40 жасар Роналдудың 40 рекорды

01.04.2025, 16:00

Криштиану Роналду ұзақ әрі даңқты мансабында футбол тарихындағы ең ұлы ойыншылардың бірі ретінде өзін дәлелдеді. 40 жасқа толған ол бұл мәртебесін растайтын көптеген медальдар мен рекордтарға ие.

920-дан астам голы және 33 ірі трофейімен Роналду жоғары деңгейде өнер көрсетіп, шабуылшылар үшін бұрын-соңды болмаған биік межені белгіледі. Оның көрсеткіштерін жаңарту тіпті оған жақындау болашақ футболшылар үшін оңай болмайтыны анық.

40 жасар Роналдудың 40 рекорды

Назарларыңызға Криштиану Роналдудың ТОП 40 рекордын ұсынамыз.

 

  1. Роналду халықаралық деңгейде яғни ұлттық құрама сапында ең көп гол соққан ойыншы. 219 матчта 136 гол соққан, ол 2021 жылдың қыркүйегінде Али Даеидың рекордын жаңартты.
  2. Роналду Португалия құрамасында ең көп ойын өткізген футболшы – 219 матч.
  3. Ол сонымен қатар ерлер арасындағы халықаралық футбол тарихында ең көп ойын өткізген ойыншы. Бұл рекордты ол 2023 жылдың наурызында Әл-Мутаваның көрсеткішінен асып түсу арқылы жаңартты.
  4. Лихтенштейнге қарсы ойында дубль жасап, Роналду 100 ресми халықаралық гол соққан алғашқы футболшы атанды.
  5. Роналду – қатарынан 11 халықаралық турнирде (2004-2022 жылдар аралығында) гол соққан жалғыз ойыншы.
  6. 40 жастағы Роналду – бес Әлем чемпионатында гол соққан алғашқы және жалғыз ойыншы. Сонымен қатар, ол бес Әлем чемпионатына қатысқан бес ойыншының бірі (Лионель Месси, Лотар Маттеус, Рафаэль Маркес және Антонио Кабральмен бірге).
  7. Ол Португалия құрамасының Әлем чемпионатындағы ең жас (21 жас, 132 күн) және ең қарт (37 жас, 292 күн) гол соққан ойыншысы.
  8. Еуропа чемпионаттарындағы ең көп голдың рекорд иесі – 14 гол.
  9. 2017 жылы Роналду халықаралық деңгейде 32 гол соғып, бір күнтізбелік жылдағы ең көп голдың рекордын орнатты.
  10. Үш түрлі клуб үшін Чемпиондар лигасында 10 немесе одан да көп гол соққан алғашқы ойыншы.
  11. Чемпиондар лигасы тарихындағы ең көп голдың иесі – 141 гол, бұл көрсеткіш Мессиден 12 голға артық (129).
  12. 2013-14 жылғы маусымда Чемпиондар лигасының бір маусымында ең көп гол соғу рекордын жаңартты – 17 гол.
  13. Чемпиондар лигасының финалында ең көп гол соққан ойыншы – төрт финалда гол соқты.
  14. Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі барлық алты ойында гол соққан жалғыз ойыншы (2017-18 және 2021-22 маусымдарында).
  15. Чемпиондар лигасында бір қарсыласқа қарсы үш түрлі клубтың атынан гол соққан үшінші ойыншы – 2020 жылы “Лионға” қарсы бұл жетістікке жетті.
  16. 2007-08 маусымында Премьер-лиганың “Жыл ойыншысы” және “Жылдың жас ойыншысы” атақтарын бір маусымда жеңіп алған алғашқы ойыншы.
  17. “Манчестер Юнайтед” үшін Премьер лигадағы бір маусымда ең көп гол соққан ойыншы – 31 гол.
  18. “Юнайтед” сапында Пушкаш сыйлығын жеңіп алған жалғыз ойыншы – 2009 жылы “Портоға” қарсы голы үшін.
  19. “Манчестер Юнайтед” ойыншысы ретінде “Алтын бутса” жеңіп алған жалғыз футболшы – 2008 жылы.
  20. “Манчестер Юнайтед” сапында “Әлемнің жылдың үздік ойыншысы” атағын жеңіп алған жалғыз ойыншы – 2008 жылы.
  21. Алты маусым қатарынан 50 немесе одан да көп гол соққан алғашқы ойыншы (2011-2016).
  22. “Реал Мадрид” тарихындағы ең үздік сұрмерген – 438 матчта 451 гол (екінші орындағы Раульде 741 матчта 323 гол).
  23. “Реал Мадрид” үшін Ла Лигада ең көп гол салған ойыншы – 312 гол.
  24. Ла Лига тарихында ең көп матчта үш немесе одан да көп гол соққан ойыншы – 34 ойын.
  25. “Реал Мадрид” ойыншысы ретінде бір маусымда ең көп голдың рекорд иесі – 61 гол (2014-15 маусымында).
  26. Ла Лигада 200, 250 және 300 голды ең жылдам соққан ойыншы.
  27. “Ювентус” тарихында бір маусымда ең көп гол соғу рекордын жаңартты – 2019-20 маусымында барлық жарыстарда 37 гол.
  28. “Ювентус” үшін Сери А лигасында 50 голды ең жылдам соққан ойыншы – 61 матчта.
  29. Премьер-лига, Ла Лига және Серия А-да 50 немесе одан да көп гол соққан алғашқы ойыншы.
  30. Еуропаның үздік бес лигасының үшеуінде бір маусымда 30 немесе одан да көп гол соққан алғашқы ойыншы.
  31. 2020 жылдың қаңтарында “Кальяриге” қарсы хет-трик жасап, Серия А тарихында хет-трик жасаған алғашқы Португалиялық ойыншы атанды.
  32. Премьер-лига, Ла Лига және Серия А-да хет-трик жасаған екі ойыншының бірі (Златан Ибрагимовичпен бірге).
  33. Италия чемпионатында ең көп гол соққан Португалиялық ойыншы атанды – “Ювентус” сапында 101 гол.
  34. 200 түрлі қарсыласқа гол соққан футбол тарихындағы алғашқы ойыншы. 
  35. 2023-24 маусымында 35 гол соғып, Сауд Арабиясының Премьер-лигасында бір маусымда ең көп голды атына жаздырған ойыншы атанды.
  36. 2023-24 маусымында Сауд Арабияда “Алтын бутсаны” жеңіп алып, төрт түрлі жоғары деңгейлі лигаларда үздік сұрмерген атанған алғашқы ойыншы болды.
  37. 2023 жылы 54 гол соғып, бұл жылы әлемдегі ең көп гол соққан ойыншы атанды.
  38. “Әл-Наср” үшін 103 матчта 92 гол соғып, клуб тарихындағы ең көп гол соққан Еуропалық ойыншы атанды.
  39. Роналду мансабында 920-дан астам ресми гол соғып, футбол тарихындағы ең үздік сұрмерген атанды. 
  40. Ол УЕФА турнирлерінде (Чемпиондар лигасы, Еуропа Суперкубогы) ең көп гол соққан ойыншы.

                                          Өнер Айболат

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×