Алматылық "Қайраттың" жанкүйерлері мен футболсүйер қауымды елең еткізген жаңалық белгілі болды, деп хабарлайды Aladop.kz.
Осыған дейін 2026 жылы жабылып, күрделі жөндеуге кетеді деп жоспарланған Орталық стадион өзгеріссіз қалмақ. ЖаркOFF телеграм арнасының мәліметінше, аты аңызға айналған аренаны реконструкциялау жоспары күшін жойған.
Бұл шешімнің астарында Алматы әкімдігінің ауқымды жоспары жатыр екен. Белгілі болғандай, қала билігі ескі стадионды жөндеп әуре болғанша, жаңа заманауи аренаның құрылысын биыл-ақ бастап жібермекші. Демек, Алматыда жақын арада Еуропалық стандарттарға сай тағы бір зәулім стадион бой көтереді.
"Қайрат” қайда ойнайды?
"Сары-қаралардың" жанкүйерлері үшін басты жаңалық – Чемпиондар лигасы мен ішкі біріншіліктегі матчтар Орталық стадионда өте береді. Клубтың басқа стадионға көшуі туралы әзірге ешқандай әңгіме жоқ.
"Қайрат" өз қарсыластарын алдағы маусымдарда да Алматының қақ ортасында қабылдай бермек.
Осылайша, қаланың символына айналған Орталық стадион кем дегенде жаңа арена дайын болғанша футбол мерекесін сыйлауды жалғастырады.