Әке жолын қудың ба?

04.06.2016, 02:22
Әке жолын қудың ба?
Әрбір көркем фильмнің бастауындағы ескертпе жазбалардай бір ауыз сөз. Бұл мақалада кездесетін оқиғалар мен айтылған әңгімелер желісі ешбір тіркелген факты емес. Автордың өз ойынан ұшқындаған қиял жемісі деп біліңіздер.     Қазақстан футболы жанкүйерлер көңілінде әлі де болса сорлы кейіпте. Рас Ұлттық құраманың ойыны әлі де болса көп дамуды қажет етеді. Сонау 2000- жылдардың басындағы қалыптан аса қатты көп прогресс жасағанымыз шамалы. Мұның сырын біреулер балалар футболынан іздесе, біреулер футбол айналасындағы көп ақшаның кесірі дейді. Ал жалпылама мұның барлығы жемқорлық деген жалпы атаумен жабыла кете бермек. Футбол бұл саяси ойынға айналғалы қашан. Қызығушылық қақтығыстары мен қыруар қаржының кесірі қазақ футболын айналып өте қоймады. Бұл жағдайды өмірдің, жалпы қоғамдық үрдістің бірі ретінде заңды жалғас іспеттес қарастырамыз. Сол айтылып өткен 2000-жылдардың басында ел футболы кімге керек еді? Сол шақта футболды Қазақстанда футболмен айналысқан, бұрын аяқдопшы немесе бапкер болған, тіпті жай жанкүйерлік интузиазммен жүргендер басқарды. Алайда, шуақты күндердің бірінде ел футболын өз қолына Рахат Әлиев алды. Оған серік болып Тілек Ақпаев келді. Дәлірек айтқанда ол кісі оған дейін де осы айналаны маңайлаған. БірденАзиядан шығып Еуропаға ауысу деген Ұлы идея пайда болды. Сары құрлықтың батпағынан босап, кәрі құрлықтың жасыл алаңдарына ойысқымыз келді. Идея авторы Рахат Мұхтарұлы кәртәміс құрлықтың футболы әлдеқайда дамыған, әрі дамуға тамаша сара жол салғанын анық аңғарды. Кейбір деректерде бұл идеяға іштен сенбегендер қатары көп болған деседі. Барып тұрған абсурд, яки утопия деп қарастырылды. Алайда, Рахат Әлиев өзінің сенімді көмекшісі екеуі жарты Еуропаны жаяу аралап жүріп тығырықтан жол тапты. Германиядан географ ғалым табылып, Қазақстанның 15 пайызын Еуропаға тиесілі етті. Көптеген футбол федерациялары қолдау білдіріп, «Қазақстан да жанұямыздың бір мүшесі болсын деп» шықты. Мұның барлығын сол заманда футболдың басы-қасында жүргендер былай түсіндіреді. Атын айтып, түсін түстеуден аулақпыз. «Осы жоба үшін Р.Әлиев өзінің жеке қаржысын сарп етіп, көптеген кісілерге пәре берген. Мысалға, Леннарт Юхансонға алтын сағат сыйлады. Футбол қауымдастықтарының басшыларының аузын майлады» делінеді. Кім біледі, мүмкін рас, мүмкін жалған. Бірақ, 2002-жылы 25-сәуір күні Қазақстан футбол қауымдастығы Еуропа футбол үйі УЕФА-ға мүше болып тіркеле кетті. Міне, бұл ел футболындағы тың серпіліс еді. Қазақстанға Криштиану Роналду, Бэкхэм, Джеррард, Лэмпард, Клозе секілді аты аңызға айналған әлемдік жұлдыздар келе бастады. Бұл Қазақстанда футболға деген көңілді едәуір көтеріп тастады. Азияда жүрген кезімізде Қазақстанда футбол үйірмесіне қатысатын балалар мен осы күнгі санды салыстыру мүлде қисынға келмей тұр. Бұл жерде логикалық заңды сауал туындайды. Қазақстан футболын Еуропаға кіргізу Әлиевке не үшін керек болды деген. Расымен де өз қаржысын шығындайтындай не басына зор күн туды десеңізші. Идея, жалпы жоба керемет болғандықтан Рахат Мұхтарұлы футболды көтеру арқылы өзінің саяси репутациясын жақсартты. Қазақстанда футбол жанкүйерлері бірауыздан Рахаттың рахатын көрді. Ол осы күнге дейін ел аузында осы ісімен де жағымды кейіпте екенін жоққа шығара алмаймыз. Ал өз қалтасынан кеткен қаржыны ол УЕФАдан бөлінген қаржыдан қайтарып алған деседі кейбіреулер. Бұл жерде де түсін түстеп, мынау факт деп тіркеп ештеңе айта алмаймыз. Қисынсыз қисса десеңіздер, патша көңілдеріңіз біледі. Ал одан кейінгі әңгімелер барлықтарыңызға аян. Рахат кетті, ел футболы өзгелерге бұйырды. Жалпылама тарқатсақ, ұтқандар мен ұтылғандарды санамаламай-ақ ел футболының кәрі құрлыққа өтуінің өзі зор пайда болғанын тілге тиек етейік. Осы да жетер. Енді міне, өткен жылдан бері ақпарат кеңістігіне там-тұмдапАйсұлтан Назарбаев шыға бастады. Қазақстан футболын одан әрі дамытудың түрлі жолдарын көрсетуде. Егер шын мәнінде таңдау халықта болса, онда осы күнгі басшылардың орнына жанкүйер қауым Айсұлтанды таңдауы ықтимал. Өйткені, өзі футбол ойнаған, футболды Еуропалық көзқараспен көре білетін жас менеджер ретінде қарастырылады. Әрине, бізге бір басшының кетіп, бір басшының келуінен келіп-кетер дәнеңе жоқ. Тек осындай қоғамдық дискусс, пікр-таластардан Қазақ футболы ұтатынын айтқымыз келеді. Жоғарыда айтып өткен жағдайлардан кейін әке жолын қуған Айсұлтанның ел футболына пайдасы тиері анық. Әйтпесе, «аққу, шортан һәм шаян» болып кеткен жайымыз бар. Әрқайсысы көрпені өзіне тартып жүр. «Астана» мен «Қайратың» бір төбе. «Ақтөбе» мен Ұлттық құраманың жайы бір басқа.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Алдыңғы жаңалық
Төртінші тур төңірегінде
Келесі жаңалық
Қайта жалғаспақ...
Серіктес жаңалықтары
×