29 тур. "Қайрат" бас бапкерін қызметтен қашан кетіреді?

07.10.2018, 08:21
29 тур. "Қайрат" бас бапкерін қызметтен қашан кетіреді?
Қазақстан премьер-лигасының 29-тур ойындары талдықорғандағы «Жетісу» мен «Шахтер» арасындағы ойынмен басталды. Геворг Наджарянның голынан кейін «Шахтер» алға шыққан еді. Алайда, «Жетісу» ойыншылары өз алаңында жеңілгенді ар санады. Украиналық шабуылшы Руслан Степанюк баспен гол соқты. Есеп 1-1 төрешінің соңғы ысқырығына дейін сақталды. Тартысты ойынның бірі Қостанайда өтті. Қола жүлдеге қол созған «Тобыл» өз алаңында «Ертіске» жеңіліп қалды. Ойынның 70-минутына дейін көптеген шабуылдар болғанымен, оның ешқайсысы қақпаға гол болып аяқталмап еді. Павлодарлық команданың қорғаушысы Руслан Есімовтің пасынан кейін Қазақстан Ұлттық құрамасына алынған қақпашы Дмитро Непогодов жас баланың қателігін жасады. Ал Дору Пападюк одан кейін оп-оңай гол соқты. Непогодовтың қателігінен кейін «Тобыл» ойыншылары жапа тармағай алға шықты. Қарбаласқан сәттердің бірінде Таңат Нөсербаев гол соғып кетті. Бұл Таңаттың екінші тур қатарынан соғып жатқан голы. Шамасы тәжірибиелі шабуылшының екінші тынысы ашылғандай. Тең есепке қанағаттанбаған «Ертіс» ойыншылары соңғы минутта жақсы бір шабуыл ұйымдастырып, пенальти тебуге мүмкіндік алды. 11-метрлікті Милош Стаменкович голға айналдырды да, Димитар Димитровтың командасына маңызды үш ұпай әперді. Ақжайық пен Қызылжар арасындағы ойын да өзіндік ерекше өрнекпен өрілді. Аутсайдерлердің таласында кім жеңілсе, соның жағдайы қиындай түсер еді. Себебі, екі команда турнирлік кестеде көршілес тұрған. Жеңіліп қалудан қатты қорыққан командалар қорғанысты мықтап ұстады. Бұл ойында «Ақжайық» қызыл жейдемен, ал «Қызылжар» ақ жейдемен ойнады. Екі команда өздерінде болған тамаша мүмкіндіктерді голға айналдыра алмай, 0-0 тең тарқасты. Ал алматылық «Қайрат» биыл тағы да күміс жүлдегер атанатын секілді. Себебі, алматылықтар бұл жолы Шымкентке барып «Ордабасыға» жеңілді. Өткен жылдардан бері «Ордабасы» «Қайраттың» ең қиын қарсыласына айналып келеді. Есеп 2-0.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×