Абаттың аданалық клубына тықыр таянған екен.
Онсыз да түрік Суперлигасынан ұшуға жақын команда қаржылық тығырыққа тірелді деген ақпарат тарап жатыр. Енді осының салдары Қазақстан құрамасының форварды Абат Айымбетовке де тигелі тұр. Нақты айтар болсақ, аданалық команда біраз футболшымен қош айтыспақ, қатарында біздің отандасымыз да бар көрінеді. Ал осы жағдайлардан хабардар бірқатар кипрлік клуб Қазақстан құрамасының футболшысына қызығушылық танытуда. Тіпті, осы күндері алдын-ала келіссөздер жүріп жатқанға да ұқсайды. Бұл туралы Protathlima мәлімдеген еді.
Айта кетейік, Абат Айымбетов аданалық клуб сапындағы барлық турнирлердегі 14 ойында алаңға шығып, 3 рет мергендік танытқан. Ал «Адана Демирспордың» өзі 19 турдан кейін Түрік Суперлигасының турнирлік кестесінде ең соңғы орынға жайғасуда.
Қазақстандық футболшы түркиялық ұжымға былтыр «Астанадан» ауысып барған. Келісімшарты биылғы жылдың 30-маусымына дейін жарамды. Transfermarkt порталының мәліметіне сәйкес, футболшының нарықтық құны 500 мың еуро.
Біздің серіктес: FONBET