Адиев кетсе оның орнын кім басады?

07.05.2024, 14:13

Немесе Қайрат Нұрдәулетовтің Қазақстан құрамасына қажетті бірнеше қасиеті

Адиев кетсе оның орнын кім басады?
Қайрат Нұрдәулетов

Магомед Адиев «Ахматты» ойын дағдарысынан шығарғанға ұқсайды. Грозныйлық клуб басшылығының әйтеуір Әдиевке көзі түзу. Жуырда ғана «Ахматтың» бас директоры Ахмед Айдамировтің өзі «бапкерді алып қалуға бар күшімізді саламыз» деген еді. Тегін емес. Келесі маусымда да Адиевке сенім артқалы тұр. Олай болса, ҚФФ-ге осы бастан қамдану керек. Күздегі Ұлттар лигасының турнирі таяп тұр, одан ары ӘЧ іріктеуі дегендей. Егер, Магомед Мұсаұлымен жолымыз екіге айырылатын болса, оның орнын кім басады? Ұлттық құрама тізгінін ұстайтындай қандай бапкер бар?

Отандық футболдың ыстық-суығын бірдей көрген азамат

Алдымен бұл сұрақтың түбіне үңілсек. Қазақстан футбол федерациясының басшылары бұл лауазымға кімді лайық көреді? «Ауылдағының аузы сасық» деп тағы да сырттан саудалайды ма жоқ өзіміздікілерге сенім артатын уақыт келіп жетті ме? Егер екінші нұсқа болса, ойға бірден орала кететін, әрине Қайрат Нұрдәулетов. Қазақ футболының барлық сатысынан өткен. Отандық футболдың ыстық-суығын бірдей көріп келе жатқан азамат. Қайрат Жұмабекұлының бойында Ұлттық құраманың бас бапкері болуға лайық бірнеше қарым-қабілет бар. Оның ең біріншісі – қазақ футболындағы абырой-беделі. Өзі футболшы кезінде Қазақстан құрамасында бірнеше ондаған кездесуге қатысып, капитан да болды. Клубтық деңгейде де өз орны бар екені күмәнсіз. Дмитрий Огай сынды отандық танымал бапкерлердің ұстаханасында шыңдалғанын біз айтпасақ та білесіздер. Қайрат Нұрдәулетов кәсіби футболдағы барлық сатыны рет-ретімен өтіп келеді және ең бастысы өзіміздің қазанымызда қайнап, көз алдымызда өсіп-өніп келе жатқан жас маманның бірі. Қайрат Жұмабекұлы жас дейтін категориядан да өсіп шыққан секілді. Мәселен, былтыр «Мақтааралдағы» жұмысын жемісті деуге болады. Кішігірім командамен премьер-лиганы 9-шы орынмен аяқтады. Ал биыл Талдықорғанда бапкер тіптен ашыла түскендей. ҚПЛ-дің жетінші турын «Жетісу» алтыншы орынмен аяқтады. Бірнеше турда Талдықорғандық команда тіпті, турнирлік кестеде үшінші сатыны ешкімге бермей келген. Тек биыл ойыны бөлек «Тобылдан» ұтылып, төмен сырғыды демесеңіздер, Қайрат Нұрдәулетовтің ұжымы тәуір ойын өрнегін көрсетуде. Команда ішіндегі атмосфера керемет. Өткенде «Ақтөбеге» жеңіс голын салған Асхат Балтабековтің айтуынша, Талдықорғандық клубтың жаттықтырушысы өзіндік қолаңбасы қалыптасқан, ойын стилі бар бапкер. Біздің бұдан ұққанымыз: Қайрат Жұмабекұлы аз уақытта жетісулық жастардың сеніміне кірген. Қазақстанда жастар құрамасын баптаған бапкердің ондай болмауға хақысы да жоқ шығар. Айналасына қазақстандық жас футболшыларды жинап, ҚПЛ деңгейінде орташа бірнеше легионермен-ақ нәтиже көрсетіп келеді. Оңай шаруа емес. Ал ең бастысы әзірше «Жетісу» нақты нәтиже көрсетуде.

Мен үшін Ұлттық құрамаға бапкер болу үлкен мәртебе!

Қайрат Нұрдәулетов сынды аз ресурстармен-ақ ойын көрсететін, маңыздысы - нәтиже беретін бапкер, жасыратыны жоқ дәл қазір біздің елде көп емес. Тіпті, жоқтың қасы десек ешкім сөге қоймас. Магомед Адиевтің өзі наурыздағы сәтсіз ойындардан кейін кейіп, біраз мәселені жайып салған еді. Бастысы: сол жауыр болған кадр тапшылығы мен құрамадағы жігіттердің клубтық деңгейдегі тәжірибесінің аздығы. ҚПЛ-дің қалтарыс-бұлтарыстарымен жете таныс Қайрат Жұмабекұлы үшін бұл үлкен кедергі бола қоймас деп сенеміз. «Жетісуға» енді келіп, орналасып, маусымға дайындығын пысықтағанда бір тілдесіп едік. Кейін, Грекиядан ойсырай ұтылып, Люксембургпен кездесу қарсаңында да сұқбаттасудың реті түскен. Сонда, «Ұлттық құрамаға бас бапкер болу мен үшін үлкен мәртебе, мүмкіндік туса әрине неге бағымды сынап көрмеске» деп қалған.

Қайрат Жұмабекұлының тағы бір ерекше қыры бар. Ұлттық құрама дегенде айтып өтпесе болмайтын ерекшелігі: қазақша емін-еркін сөйлейді және ең маңыздысы қазақша ойлай алады. Мұндай маман Қазақстанда дәл осы күндері саусақпен санарлық. ҚФФ мамандарының ана тілінің статусын көтерудегі қажырлы еңбектеріне мың алғыс. Егер алдағы уақытта құрамаға осындай талаптар бойынша бапкер керек болса - Қайрат Нұрдәулетовтен асқан үміткер жоқ.

Шағын бюджетпен-ақ ҚПЛ-дің топ-клубтарына қарсы тәп-тәуір ойын көрсетуде

«Жетісудың» бапкерін терең тану үшін ғаламторды біраз ақтарып, ақпарат жинаған болатынбыз. Айналасындағы азаматтар, бұрынғы командаластары мен әріптестері Қайрат Нұрдәулетовтің алаңда, ойын барысында қайтпас қайсарлығын, ал одан тыс әдепті, ұстамды қасиетін алға тартқан. Бұл да болсын заманауи футболдағы, әсіресе Ұлттық құраманы жаттықтыратын бапкер үшін маңызды критерийлер деп есептейміз. «Жетісудың» футболшыларынан бас бапкердің матчқа қалай тыңғылықты дайындалатынын жайлы естіген едік. Қайрат Жұмабекұлының кездесу алдында ойыншылармен мұқият сөйлесіп, нұсқама бере отырып, рухты кәдімгідей көтеріп тастайтын қасиеті бар дейді жетісулық жігіттер. Ортаңқол құраммен, шағын бюджетпен-ақ ҚПЛ-дің топ-клубтарына қарсы тәп-тәуір ойын көрсетудің сыры осында шығар, бәлкім.                 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 4
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×