Әдетте тойланып жатады. Ойыншылардың орда бұзатын жасы, қамал алатын кезі. Кейін ардагер атанып, ер жасына қадам басқаны. Тіпті тал түстегі тіршілігі де түстеледі. Кәсіпорын мен мекемелерде бар дәстүр. Жақсының жақсылығын айту үшін де керек шығар. Ал отандық аяқдоп өз серкелерін мақтауға көп құлшынбайды. Өткенде Марат Есмұратов елуге толды. Арқадан қаққандар аз еді... Енді Болат Төлегенов жетпістің жалынан ұстады. Футбол қоғамында Сербайыч аталған көкеге көптеген жұрт алпыстан асырып жас бермейді. Алланың берген қуаты шығар, күні бүгінге шейін балалардың ортасында доппен жүреді. Үйренген кәсібі. «Өрендердің пысылдаған демін естімесем кәртейіп кетемін», – деп күледі өзі. Құрыштан құйылған денесі күнге шағылысып, үмітпен қараған шәкірттерін жаттықтыра бастайды. Сөзі мығым, іске шебер. Ерінбейді, жалықпайды. Бір жаттығуды мың рет көрсетуге бар. Бәрінің әкесі секілді. Сыз жерге отырса ұрсады, жеңіл киінген ойыншыларға да ескерту жасап жүреді. Қазір «ЦСКА» клубының атынан сынға түсетіндерді баптайды. Командасы қалалық жарыстарда ешкімге дес бермейді. Матч алдындағы ақыл айтып, нұсқау беру кезінде аз айтады, тереңді қамтиды. Әңгімеге тартсаң, айызың қанады. Сөз атасын таниды. Өте білімді. Тыңдайтын құлақ, сіңіретін сана керек. Аяқдоп әліппесінен бастап академиялық оқулығын түгел түсіндіреді. Ұқпай қалсаң қайталауы мүмкін, өйткені ол бапкер ғой. Ал қазақта елу жылғы ғұмырын футбол үйретуге арнағандар көп пе? Жетпіс жасқа толған жаттықтырушыны құттықтағандар ше?.. Болат ағаның адвокаты болудан аулақпыз. Бірақ үш-төрт деталь ұстатуға рұқсат етіңіз. 1988 жылы Украинада жүрдік. Әскери борышты өтеу үшін. Донецкідеміз. Айналаң футболмен «ауырған». Олег Блохин мен Анатолий Демьяненконы іздейтіндер бар шығар. Донбасс әуелі Петр Грачевті атайды, сосын Михаил Соколовский. Валентин Елинскас мінген көліктің нөмірін тап баса алмасаң стадионнан ойын көру қызықсыз. Тіпті Олег Смолининов секілді жас жігіттер де жанкүйер біткеннің алақанында. Владимир Пилипчук сынды балалар бапкері бар. Соның да шоқтығы биік. Өйткені Пилипчуктер Донецкі спортының тірегі іспеттес. Елу жылдығын көрдік, ел болып тойлады, атақ-даңқ былай тұрсын, көрсетілген құрметтен де тау тұрғызылды. Кеңес Одағы ыдырауға шақ тұрды. Мәскеу Валерий Лобановскийге қырын қарады-ау дейміз. Украина өз саңлағын төбесіне көтеріп жүрді. «Миминоны» көреміз. Рубикжан Валиконы жұбатып жатып, «ол стюардесса сені не қылады, Иштоянды көреді», – деп салады. Иштояның «Арараттағы» футболшы. Иштоянның бапкеріне Ереван қалай қарайтынын білесіз бе? Ішіңіз сезеді, ә. Оны ұғамыз. Қайда бастап барасыз дейсіз бе? Бағалау деген түсінікпен өмір сүреді олар. Абайды бізден жақсы түсінеді. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» ше. Егер Сербайыч армян болғанда шапаныңыз не, сыйлық оны қоршап қалатын еді. Грузиндер Нодар Ахалкацийді пір тұтады. Нодарыңыз не, Виталий Дараселия мен Тенгиз Сулаквелидзенің алғашқы бапкерлері қалай құрметтелді. Очамчириде доп тебуді меңгерген Дараселияны көргендер айтады. Витали Кухинұлы алғашқы бапкері туралы айтқанда, көзі жанып кетеді екен. Ерекше екпінмен, үлкен мақтанышпен «Бундо Ясонович Какубава», – деп оң қолының балан үйрегін безеп тұратын көрінеді. Бундоны бүкіл Грузия біліп кетті. Кеңес Одағы да таныды. Немесе Андрей Шевченко. «Миланда» «Шева» аталған аяқдопшы Александр Шпаков туралы көп айтады. «Егер кезінде Саша ағай байқамаса дүниеде Шевченко аталған футболшы доп теппейтін еді», – депті бірде Шева. Дұрыс айтады. Алғашқы тәлімгердің назарынан тыс қалғандар қаншама. Қазір «Анжиде» өнер көрсететін Юрий Жирков кезінде Олег Романцевтің елегінен өтпей қалған. Бағына орай Валерий Газзаев байқап қалды. Әйтпесе, орыс орманының бір қуысында қала беретін болған. Ондай мысалдың жүзін теруге болады. Айтпағымыз не, енді осыны түстесек. Бірде Иорданияда король Абдулла кубогы сарапқа салынды. Қазақстан да шақырту алып, өнер көрсетті. Сол жарысты