2026 жылғы Қазақстан Премьер лигасының 1-туры аясында "Ақтөбе" "Тобылды" 4:1 есебімен сенімді түрде жеңді, деп хабарлайды Aladop.kz.
Кездесу "Ақтөбенің” басымдығымен өтіп, команда жаңа маусымға бірден жарқын мәлімдеме жасады. Голдарды Даниэль Соса, Айдин Зелькович, Тимур Досмағамбетов және Иван Ордец соқты, ал қостанайлықтар сапынан жалғыз допты Жаслан Жұмашев енгізді.
Ойынның есебі 24-минутта ашылды: Артур Шушеначевтің пасынан кейін Даниэль Соса мергендік танытып, "Ақтөбені" алға шығарды. Осыдан кейін "Тобылда" есепті теңестіруге мүмкіндік болды, алайда 31-минутта Л. Герра пенальтиді мүлт жіберді. Бұған қоса, 38-минутта Максим Мякиш қызыл қағаз алып, қонақтар он ойыншымен қалды. Бұл эпизодтар матч тағдырына тікелей әсер етті.
Үзілістен кейін алаң иелері қысымды одан әрі күшейтті. 46-минутта Айдин Зелькович Сосаның пасынан кейін есепті 2:0-ге жеткізсе, 68-минутта Тимур Досмағамбетов үшінші голды соғып, "Ақтөбенің" басымдығын айқын көрсетті. "Тобыл” 72-минутта А. Зуевтің пасынан кейін Жаслан Жұмашев арқылы бір доп қайтарды, бірақ арада екі минут өткенде Иван Ордец Луиш Нанидің нәтижелі пасын голға айналдырып, матчтың нүктесін қойды — 4:1.
Бұл матчта Луиш Нанидің дебюттік әсері де байқалды: ол екінші таймда алаңға шығып, көп ұзамай Ордецтің голына ассист жасады.
Осылайша, "Ақтөбе" ҚПЛ-дің жаңа маусымын сенімді жеңіспен бастап, шабуылдағы әлеуетін көрсетті.