Өзбекстанда үлкен резонанс тудырған ақпаратқа қатысты күтпеген жаңалық шықты. Голландияның атақты “Аяксы” Наманганда футбол академиясын ашу немесе “Навбахордың” академиясын басқаруға алу туралы ресми мәліметті растаған жоқ.
Соңғы күндері әлеуметтік желі мен ақпарат құралдарында “Навбахордың” академиясы “Аякстың” қарамағына өтеді, тіпті Наманганға Голландиялық бапкерлер келеді деген хабар тарап кеткен болатын. Бұл ақпаратты тексеру үшін журналист “Аякстың” ресми пресс-қызметіне хабарласып, үш нақты сұрақ қойған:
Клуб расымен “Навбахормен” ресми әріптестік орнатуды жоспарлап отыр ма?
Егер жоспар болса, Наманганға жаттықтырушылар бара ма және олардың міндеті қандай болмақ? Аякс» бұл серіктестіктен қандай пайда күтеді?
Бірнеше күннен кейін клубтан мынадай жауап келген:
“Сұрағыңызға рахмет. Біз тек ресми түрде жарияланған серіктестіктер туралы ғана түсініктеме бере аламыз. Бұл жағдайда ешқандай ресми мәлімдеме жасалмағандықтан, біз жауап бере алмаймыз.”
Яғни “Аякстың” жауабы – толыққанды түсініктемеден бас тарту. Демек, екі нұсқа ғана бар: не келіссөздер жүріп жатыр, бірақ әзірге жария етілмеді, не мүлде ешқандай келісім жоқ.
Бұл жаңалықтың ерекше резонанс тудырған себебі – бұған дейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Наманган облысына сапары кезінде:
“Жақын күндері “Навбахор” академиясы Голландиялық мамандардың басқаруына өтеді, ал Наманганға “Аякстан” 11 маман – скауттар, әдіскерлер және жаттықтырушылар келеді.” – деп мәлімдеген еді.
“Аякс” шынымен академия ашуға келіссе, бұл Орта Азия футболы үшін тарихи оқиға болмақ. Ал егер бұл жай ғана қауесет болса, президент айтқан мәлімдеме үлкен дауға айналуы мүмкін.