Португалиялық маман Рубен Аморимнің Манчестердегі жұмысына нүкте қойылды, деп хабарлайды Aladop.kz.
"Манчестер Юнайтед" бас бапкері Рубен Амориммен қоштасты. 40 жастағы Португалиялық маман клуб тізгінін ұстаған 14 айдан кейін ресми түрде қызметінен кетті.
Бұл шешімнің қабылдануына клуб басшылығы мен бапкер арасындағы қарым-қатынастың нашарлауы себеп болған. Ресми ақпаратқа сәйкес, тараптар ортақ тіл табыса алмағандықтан, клуб басшылығы бапкерді дереу қызметінен босатуды ұйғарды.
Аморим кеткеннен кейін команданы уақытша Даррен Флетчер жаттықтырады деп күтілуде. Клубтың бұрынғы ойыншысы әрі қазіргі жаттықтырушылар штабының мүшесі жаңа тұрақты бас бапкер тағайындалғанға дейін “Қызыл Сойқандарға” жетекшілік етпек.
Рубен Аморим "Олд Траффордқа" үлкен үмітпен келген болатын. Алайда, 14 айға созылған жұмыс барысында команда тұрақты нәтиже көрсете алмады.