Ағылшын Премьер-Лигасы. Бәрін таңғалдырған маусым қорытындысы

15.05.2014, 05:20
Ағылшын Премьер-Лигасы. Бәрін таңғалдырған маусым қорытындысы
Кәрі құрлықтағы біріншіліктер де ізбе-із аяқталып келеді. Өткен жексенбіде Тұманды Альбиондағы Премьер-Лига да өз мәресіне жетті. Келесі маусымда Еуропада Англия намысын қай ұжымдар қорғамақ? Қандай команда маусымның тосын сыйы болды? Қай ұжымдарға күзден бастап Чемпионшипте өнер көрсеутге тура келеді?  Тарих қойнауына кеткен чемпионатты саралап бақсақ артықтық етпес.   Араға бір маусым салып "Манчестер Сити" чемпион атағын қайтарып алды. Шындығында "қалалықтардың" чемпиондығына соңғы тур алдында-ақ ешкім шүбәланбаған еді. Өз алаңында "Вест Хэмнан" жеңіледі дегенге кім сенсін? Ал, Энфилдта "Ливерпуль" "Ньюкаслға" жауапсыз 14 гол тоғытып жеңуі керек болатын. Ғажайып орын алмады. Әрине, өткен жылы "Малагадан" келген Пеллегрини үшін маусым сәтті деуге келетін шығар. Ағылшын Лигасының кубогімен қоса, Премьер-Лигада алтынды да еншіледі. Бірақ, Чемпиондар Лигасындағы сәтсіздік бар. Дегенмен де, осы сәтсіздік түптеп келгенде чемпионатта алтыннан алқа тағуға өз әсерін бергені анық. Басты қарсыласы, Жозе баптайтын "Челси" екі алаңда шайқасып жатса қалалықтар басты назары чемпионатта болды. Осыдан келе, алтынға "Манчестер Сити" ашық алаңда шайқаста жеңіске жетті деу қиын. Ендігі маусым ғана  Пеллегрини жұмысына толықтай баға беруге болады. Әрине, тағы да Чемпиондар Лигасында дәрменсіздік танытып, ерте ұшып кетпесе. Ех, "Ливерпуль", "Ливерпуль"! Сәл ғана жетіспеді. 24 жылдан бері Энфилдқа ат басын бұрмаған алтын тағы да қолға түспеді. Негізі, адам деген қызық қой. Маусым басталмас бұрын "Ливерпуль" жанкүйерлері:  "егер төрттікке жайғасып  Чемпиондар Лигасына жолдама алып жатсақ нұр үстіне нұр болар еді"- дегендері есімізде. Чемпиондық жайлы өздері де сенбей, ешкімге білдірмей армандап қойғандары да болған шығар. Ал, қазір жүлделі екінші орынға өкінішті. Әрине, өкінетін жайлары бар, "Ливерпуль" нағыз чемпиодық ойын өрнегін көрсетті десек артықтық етпес. Ойлап қарасақ, "Ливерпуль" қарсыластарға емес өз-өзіне жеңілді. Ойыншылардың көбі жас. Баспасөз тарапынан жасалған қысым өте күшті болғаны анық. Егер, "Манчестер Сити" сапындағы ойыншылардың көбі екі жыл бұрын чемпион болған футболшылар десек, "қызылдар" сапындағы футболшылардың көбі бұндай жағдайға бірінші рет тап болып отыр. Бұл да өзінің кері әсері тигізді. Келер маусымда Англиядан Чемпиондар Лигасының топтық турнирінде "Манчестер Сити", "Ливерпуль" және "Челси" өнер көрсетсе, "Арсенал" жылдағыдай іріктеу кезеңінен бастамақ. Көз үйренгендей. Бірақ, Арсен Венгер шәкірттері үшін маусым толықтай өз мәресіне жеткен жоқ. Кубокты қанжығаға байлайтын зор мүмкіндіктері бар. Ол үшін Англия кубогінің финалында "Халл Ситиден" басым түсуі керек. Еуропа Лигасында "Эвертон" топтық турнирден өз жолын бастаса, "Тоттенхэм" және "Халл Сити" іріктеу кезеңінен бақ сынамақ. Енді, маусымның жаңалығын анықтасақ. Әрине, Англия кубогінің финалына шыққан, тіпті оны жеңіп алуға дайын "Халл Ситиді" атауға да, тағы бір турнир, яғни Англия Лигасының кубогінің финалында "Манчестер Ситиге" ғана жол берген және маусым аяғында алыптардың өз үйін тозаққа айналдырып, 4 турдың ішінде 20-шы орыннан 14-ші орынға бір-ақ секіріп, Премьер-Лигадағы өз орнын сақтап қалған "Сандерлендті" де атауға болар еді. Бірақ, маусымның үздік командасы деген атақты "Саутгемптонға" беруге болады. Команда тарихында тұңғыш ең жоғарғы орынға қол жеткізіп қана қоймай, қайсар ұжым жасақталды. Бас бапкер Почеттиноның еңбегі зор. Онымен қоса, бұл маман қазірдің өзіңде бағасы 30 миллионнан асып түскен Адам Лаллана есімді ойыншының бағын ашқан жайы бар. Маусымның сәтсіз командасы, "Манчестер Юнайтед" десек ешкімнің айтар уәжі болмас. Жеңімпазбыз деген рухтың қайда кеткені белгісіз. Дэвид Мойестың кеткені жөн болды дегенмен де, мәселе тек жаттықтырушыда емес. "Манчестер Юнайтедте" бұрын тек Алекс Фергюсонның ұлылығы мен біліктілігі ғана білдірмеген терең проблема болған. Ол проблеманы келер маусымда қалай шешілері уақыт еншісінде. Ал, 2014-2015 маусымда Чемпионшипте өнер көрсетер командалар "Норвич", "Фулхэм" және "Кардифф Сити". Назарларынызға 2013-2014 маусымдағы үздік ойыншылардан құралған команданы ұсынамыз: Қақпашы: Петр Чех(Челси) Қорғаушылар: Шеймус Коулмен(Эвертон), Гэри Кэйхилл(Челси), Венсан Компани(Манчестер Сити), Люк Шоу(Саутгемтон) Жартылай қорғаушылар: Адам Лаллана(Саутгемптон), Стивен Джеррард(Ливерпуль), Яя Туре(Манчестер Сити), Эден Азар(Челси) Шабуылшылар: Даниэль Старридж бен Луис Суарес(екеуі де Ливерпуль).
Сұрмергендер тізімі:
1. Луис Суарес(Ливерпуль)-31
2.Даниэль Старридж(Ливерпуль)-22
3. Яя Туре(Манчестер Сити)- 20(6)
4.Вилфрид Бони (Суонси)-17(4) Серхио Агуэро (Манчестер Сити)-17 Уэйн Руни (Манчестер Юнайтед)-17(3)
5.Эдин Джеко(Манчестер Сити)-16
    Оливьер Жиру(Арсенал)-16(1)

