Абат Айымбетов осы бетінен таймаса Солтүстік Македония мен Уэльске қиын болайын деп тұр.
Бельгияның да шекесі қызып тұрған жоқ, егер «Адана Демирспордың» шабуылшысы көктемге дейін осы шабысынан жаңылмаса.
Түрік Суперлигасын жақсы көріп кеттік. Қатты. Шын. Мына жақта Бахтиер «Бешикташтың» құрамында жиі бой көрсетіп бастады. Анда Абат Айымбетов топырлатпаса да, қатарынан мергендік танытып жүр. Зайнутдиновтың болмысы бөлек, жоғары деңгейлі ойыншы екенін бәріміз де білеміз және ерте ме кеш пе өзінікін дәлелдейтіні анық еді. Абат та жаман шабуылшы емес, алайда, отандасымыз намысын қорғайтын аданалық клубтың өзінің хәлі мүшкіл болуда. Ондай ұжымда Айымбетовтің нәтиже көрсетуі қиын еді. Бірақ, Данияның қақпасына бекер гол салмағанын қайта дәлелдеймін деп шешкенге ұқсайды. Отандасымыз осымен үшінші рет қатарынан гол салып, қанжығасын майлап отыр: екі тур қатарынан «Гезтепе» мен «Бешикташ» қақпасының осал тұсын тапса, кеше «Хатайспорға» қарсы матчта өз есімін таблода жағыпты. Ұзағынан сүйіндірсін, сүйіндірсе екен деп тіледік.
Абат алда құрамаға аса қажет. Көктемде ӘЧ-2026-ның іріктеуі басталады. Қазақстан наурызда шымылдық түрер матчта Уэльспен шеберлік байқасады. Жалпы, көктем мен жаздың басын қамтитын алғашқы үш турда басты бәсекелестерімізбен таласамыз: 22-наурыз – Уэльс, 25-наурыз – Лихтенштейн, 9-маусымда Солтүстік Македония. Тура Түркия біріншілігінің қызып тұрған шағымен тұспа-тұс келіп тұрғанын қараңызшы. Шабуыл өтіндегі Абаттың дәл осы кезде бабында болғаны маңызды-ақ. Өткен Ұлттар Лигасында бір гол сала алмай, қор болғанымызды ескерсек, жалпы, құраманың алдыңғы шебінде өнер көрсететін жігіттердің тілеуін тілеген абзал болады.
Біздің серіктес: FONBET