Абат пен Бахтиердің Түркия чемпионатындағы жорығы аяқталды ма?

23.09.2024, 20:23

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының белді ойыншылары Абат Айымбетов пен Бахтиер Зайнутдиновтің Анадолы еліндегі жорығы аяқталуға жақын секілді. Түркия чемпионатында доп тебетін қос отандасымыз бірнеше турдан бері өз командаларының ойындарынан шет қалып жүр.

Абат пен Бахтиердің Түркия чемпионатындағы жорығы аяқталды ма?

Былтыр “Бешікташ” сапына ауысқан Бахтиер Зайнутдинов жаңа маусым басталғалы командасының бірде-бір ойынына қатыспады. Себебі, биыл Стамбулдық клубты тізгіндеген Джованни Ван Бронкхорст Бахтиерді өз командасында көрмейтінін ашып айтқан. Тіпті, ол Зайнутдиновтің өзін дәлелдеуіне де мүмкіндік берген жоқ. Бахаға да нидерландық маманның бұл қылығы ұнамай қалған секілді. Ресейдің “Зенитінен” түскен ұсынысты кері қайтарып, бапкерге ерегісіп сазарып отырған секілді. Бірақ, бұл қырғи-қабақ соғыстың зияны Бахтиерге тиіп жатыр. Ван Бронкхорст қосалқы құрамның тізіміне де енгізбей қазақстандық футболшының жұлдызын сөндіруін жалғастыруда. Ал бұл жағдай барша қазақ жанкүйерлерін алаңдатып отыр. Зайнутдиновтың Бешікташтағы мансабы осымен аяқталатын шығар. Бахаға қысқы трансферлік кезеңде өзіне сенім артатын клубқа ауысқаны жөн болар еді.

Түркиядағы тағы бір футболшымыз “Адана Демирспор” клубының шабуылшысы Абат Айымбетовтің де, командасының да жағдайы мәз емес. Аданалықтар 6 ойында 1 ұпай жинап турнирлік кестенің соңын түйіндеп тұр. Ал Абаттың өзі соңғы матчын тамыздың соңында “Галатасарайға” қарсы өткізген. Содан бері 2 тур өтті. Айымбетов қосалқы құрамға да ілінбей қалды. Жалпы жаңа маусым басталғалы 3 ойынға қатысып, қазақстандық шабуылшы ешқандай нәтижелі әрекетімен көзге түскен жоқ. Сондықтан, Абаттың да Аданадан кететін күні алыс емес сияқты.

Өкінішке қарай, Қазақстанның бетке ұстар аяқдопшылары үшін Түркия чемпионатының деңгейі тым жоғары болып тұр. Не десек те, Айымбетов пен Зайнутдиновтің Анадолы еліндегі болашағы бұлыңғыр. Қысқа қарай олар басқа клубқа ауысып, ойын тәжірибесін алмаса Черчесовтің да ұлттық құрама тізімінен шет қалуы мүмкін.      

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×