2020 жылғы чемпион кім болады?

07.07.2020, 04:26
Алты жылдан бері чемпионаттың алдын бермей келе жатқан «Астана» биыл тағы да чемпиондықты сақтап қала ала ма? Футбол жанкүйерлерін алаңдатқан негізгі сауалдардың бірі осы
2020 жылғы чемпион кім болады?

«Астана» негізгі фаворит

Былтырғымен салыстырғанда биыл «Астана» клубы айтарлықтай күшейді. Кипр құрамасының шабуылшысы, бұған дейін «Копенгаген» сапында доп тепкен Пьерос Сотириу елордалық клубтың шабуыл шебін күшейткені анық. Оған дейін Щеткин, Кабананга, Хижнеченко, Янгалар салмаған голды Сотириу салады деген үміт басым. Одан бөлек былтырғы маусымда Қайсар құрамында Қазақстан кубогын ұтқан Тигран Барсегян да клубты күшейтуі тиіс. Қайсардың негізгі көшбасшыларының бірі болған армяндық легионер қазірдің өзінде «Астана» құрамында өз орнын таба білді. 

Алайда елордалық клубтың барлық шебі күшейді деу артықтау болар. Әсіресе қорғаныс жағы аздап әлсіреді. Бірнеше жылдан бері клубтың қорғанысын берік ұстаған Постников бұрынғыдай емес, жасы келіп, бұрынғы қарқынды жоғалтып алғандай. Сергей Малый былтыр Ордабасыға жалға берілсе, биыл біржола «Астанадан» кетті. 

Елордалық клубтың қақпашыларының қартайыңқырап қалғаны да жасырын емес. Қанша жерден үздік болғанымен, Ненад Ерич баяғыдай тұрақты түрде жоғары деңгейде ойын көрсете алмайды. Онымен алмасып шығатын тағы бір қорғаушы қажет болып, елордалықтардың қатарын Непогодов толықтырған. Бірақ қаншалықты сенімді қақпашы екенін уақыт көрсетеді. 

Қысқаша айтқанда «Астананың» бір шебі күшейіп, бір шебі әлсірегенімен, әлі де болса чемпиондыққа үміткерлер арасында фоварит болып қала бермек. 

«Қайрат» күшейді

«Астананың» негізгі бәсекелесі Қайрат әдеттегідей биыл да чемпиондықтан бір кісідей дәмелі. Бұл клубта да бірқатар ауыс-түйіс болды. Күні кеше Бразилияның ұлттық құрамасы сапында халықаралық жарыстарға шыққан Вагнер Лав келіп қосылды. 36 жасқа келді демесеңіз, футболшының шеберлігі премьер-лигада жарқырап көрінуге жетіп жатыр. Оның үстіне тәжірибелі футболшы алаңнан тыс жерде де командананың жеңіске деген ерік-жігерін шыңдауға көмектеседі деген есеп те бар шығар. 

Команданың негізгі көшбасшысы Бауыржан Исламханның кетуі «Қайрат» үшін әлсіреу болғанымен, оның орнын қырғыз Гүлжігіт Алықұлов алмастырды. Алықұловтың Исламхан сияқты көшбасшыға айналуы екіталай, бірақ ойын жағынан шеберлігін арттырса, шартылай шабуылда біраз іс тындыра алуы тиіс. 

Биыл «Қайраттың» сапын толықтырған негізгі футболшылардың бірі Яцек Гуральский. 1 млн еуроға сатып алынған жартылай қорғаушы клубты күшейтетіні анық. Бұдан бөлек қорғаныста көп қателесіп «көзге түскен» Елдос Ахметов биыл «Қайсарға» көмектеспекші. Ұлттық құрамадағы орнын да жоғалтқан Ахметовтың орнына Нұрәлі Әліптің шығуы қорғанысты күшейтеді деп сенеміз. 

Жалпы, «Қайрат» әдеттегідей биыл да чемпиондықтан үмітті. Ал оның чемпион болар-болмасы «Астанадан» бөлек «Тобылдың» да ойынына байланысты. 

 «Тобыл» чемпион болса таң қалмаңыз

Премьер-лигада ең көп жаңарған клуб «Тобыл». Қостанайлық клубқа биыл «Астанада» бапкер болған Григорий Бабаян барды. Ойыншыларды санамағанда, Еуропа лигасында мол тәжірибе жинақтаған Бабаянның айтарлықтай оң өзгеріс. Биылғы бірінші турдың алғашқы үш ойынының екеуін ұтып, біреуінен бір ұпай алған бапкер қазірден өзінің деңгейін дәлелдеп үлгерді. Бір кездері Станимир Стоиловтың стилімен, қарсы шабуыл арқылы ғана ойнамай, жаңа клубта жаңаша ойын мәнерін көрсетті. Газзаевтың «автобусын» шабуылға шығарған Бабаяннан биыл үміт көп. 

Екіншіден, клуб бірқатар жаңа ойыншылармен толықты. Бұл жерде де Бабаянның еңбегін айта кету керек. «Астананың» бір кездері негізгі ойыншылары болған Мужиков, Мұртазаевтар команданы күшейтетіні анық. Оған қоса «Шахтердан» келген Оралхан Өміртаев пен «Ордабасыдан» ауысқан Темірлан Ерланов та клубты чемпиондыққа жетелемек. 

Сонымен қатар клубта бұрыннан болған Азат Нұрғалиев, Ника Квеквескири, Джаба Канкава, Сенин Себаи секілді ойыншылар да ешқайда кеткен жоқ. Жалпы, аталған футболшылардың барлығы Бабаянның допты иелік етіп, бірінші нөмірмен ойнауына әбден қауқарлы. 

Ең қызығы, соңғы жылдары қостанайлық клуб чемпионаттың соңғы бірнеше турларына дейін көшбасшы болып келіп, соңғы ойындарында жеңісті қолдарынан сусытып алатыны естеріңізде болар. Мәселен, былтыр, Соңғы 5-6 турға дейін қостанайлықтар көш басында болғаны есімізде. Алайда соңғы турларға дейін көшбасшылықты ұстап тұра алмай, тіпті төртінші орынға түсіп қалған еді. Биыл карантиннің әсерінен Федерация әдеттегідей үш емес, екі айналым ғана өткізетін болып шешкен еді. Бұл «алысқа шаба алмайтын» қостанайлықтар үшін тиімді болып тұр. 

Екіншіден, былтыр қосалқы құрамның терең болмағанынан негізгі ойыншылар шаршап қалған болуы да ықтимал. Ал биыл ондай қауіп жоқ. Бабаянның командасында алмасып шығатын ойыншылар жеткілікті. 

Қорыта айтар болсақ, биылғы чемпиондыққа үміткер осы үш клубтың да мүмкіндігі шамалас. Барлығы ойыншылардың дайындығы мен бапкердің біліктілігіне келіп тіреледі. 

Мағжан Молдахмет


Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×