 

Турнир кестесі.

 

М  Клуб ойын жеңіс тең жеңіліс доп айырымы ұпай
1  МАНЧЕСТЕР СИТИ 38 27 5 6 102-37 86
2  ЛИВЕРПУЛЬ 38 26 6 6 101-50 84
3  ЧЕЛСИ 38 25 7 6 71-27 82
4  АРСЕНАЛ 38 24 7 7 68-41 79
5  ЭВЕРТОН 38 21 9 8 61-39 72
6  ТОТТЕНХЭМ 38 21 6 11 55-51 69
7  МАНЧЕСТЕР ЮНАЙТЕД 38 19 7 12 64-43 64
8  САУТГЕМПТОН 38 15 11 12 54-46 56
9  СТОК СИТИ 38 13 11 14 45-52 50
10  НЬЮКАСЛ 38 15 4 19 43-59 49
11  КРИСТАЛ ПЭЛАС 38 13 6 19 33-48 45
12  СУОНСИ 38 11 9 18 54-54 42
13  ВЕСТ ХЭМ 38 11 7 20 40-51 40
14  САНДЕРЛЕНД 38 10 8 20 41-60 38
15  АСТОН ВИЛЛА 38 10 8 20 39-61 38
16  ХАЛЛ СИТИ 38 10 7 21 38-53 37
17  ВЕСТ БРОМВИЧ 38 7 15 16 43-59 36
18  НОРВИЧ 38 8 9 21 28-62 33
19  ФУЛХЭМ 38 9 5 24 40-85 32
20  КАРДИФФ СИТИ 38 7 9 22 32-74 30

 

Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×