Белгілі футбол комментаторы, Aladop.kz сайтының құрылтайшысы Ермұхамед Мәулен Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория жайлы пікір білдіріп, қоғамда әділдік пен адалдық туралы сұрақ туындауы заңды екенін айтты.
Айбек Қабылша – YouTube каналындағы подкастта Ермұхамед Мәулен, Давид Лорияның әкесі — Григорий Атарович Лория, бұрын “Қызылжар” футбол клубын басқарғаны жайлы айтты. Қазір ол Австралияда тұрады және оған 414 миллион теңге көлемінде коррупциялық іс бойынша айып тағылған. Бұл іс аясында клубтың бұрынғы бухгалтері сотталған екен.
"Сол адамның ұлы қазір ҚФФ-та жоғары лауазымда отыр. Бұл моральдық тұрғыдан дұрыс па?” — деп сауал тастады Ермұхамед Мәулен.
Сонымен қатар комментатор “Қызылжар” клубының қазіргі жағдайына тоқталды. Оның айтуынша, клуб “Тұранмен” болған күмәнді матчқа байланысты тексеріліп жатыр және соның салдарынан Бірінші лигаға түсіп қалу қаупі бар.
Ермұхамед Мәулен өз жұмысына қатысты да түсініктеме берді:
"Біз ақпаратты ашық дереккөздерден және адамдардың өзінен аламыз. Мысалы, “Астана” мен “Қайраттың” ойыны өтеді, содан кейін түрлі ақпараттар келеді. Чаттарда адамдар өздері жазады: “Ереке, міне, осылай болды”. Біз сол деректерді жинап, оқырмандарға жеткіземіз.” — деді ол.