу матчында 1998 жылғы әлем чемпионы Франция алғаш рет мундиальға қатысып отырған Сенегалмен кездесті. Болжам бойынша, Француздар айқын фаворит еді, алайда алаңда бәрі мүлде басқаша өрбіді.
Франция – жұлдыздар шоғыры, бірақ Зидансыз
Франция құрамасының көшбасшысы Зинедин Зидан жарақатына байланысты матчты жіберіп алды. Соған қарамастан, команда сапында Ағылшыр Премьер лигасының үздік сұрмергені Тьерри Анри, Италия А сериясының голеадоры Давид Трезеге сияқты жұлдыздар ойнады.
Франция жанкүйерлері бұл матчта жеңіс күткен еді. Чемпион атағы бар, тәжірибесі мол құраманың қарсыласы алғаш рет әлемдік додаға қатысып отырған Сенегал болатын.
Сенегал: бұрынғы колониядан — әлемді таңғалдырған командаға дейін
Сенегал құрамасындағы 23 футболшының 21-і Франция чемпионатында өнер көрсететін. Команданы Бруно Метсю жаттықтырды.
Ойынның тағдырын 30-минуттағы жағдай шешті. Эль-Хаджи Диуф айып алаңына жасаған өткір пасын "Ланс" шабуылшысы Пап Буба Диоп қақпаға дәл бағыттап, сәтсіз құлаған күйінде болса да гол соқты — 0:1.
Сол күні әлемдік басылымдар "Сенегал Францияны тізе бүктірді”, "Тарихи кек қайтарылды” деген сарында мақалалар жариялады.
Бұл жеңістің символдық мәні де ерекше еді. Неге десеңіз Сенегал 1960 жылға дейін Францияның отарында болған.
Франция үшін — қорқынышты түс, Сенегал үшін — ертегі
Сенегал тек Француздарды емес, бүкіл әлемді таңғалдырды. Команда ширек финалға дейін жетіп, мундиальдің басты жаңалықтарының біріне айналды.
Ал Франция үшін бұл турнир қарғысқа толы болды.
3 матч, 0 гол, топтан шыға алмады.
Матч туралы қысқаша ақпарат
Франция – Сенегал: 0:1
31 мамыр 2002 жыл, Сеул, "Seoul World Cup Stadium"
Көрермендер: 62 561
Гол: Пап Буба Диоп (30-мин)
Франция құрамы:
Бартез, Тюрам, Лебёф, Десайи, Лизаразю, Виейра, Пети, Вильтор, Жоркаефф, Анри, Трезеге.
Сенегал құрамы:
Сильва, Коли, Диатта, П. Малик Диоп, Даф, А. Сиссе, М. Н’Диайе, Пап Буба Диоп, Диао, Фадига, Диуф.