тамашалауға Ресейден Павел Садырин келіпті. Заманында «Зенитке» КСРО біріншілігінің бас жүлдесін әперген маман матчтарды кірпік қақпай қарады. Қазақ елі құрамасының оң қанаттағы жартылай қорғаушысына да көңіл бөлді. Енді бірде сол қапталдан зып беретін жетінші нөмірдің ойын өрнегіне риза болып, «бала кезінде байқаған бапкерінен айналдым. Футбол әліппесін әбден үйретіпті. Қандай ақылды жігіт. Бойында бар қасиетін толық пайдаланады екен, мынау үлкен ойыншы. Ресей жоғары тобында футболды қыздырады. Бапкерін білетіндер бар ма?», – деді. Қасымыздағылар біледі екен. «Сербайыч», – деп сақ ете қалды. Болат ағаны одан ертеректе біледі екенбіз. Ол кезде баламыз. Футбол тепсек дейміз. Өріс аз. Ауылдағы ағалар айтады, Ұзынағашқа бар дейді. «Аққанат» деген команда құрылыпты. Басы-қасында Болат Төлгенов жүреді екен. Ауыл қайда, «Аққанат» қайда. Алматы облысын тауып баруға дәрмен жоқ. Балалық арманға қол бұлғап қала бердік. Кейін спорт журналистикасына бет бұрдық. «Спортта» жүргенде Нес-аға «Намысты» құрды. Сербайычты сонда көрдік. Бірден баурап алды. Сауал тастаудан жалықпаймыз. Бетіңді қайтармайды. Ағаны әбден жақсы көріп кеттік. Ол кезде қазақ футболы Азияда доп тебеді. Бірде Тай еліне жол түсті. Асып, Токиоға бардық. Қазақстанның олимпиадалық құрамасымен. Бас бапкер Владимир Фомичев. Жасақтаған командасы жақсы ойнайды. Тайландты Бангкокта тас-талқан ұтты. Жапонияға келсек, Токио абыр-сабыр. Арналар түгел футболға бет бұрған. Жапония – Қазақстан матчын күткен халық. Түн баласы ұйықтамайды. Таң атқанда тікелей эфирден таратып жатты. Ел аяқдобындағы айтулы тұлға Хидетоши Накатаны Италиядан арнайы ұшақ жіберіп, алдырған. Қазақ елінің футболшыларынан қаймыққан ғой. Жапония құрамасының бас бапкері Филипп Труссьеде түр жоқ. Сонда олар Ерланнан қорқатын секілді. Ерлан Оразаевтан. Азия құрлығындағы ең талантты жас футболшы. Ерланмен мақтанамыз. «Ерланжан сені футболшы еткен Қазақ елінен айналайын». Еміренгеннің бәрі солай дейді. «Сіздер дұрыс айтасыздар. Алайда тағы бір тау тұлға тілге тиек болсын, Сербайыч мені адам қылған». Ерлан солай деді. Тағы да Сербайыч. Йокогама түбіндегі жұрт нөпірінің арасынан Төлегеновті тауып алу қандай қуаныш. Қазір қазақ футболы Еуропада жүр. Өткенде «Уэмблиде» ағылшындармен ойнадық. Қазақстан құрамасы айтулы стадионда гол соқты. Авторы – Жамбыл Көкеев. Көкеевті көкке көтеріп, мақтап жатырмыз. Бәрімізді сабаға түсіріп, сабырға шақырған Жамбылдың өзі. «Сіздер Сербайычқа рахмет айтыңыздар. Балалық шағымның бапкері баулымағанда Англия қайда, біз қайда». Болат көке бақытты екен. Әлемнің әр түпкірінде аты естіледі, жұрты алғыс жолдайды. Араб тілшілері, орыс журналистері, жапон және ағылшын халқы Болат Сербайын біліп алды.
Асқат Қадырқұлов мақтанды, Ерлан Оразаев мақтады. Жамбыл Көкеев жыр етіп айтты. Ұстазға деген ықыластарын іркіп қалған жоқ. Төлегенов қаңтар айының үшінде жетпіске толды.
Кеше тағы көрдік. Қолында добы бар. Күнге күйген жүзі нұрланып, балаларға дәріс оқып тұр. «Сендер мақсат дегенді білесіңдер ме, мақсаты айқын балалар ғана үлкен футболшы болады. Допты тебу әркімнің қолынан келеді. Футбол ойнай білу мүлде басқа мағына. Ойлану керек, ол үшін бас жақсы жұмыс істесін. Жүректен қолдау күтіңдер. Жанын салғандар ғана жоғарыға көз тігеді. Ал жоғарыда табыс бар. Соған жету үшін не істеу керек?». Балалар бір дауыспен: «Жаттығу керек». Сосын бәрі құлдыраңдап жүгіріп кетті. Болат Төлегенов жетпіске келді. Келісті кештер ұйымдастырылған жоқ. Көлікті кім көлденең тоссын. Псарев алды. Игілігіне тепсін. Канның да тойы кең көлемде аталып жатыр. Құтты болсын. Бірі балуандарға тәлім берді, екіншісі волейболда жүрді. Анатолий Фадейкин, мен Қайрат Нұрдәулетовке дейінгі буынды футболға қосқан Сербайычтың еңбегін елі біледі. Әріптестері бағалайды. Шәкірттері мойындайды. Ол аз олжа ма? Әдеке, Болат көке жетпіске келді. Сіз естімей қалды ма? – дегеніміз ол.
Амангелді Сейітханов
Біздің серіктес: FONBET